Руханият

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: Өнер мен әдебиетті тобыр емес, тұлғалар жасайды

«Елу – ердің жасы» дейді халқымыз. Шындығында, бір ғұмырдың орта жасына келген әрбір саналы азаматты «мен осы жасқа дейін не бітірдім, не істедім, халқымның бір кәдесіне жарай алдым ба?» деген ойлар мазалары хақ. Бұ жағынан келгенде, қазіргі қазақ әдебиетіндегі сын жанрының жалауын жоғары ұстап жүрген зерделі сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлының жүзі жарқын.
Талантты сыншының қаламынан қазақтың қабырғалы қалам­герлерінің шығармашылығы жайында өзгеше өрнек, жаңаша леп, тосын оймен өрілген «Ақ жауын», «Қарлығаш-дәурен», «Жүрек сөзі», «Қазақты сүю», «Рух жыры» секілді ұлт руханиятының сүбелі қа­зынасына айналған кітаптар туды. Осындай іргелі еңбекпен елу­дің белесіне көтеріліп отырған сыншымен әдебиет әлемі туралы әң­гі­мелескен едік.

– Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиеттегі сын жанры – асқан білімдарлық пен жауапкершілікті талап ететін жанр. Осындай жанрдың айбынды жауынгері болу оңай емес. Сыншылық жолға қалай келдіңіз?
– Иә, сын – өте күрделі жанр. Бірақ адам баласы өмірде бір маман иесі болам дегенде оған тағдырдың өзі жетектеп алып келеді. Ауылда әжемнің бауырында өстім. Мектепке бармай хат таныдым. Бірде әжем маған кітап дүкенінен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты жинағын сатып әперді. Осы кітап менің дүниетанымыма өзгерістер енгізді. Сөйтіп жүріп Бердібекке еліктеп әңгіме жаздым.
Алматыға он жасымда келгеннен ке­йін жазушы болуға құштарлығым қатты оянды. Әжемнен естіген соғыс кезіндегі қашқындар оқиғасы туралы повесть жаз­­дым. Оны әкем оқып, риза болды. «Қа­зақстан пионері» газетіне екі-үш әңгімем жарияланды. Тағы бірде орысша повесть жаздым. Осы дүниені әкем оқып: «Балам, көркем дүниені өз ана тіліңде жазып, жұртты таңғалдырып, туған әдебиетті көркейте аласың. Басқа тілде жазып, ұш­паққа ешкім шықпайды» деп айтты. Әрине, бұған мен ептеп қоңылтақсыдым. Бірақ есейе келе әкемнің сөзінің ақиқат екендігіне көзім жетті.
1989 жылы әскерде жүргенде, әкем дүниеден озды. 1990 жылы әскерден оралдым. Осы жылы «Жұлдыз» журналында істейтін, сол кездегі жас жазушы Асқар Алтай: «Маған Мейірхан Ақдәулетұлының поэзиясы туралы» жазуға тапсырма берді. Содан ақын творчествосы жайында «Өлең өлшемі» деген мақала апарып бердім. Оны журналдың бас редакторы Мұхтар Мағауин ұнатып, «осындай жігіттерді журналға көбірек тартып, тәрбиелеуіміз қажет» депті.
Сол уақытта қоғамда түрлі өзгерістер басталды. Демократияның лебі соғып, халық еркін сөйлеп, батыл ойлар айта бас­тады. Осы жағдайлар маған әсер етіп, полемикаға араласып, біраз дүние жаздым. «Өркен» журналында «Конфронтация» деген мақалам басылды. Дәл сол кезде бұрын оқымаған Гроссманның «Всё течёт» деген романы, Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» шыға бастады. Бізде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Маған Жұмабаев және Жүсіпбек Аймауытовтардың еңбектері жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» газетіне «Тоқыраудың тоңын жібітсек» деген мақала апарып бердім. Оны Төлен мен Оралхан ағаларым ұнатып, газетке бірден басты. Осылай шығармашылық ізденіс басталды. Сол уақытта Тұрсынжан Шапайдың «Алыс пен жақын арасы» деген соғыстан соң туған буынды қатты сынға алып, «бұлардың арасында әдебиетке биік боларлық дара тұлғалар жоқ» деген ащы пікір айтты. Өзімнің бұл пікірге келіспейтінімді дә­лелдегім келді. Содан әкемнің ғана емес, соғыстан соң туған ұрпақтың творчествосы туралы циклдық мақалалар жаздым. Осыдан бастап тағдырымның сыншылықпен байланысты екендігін түсіндім.
