Сұхбат

Әкім ТАРАЗИ: АСТАНАНЫҢ ДАМУ ДИНАМИКАСЫ – ТАРИХТА БОЛМАҒАН ҚҰБЫЛЫС

Әкім ТАРАЗИ

Күдігіміз – көп, үмітіміз аз еді…

– Әкім аға, Астана күні құтты болсын!

– Рахмет, айналайын! Бар қазақтың бас қаласы өркендей берсін!

– Астана күні қарсаңында өзіңізбен сұхбаттасуымыздың бір себебі, сіз елордаға алғаш қоныс аударған қаламгерлердің бірісіз. Бас шаһарға бірінші рет аяқ басқан кезіңіз есіңізде ме?

– Иә, ол кез әлі күнге көз алдымда. Бұл – Елбасының Жарлығымен Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстанның астанасы мәртебесін иеленген 1997 жылдың 10 желтоқсаны болатын. Дәл осы күні Мемлекеттік рәміздердің Сарыарқа төріне көшірілу құрметіне салтанатты жиын болды. Осыған қатысуға Алматыдан бір топ зиялы қауым өкілдері келді. Жазушылардан марқұм Сайын Мұратбеков екеуіміз бармыз. Қыс кезі. Далада қар жа­уып, күн берекесіздеу болып тұрды. Ақмоланың шыңылтыр аязына шыдамаған біздер: «япырай, Президент неге асықты екен, бұл қала елдің астанасы қалай болады?» деген күмәнді оймен Алматыға қайттық. Ол кезде расымен күдігіміз көп, үмітіміз аз еді.

Келесі жылы Астананың халықаралық тұсаукесеріне қатысуға келдік. Ол енді жаз айы болатын. Біз сол кездегі «Мәскеу» қонақ үйіне түстік. Онда бір қазақ баласын көре алмай, көңіліміз құлазып-ақ қалды. Бір кезде даяшы қыздардың бірі қазақ екенін көзіміз шалды. Мәз болған біздер оған қазақша үн қатып едік, бетімізге бақырайып қарап тұрды да: «не понимаю» деді де бұрылып кетіп қалды. Сонда ғана біз Ақмола өңірін қазақыландыру үшін де оны елдің төрі қылу керектігін ұғынғандай болдық. Бес облыстың басын біріктіріп, тың өлкесінің орталығы ету көзделген Ақмолада ол кезде өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы басым еді. Осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, өзінің мүддесіне қарай икемдеп алғысы келген жат пиғылдылар да жоқ емес еді. Сондықтан мен Елбасының бұл идеясын шынымен де ерлікке, ұлттық мұратты көздеген ірі жоба ретінде бағалаймын.

Қарап тұрсаңыз, әлемде қалыптасқан тәртіп бойынша, белгілі бір қаланың астана атануы үшін ол 32 талапқа сай болуы керек екен. Ал Ақмола сол өлшемдердің бәріне сай болып шықты. Кезінде мен: «Хандарымыз ту тіккен мекені қасиетті Ұлытауды неге астана қылмасқа» деп ойлаушы едім. Бұл туралы газеттерге жаздым да. Мақаламды Елбасы оқыған-оқымағанын білмеймін, бірақ бір сөзінде ол кісі: «Астана болуға қай шаһар лайық деген сауалға көп ойландым. Ойымда – Ұлытау да болды. Бірақ онда темір жол жоқ. Сондықтан барлық талаптарға Ақмола лайық деген ой түйдім» деді. Расымен де Ұлытау өңірінде экономиканың күре тамыры – теміржол торабы жоқтығын ойламаппын. Ал, Еуразия кіндігіндегі Ақмола тоғыз жолдың торабында орналасыпты. Бұл солтүстік пен оңтүстікке, батыс пен шығысқа ықпал ету жағынан қолайлы. Оның сыртында инфрақұрылымдарды дамыту жағынан, қоршаған орта мен сейсмикалық жағдайы, еңбек ресурстары мәселесі бір елдің астанасы болуға сұранып-ақ тұр еді. Кейін Ақмоланың астана болатынына күдікпен қараған жұртшылықтың бәрі де шешімнің дұрыстығын мойындады ғой. Ал, жымысқы ниеттілердің аузына құм құйылды. Бүкіл бір елдің астанасын иемденіп алуға кімнің батылы жетсін?!

