Жаңалықтар

«АЛАШ ЖОЛЫ» АЛАҢЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

алаш

Астанадағы №68 орта мектебінде «Алаш жолы – Тәуелсіз Қазақстан» атты мектеп педагогикалық ұжымының, оқушылар мен ата-аналардың ғалымдармен кездесуі болып өтті.

Алдымен мектеп директоры Шәріпхан Жакенбай, биылғы оқу жылының басында Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен «Алаш жолы» тәжірибелік алаңы ашылғанын айтты. Жаһандану заманында жастарымыз ақпарат ағынында адаспайтын дұрыс бағыт-бағдар алып, әртүрлі теріс ағымдар, лаңкестік пен діни экстремизмнің ықпалына түсіп кетпес үшін осы жерде патриоттық, отансүйгіштік тәрбие берілмеді. Осыған орай, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен халыққа қызметін, білімге, ғылымға деген, ұлтымызды азаттыққа, егемендікке жеткізу жолындағы жанқиярлық еңбегін жастарымыздың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған шараға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары, филология ғылымдарының докторлары Дихан Қамзабекұлы мен Амантай Шәріп, география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаев және «Тұран» университетінің профессоры Мұхамедкәрім Құрсабаев қатысты. Қонақтар әрбір жас азамат алдында келешектің басты өмірлік құндылығы – Отанымыздың тағдырына ерекше жауапкершілікпен қарап, оның мүддесін қорғауға әзір болып, халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеп, алға апару міндетінің тұрғанын тілге тиек етті. Әрбір Алаш қайраткерінің өмір жолы, Отанға, халыққа қызмет етудің үлгісі, «Алаш» қозғалысы идеяларының әлі де, өзекті екендігі туралы құнды ойлар айтып, жастарды ұрпақ сабақтастығына үндеді.

Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Сенғазиев шараны қорытындылай келе, бүгінгі Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде, жастарды оқыту мен тәрбиелеуге Алаш жолын таңдаған мектеп ұжымына сәттілік тілеп, ұтымды ұсыныстар айтты. Жиын соңында Алаш қайраткерлері туралы өлеңдер оқылып, патриоттық әндер шырқалды.

С.ШАБКЕНОВА,

Астана қаласындағы №68орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button