– Әрине, әдебиетті уақытқа бөліп қа­рауға болмайды. Дегенмен арғыға бар­май, тәуелсіздік алғаннан кейінгі азат елдің руханиятына айналған әде­биетімізде жазылған шығармалар оқыр­ман сұранысын қанағаттандыра алды деп ойлайсыз ба?
– Азаттық алғаннан кейін әдебиетте бейберекетсіздік орын алды. Шын ма­ғынасында, дәріптеуге тұрарлық ақын-жазушылар тасада қалып, керісінше, ортақол қаламгерлердің мақтауын тым асырып жібердік. Бұрын кез келген шығармаға рецензия жазылатын. Осы үрдіс үзіліп қалып, «шөп те өлең, шөңге де өлең» деген ақшасы барлардың бәрі кітап шығарды. Бұл әдебиетке қатты кесірін тигізді. Алайда тәуелсіздік алғаннан кейінгі жазылған шығармалар арасында классикалық дүниелер де, ортақол дүниелер де бар. Бірақ бәрінен түкке тұрмайтын туындылар көп секілді. Бұларды екшеу керек. Жалпы, әдебиеттің классификациясын жасау қажет. Біздің әдебиетіміздегі шын мәнін­д­егі ірі суреткерлеріміз кім, соны анықтап алған жөн. Баяғы кеңес заманында зорлап танылған штамптардан арылу керек.
Өкінішке қарай, бізде әдебиеттің философиясы жазылмады. Бұрынғы кеңес қоғамында жарық көрген шығармалар сұрыпталған жоқ. Мұны әдебиет сыншылары ғана емес, қоғам болып талқылауы керек. Қазір Ресей өткен кезеңдегі әдебиетті сараптан өткізіп, үздік деген туындыларды киноға айналдырды.
– Әдебиетті сараптан өткізу керек деп айтамыз. Енді оны кім екшейді?
– Мұны бір адам жасай алмайды. Оны атқаратын тұтас зерттеу институты ашылу керек. Мысалы, мен қал-қадірімше жүйелі жұмыс істеуді ойлаймын. Бірақ оған мүмкіндік жоқ. Жарық көрген кітабыңыздың қаламақысы да мардымсыз. Сіздің еңбектеніп жазған дүниеңізге газет-журнал көк тиын төлемейді. Телевидение мен радиоға тегін сұхбат бересіз. Қысқасы, тоқсаныншы жылдардан бері қаламгерлердің беделі жоғалды. Бір-екі жағымпаз жазармандардың кесірінен ақын-жазушылар жайында негативті көз­қарас қалыптасты. Осы стереотипті бұзу ке­рек. Біз қазір әншілер мен спортшыларға құ­дайдай табынамыз. Бірақ өнер мен әде­биетті тобыр емес тұлғалар жасайды.
Мәселен, кітап дүкендеріне барғанда белорус жазушысы Василий Быковтың, Шыңғыс Айтматовтың кітаптары сатылып жатады. Яғни олардың бағасы арзан емес. Ресейде кітап өнімге айналған. Қазақстанда кітап өнімге емес, шығынға айналып отыр. Әйтеуір, өкімет өз саясатын жүргізу үшін қаламгерлердің жинақтарын шығарып, азын-аулақ қаламақы қояды. Бұлай болмау керек. Баспа жұмысын реттеген дұрыс. Бас­палар 6-7 талантты авторды тауып алып, сонымен жұмыс істеп, жыл сайын соған қаламақы төлесе, оқырманның кітапқа сұранысы артады. Бір Бальзак қанша баспагерді байытқан. Қысқасы, әдебиет коммерциялануы қажет.
– Қазір көркем әдебиетке көзқарас өз­герді. Түрлі әдеби ағымдар қанат жая бас­тады. Тіпті кейбіреулер әдебиеттің бас­ты критерийі көркем тіл емес, оқиға, сюжет деген пікірлер айтып жатады. Бұған не ай­тасыз?