   

Талпыныс таңдай қағарлық

– Астананың даму динамикасына өзіміз ғана емес, шетелдіктер де тамсанып жатады. Көз ілеспес жылдамдықпен өркендеген шаһардың бүгінгі бет-бейнесі жөнінде не айтар едіңіз?

– Менің Астанаға көшіп келіп, толыққанды оның тұрғыны атанғаныма 11 жыл болыпты. Осы уақыттың ішінде қала адам танымас­тай өзгергенін күллі жұрт біледі. Шынымен де Астананың даму динамикасы таңдай қағарлық. Күні кеше қоңыртөбел ғана шағын шаһар асқақтаған Астанаға айналады деп кім ойлаған?! Несін жасырайық, бұрын қаланың сұрықсыздау келбетін көріп: «әй, Ақмоланы астана етуден ештеңе шықпас-ау» деп кеңесетінбіз. Сөйтсек, жаңсақ ойлаппыз. Қазақ қысқа мерзім ішінде өз Астанасын салып алды. Бұл – тарихта болмаған жағдай. Бразилия деген аты дардай ел бар. Олар астанасын «Бразилиа» деп атап, жаңадан салатын болған. Міне, елу жылдай болды, астанасын әлі салумен келеді. Қоныстанып та үлгерген жоқ. Ал, Қазақ елі Астана болып жарияланысымен оған көшіп алды. Мұндай тәуекелге баруымыздың өзі – ерлік. Бір ресейлік сәулетші «Литературная газета» басылымына: «Мен әлемнің талай елінде болдым. Бірақ Астанадай қарқынды салынып жатқан қаланы көрген жоқпын. Мәскеу, Петербургтің өзі сондай жылдамдықпен салынған емес. Мені таңқалдырған әдемі жобалардың бірі болды бұл» деп жазыпты. Осы тақылеттес пікірлерді талай кездестірдім. Демек, біздің Астанамыз жаман болмағаны.

Елордамыздың еңсесі тіктелді. Іргетасы толыққанды қаланды. Енді Астананы асықпай салуымыз керек. Оны тұрғызуға сапалы материалдар пайдаланылғаны жөн. Үйлерді, ғимараттарды тастан қалап, кірпіштен салу қажет. Мысалы, армяндар Ереванын тек тастан қалады. Көрсең, көз тояды. Бұл – бүгін бар да, ертең қирап қалатын материал емес. Біз де Астананы мәңгілік салуға, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа бір жері бүлінбей жететіндей сапалы әрі берік етіп салуға тырысуымыз керек. Қазаққа Астана мәңгілікке қажет. Осы мақсатты алға қойсақ, келешек алдындағы парызымызды өтегеніміз.

– Астанаға көшіп келгендердің көпшілігі Алматыны аңсап, қимай жатады. Осы жағынан сіздің көңіл-күйіңіз қандай?

– Мен де – кезінде Алматымен қимай қоштасқандардың бірімін. Бірақ қазір қайда барсам да, Астанаға қайтуға асығып тұрамын. Елордаға әбден бауыр басып кеттік. Ешкім ренжімесін, бірақ қазіргі Алматының кескін-келбетіне көңілім толмайды. Менің кезімдегідей сұлу Алматы жоқ қазір. Қыл аяғы, түзу көшелерінің өзі қисайып кеткен. Барған сайын көңілім құлазып қайтады. Ал Астана – маған ыстық. Осында ұлым Алпамыс мектеп табалдырығын алғаш аттап еді, қазір білім ошағын бітіріп отыр. Қызым Аруза 8-сыныпқа көшті. Уақыт деген қалай ғана зымырады десеңізші. Күні кеше алматылық сияқты едік, енді міне, аяқ астынан астаналық болып кеттік.

     

Адамдығы мен азаматтығы биік тұлға

– Әкім аға, 6 шілде – Астана күні ғана емес, Президентіміздің де туған күні. Елбасының алдын талай көріп, әңгімелесіп, ой-пікір алмасып жүрген зиялы қауым өкілі ретінде сол кісі туралы айтып берсеңіз?

