Жаңалықтар

АЛКОГОЛЬ АЙНАЛЫМЫ АУЫЗДЫҚТАЛАДЫ

Бұрнағы күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев, осы министрліктің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Ғосман Әмрин, мемлекеттік Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында көлеңкелі экономикамен күресті күшейту және алкогольді өнімдердің айналымын бақылауды жеделдету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын баяндады.

 

Әнуар Жұмаділдаевтың айтуынша, алкоголь өнімдерінің айналымын мемлекет тарапынан реттеу нәтижесінде этил спирті мен сырадан басқа алкоголь өнімдерін өндірушілердің саны 2008 жылдан бері 95 зауыттан 66 зауытқа қысқарған. Алайда, өндіріс көлемі соңғы 5 жыл ішінде 47 млн галлоннан 58 млн галлонға дейін ұлғайып кетіпті. Соған сәйкес акциз түсімдері де 10 млрд теңгеден 24 млрд теңгеге дейін өскен.
Астана қаласының Салық департаменті бұл күнде «Халықтық бақылау» жобасын іске асыруда. Департамент сайты арқылы жүзеге асырылып жатқан бұл жоба жұмысының қарапайым принципі: сайтта алкоголь өнімдерінің саудасымен айналысуға лицензия алған нысандар көрсетілген. Егерде, белгілі бір нысан алкогольді сатса, алайда ол туралы ақпарат сайтта жоқ болса, онда ол заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жатыр деген сөз. Яғни, лицензия алмаған болып шығады. «Аталған тәжірибені енгізу еліміздегі барлық салық органдарына ұсынылды» дейді Әнуар Серқұлұлы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан алкогольді пайдаланудан әлемде 34-орында тұр. Бас салықшы мұны арақ-шарап бағасының арзандығы мен оны сатып алуда еш кедергілердің болмауымен түсіндіреді. Осыған байланысты, ақпан айында Үкімет Салық комитетіне алкогольге байланысты заңнаманы қатаңдатуға тапсырма берген. Соған сәйкес Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Парламент қарауына алкоголь өнімдеріне акциз ставкаларын арттыруды көздейтін заң жобасын берді. Заң жобасында 2014 жылы алкогольдің акциз ставкаларын литріне 1000 теңгеге, 2015 жылы 1200 теңгеге және 2016 жылы 1600 теңгеге көтеру көзделген. Осылайша, 2016 жылы ол 3,1 есе өседі.
Заңда, сонымен қатар, спирт ішімдіктерін сату орындары мен уақытын шектеу, алкоголь өнімдерін өндіру және сату шарттарын күшейту, этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуі және айналымындағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату ұсынылған. Атап айтсақ, сауда орындарында кешкі 21.00-ден күндізгі 12.00-ге дейін арақ-шарап сатуға тыйым салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, жанар-жағар май құю бекеттерінде, денсаулық сақтау, білім беру, сауықтыру, спорт нысандары аумағында да арақ-шарап сату тыйылмақ.
Кеден ісі саласында жасалатын қылмыстардың 70 пайызы экономикалық контрабандаға тиесілі. Елімізге көбінесе Қытай мен Қырғыз Республикасынан заңсыз жолмен тауар әкелініп жүр. Онымен күрес шаралары жөнінде Ғосман Әмрин әңгімеледі.
Нұрқан Сәдуақасов алкоголь өнімдерін өндіруші мен нарыққа шығарушыларды санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау шараларына тоқталды. Көбінесе бұл орган зертханалық жұмыстар жүргізіп, алкогольдің сапасын анықтайды. Орташа есеппен алғанда, жыл сайын үш мыңдай алкоголь өнімі тексеріледі екен. Олардың 10-12 пайызы стандартқа сай емес, яғни сапасы күмәнді болып танылады. Басты мақсат: алкоголь өнімдерін пайдалануды шектеу болса, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына тиісті талаптар енгізілген.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button