– Талай рет тар заманға тап келіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың бір арманы азаттық еді. Сан мыңдаған ғасырлар бойы армандаған сол арманы жүзеге асып, еліміз тәуелсіздігін алды. Бірақ өз алдына шаңырақ көтерген сол кез қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келгенін ел жақсы біледі. Әсіресе, неше түрлі ұлттың мекені болған Қазақстанға аузы дуалы, қолында қамшысы бар көшбасшы керек болды. Елбасы сол талапқа лайық тұлға бола білді. Ал енді мінез-құлқына келсем, Президентіміз – адам ретінде ақкөңіл жан. Баламен – балаша, үлкендермен үлкендерше сөйлесе білетін, қандай ортамен де тіл табыса білетін адам. Шешендігі өз алдына, тарихты терең меңгергендігі мені таңқалдырады. Елдікті танытатын, тарихи тұлғаларды насихаттайтын жобаларға үнемі ықпал етіп отырады. Мұстафа Шоқай туралы фильмнің дүниеге келуіне де Елбасы себепкер болды. Бірде салтанатты жиындардың бірінде Президент маған: «Қазір не жазып жүрсің? Мүмкін, Абылай ханның образын сомдайтын жақсы дүние жазарсың?!» деді. Мен бұл тақырыпты қаузап жүрген жазушылар жетерлік екендігін алға тарттым. «Ендеше, Мұстафа Шоқай туралы қомақты дүние жаз. Мүмкін, фильм түсірерсің» деді. Қасымда режиссер Сатыбалды Нарымбетов тұрған. Ол мұны естіп, қуанып кетті. Осылайша, Мұстафа Шоқай туралы екі сериялы көркем фильм дүниеге келді.

– Жөн екен. Жалпы Елбасымен таныстығыңыз қашан, қайда бас­талып еді?

– Президентпен таныстығымыз ол кісінің Теміртауда жүрген кезінен басталған. Ол кезде мен Жазушылар одағының «ұлтаралық достық» деген бөлімінің хатшысы қызметін атқаратынмын. Бірде бізге Грузия­дан бір топ ақын-жазушы келіп, оларға тіршілік қазаны қайнап жатқан Теміртауды көрсету маған бұйырды. Теміртауға түсе қалғанда, бізді жап-жас бір жігіт қарсы алды. Өзін Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы деп таныстырған жігіт жанымызда екі күн бойы еріп жүрді. Көргенді, ширақ екені көрініп тұрды. Екеуміз тез тіл табысып кеттік. Тіпті жерлес, туысқандығымыз да бар болып шықты. Содан бері кездескен жерде амандасып, ел, жер, ұлт мәселесі туралы емен-жарқын отырып әңгімелесуді әдетке айналдырдық. Ол кісі менімен әңгімені ылғи қалжыңмен бастайды. Бірде Елбасымыз өзім қазір жұмыс істеп жүрген Өнер университетінің ашылу салтанатына келді. Оның соңында концерт болды. Бағдарлама аяқталғанда тұра берген мені көріп, жаныма келді де: «Осы, Әкім, сен «Астанада рухани орта жоқ, ғимарат жоқ» деп мені жиі сынайсың. Міне, әдемі ғимарат салып бердім. Енді ризасың ба?» деді әзіл-қалжың араластыра. «Иә, ризамын» деп қоямын мен де. Кейбір мәселелерді әдемі әзілімен-ақ жеткізетін, сөздің нарқы мен салмағын білетін Елбасының қарапайымдылығы да – өз алдына бөлек әңгіме.

          

Елордаға Жазушылар үйі керек

– Аға, өзіңіз елімізге белгілі қаламгер болғаннан кейін әдебиетті айналып өткеніміз жараспас. Жоғарыда Астананың даму қарқынына риза екеніңізді айттыңыз. Ал елорданың рухани деңгейіне, әдеби ортасына көңіліңіз тола ма?

– Шынымды айтсам, Астананың даму қарқынына көңілім толса да, әдеби ортасына көңілім тола қойған жоқ. Қалада әлі күнге дейін Жазушылар одағының ғимараты жоқтығы мені қынжылтады. Қаламгерлер әлі де далада жүр. Қазір Астанадағы жазушылардың саны 150-ден асты. Баратын, жазатын жеріміз жоқ. Бас қосып, пікірлесіп тұратын тұрақты мекенеміз болмағаннан кейін кімнің қайда, не істеп жүргенінен де хабарсызбыз. Пікірлесудің өзі біраз шындықтың бетін ашып, әдебиетке тың дүние әкелуге жол салатыны белгілі. Бұрын Алматыдағы Жазушылар үйінде қызыл кеңірдек болып айтысатынбыз. Тіпті, төбелесуге дейін баратын едік. Ал түстен кейін түк болмағандай құшақтасып, ресторандарға жол тартатынбыз (күлді). Мұның өзі жазушыларды бір-біріне жақындастырып, бауыр етуші еді. Жаймашуақ сол кездерді әлі күнге дейін сағынышпен еске аламын. Қазір Астанада анда-санда Ұлттық кітапханада бір кездесіп тұратынымыз болмаса, басқа барар жеріміз жоқтың қасы.

– Кезінде Астана театрындағы драматургияның жұтаңдығын да ауызға алып едіңіз...

– Иә, қазір Астана театрында ол жағынан жағдайы тәуір. Көрермендері де қалыптасты. Бірақ елорданың жалғыз қазақ академиялық театры тар ғимаратты паналап отырғанына жаным ашиды. Оларға өз алдына жеке зәулім ғимарат керек-ау.

         

Жазушы мен журналистің арасы жер мен көктей

– Сіз бір сөзіңізде «көркем әдебиеттің қас жауы – журнализм» деп едіңіз...

– Біз журналист пен жазушының ара жігін ажырата алмай жүрген тәріздіміз. Қолына қалам ұстағанның бәрі жазушы емес. Кейбіреулер бес беттік мақаламды бес жүз бетке жеткізсем, роман болып шығады деп ойлайды. Шындығында, көркем әдебиетті жоспарлауға болмайды. Көркем шығарма ойламаған жерден туады. Адамда құдайдың өзі берген таланты, жүрегінде жарық еткен оты болады. Әдебиетті жасайтын – осылар. Журналистің жазған материалдарының бәрі көркем шығармаға ұласа бермейді. Газетшілер бүгінгі уақытқа қызмет етеді. Ал жазушылар келешекке қызмет етуі тиіс. Басты айырмашылық осында.

Біз оқуға 40 жазушы болып, қатар келдік. Оқуды бітіре салысымен көпшілігі газет-журналдарға орналасып, журналист болды. Кейін бәрі жазушылықпен шұғылданып кетті. Олардың көбі әдебиетке журналистік тілді алып келді. Бұл – дұрыс емес. Жоғарыда айтқанымдай, журналист жазушы бола алмайды. Ал, біз, жазушылар, журналист бола алмаймыз. Мысалы, мен сіздер сияқты бүгін біреуден сұхбат алып, ертең қолма-қол жазып шығара алмас едім. Себебі, журналистің тілі де, мақаланың жаны да бөлек. Ал әдебиет мүлдем басқа. Ол көркем тілді, келешекке мұра болып қалатындай құнды шығарма болуы шарт.

– Жалпы өзіңіз бір шығарманы жазуға қанша уақыт арнайсыз?

– Мен негізі тез жазатындардың қатарынанмын. Мысалы, романды бір жылдың ішінде жазамын. Ұзақ ойланып жүремін де, әбден иі қанды-ау деген кезде жазуға отырамын. Ал, сценарий сияқты туындыларға екі аптадай уақыт болса, жеткілікті.

– Қазір не жазып жүрсіз? Астана туралы көркем шығарма жазу ойыңызда бар ма?

– Ондай ойым бар. Бірақ қазір екі туындымды орыс тіліне аударумен айналысып жатырмын. Бұйыртса, қыркүйек айында аяқтаймын деп жобалап отырмын.

– Қаламыңызға қуат тілейміз!

Әңгімелескен
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button