– Менің ойымша, әдебиетке төгіліп тұр­ған тіл де, жанды оқиға да, ситуация да қа­жет. Көркем тіл болмаса, шығарма тартымды емес. Қазақ әдебиетінде стилист жазушылар өте аз. Біз стильмен жұмыс істемейміз. Қаламгерлердің шығармалары бір жазғанымен жарық көреді. Мысалы, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы өте жақсы шықты. Сол романның қолжазбасын Зейнолла Қабдолов пен Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуі оқып шығып, «шығарманың тақырыбы күшті болғанмен, стиль мен көркемдік жағынан жетілдіре түсетін тұстары бар» деп авторға қайтарып берген. Сөйтіп, Смағұл ағамыз төрт-бес жыл қадалып отырып классикалық роман жазды. Өзім Әбдіжәміл Нұрпейісовпен біраз жұмыс істедім. Ол кісі маған Жұмекен ту­ралы жазғызды. Сол дүниемді қып-қы­зыл ­шиедей бояп, өзіме берді. Қарасам, Әбдіжәміл ақсақалдың жөндегені дұрыс.
– Жақында біздің басылымда бір ІТ маманының «Қазақ әдебиеті ескіліктің көлеңкесінде қалған» деген сұхбаты шықты. Сонда ол 1940-1991 жылға дейінгі жазылған шығармалардың 80 пайызын жоққа шығарады. Қыза-қыза келе қазіргі буынға Бейімбет Майлиннің классика­лық шы­ғармаларының бірі «Рау­шан – ком­мунисті» оқыту – кешірілмес күнә» дейді. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Мен былай ойлаймын. Барлық шығар­маны оқудың қажеті жоқ шығар. Бірақ әдебиеттің классикалық үлгілерін оқу керек. Биағаңның осы туындысын бала күнімде оқыдым. Жақында тағы бір қарап, Бейімбеттің ұлылығына басымды идім. Сонда таңғалғаным – ірі жазушылардың мықтылығы оның кітаптарын қай заманда оқысаңыз да саған басқаша қырынан әсер етеді. Биағаң Раушан коммунисті кеңестік дәуірдегідей жағымды кейіпкер етіп суреттемеген. Раушан арқылы сол замандағы әйелдің трагедиясын ашып, кеңестік қоғамды әшкерелеген. Қазақы болмыстың бұзылғандығын, еркектердің қадірі кет­кендігін, заман ауысып, әйелдердің би бо­ла бастағандығын, бүкіл танымның өз­гергендігін шеберлікпен жеткізген. Кейде шебер жазушылар қоғам шындығын аш­қанды өздері байқамайды.
Бүгінде әдебиетте ерекше көрініп қал­ғысы келетіндер көбейді. Жеңіл сенсация қуып, газеттер солардың пікірін береді. Сол арқылы біз көп дүниені былықтырып жатырмыз. Баяғыда кеңес заманындағы мерзімді баспасөзге кім көрінген пікір айтпайтын. Ел мойындаған, аузы дуалы адамның сөзі жарияланатын. Қазір далада жүрген біреу «Әуезов бізге керек емес» десе, соны жариялауға құштармыз.
Біз қазір тобырды тәрбиелеудің орнына солардың соңына ілесіп барамыз. Әлеу­меттік желіні қарап отырсаңыз, өз орны бар, салмақты поэзиясы мен прозасы бар ақын-жазушылар тобырға ілесем деп, өздерінің төмендеп бара жатқандығын байқамайды. Өзім шығармашылығын жақ­сы көретін ақын ағаларым тобырға жақсы көрінем деп не болса соны жазып, кім болса соны мақтайды. Адамда бір тұлғалық қасиет қалу керек. Даңғойқұмарлық, даңқ­құмарлық, он шақты адамға ұлы болып кө­ріну бойымызды жайлап алды. Әдебиетте мұның бәрі лай су секілді ағып кеткенмен, біраз дарынды қаламгерлерді бұзады. Осы жағы өте қауіпті.
– Танымал ақын-жазушылар туралы біраз еңбектер жаздыңыз. Бірақ әде­биетімізде есімі де көп айтылмайтын, кітаптары да көп шықпаған талантты қаламгерлер жетерлік. Солардың арасынан болашақта осы суреткер туралы жазсам-ау деп ойыңызда жұптап жүрген тұлға бар ма?
– Бізде ұмытылып бара жатқан ақын-жазушылар өте көп. Мысалы, есімдері айтылмайтын Тобық Жармағанбетов пен Ақан Нұрмановтың шығармашылығы туралы жазсам деймін. Сайын Мұратбековтің шығармашылығы қызықтырады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын тал­дағым келеді. Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары» жайында жазу ойымда бар. Қазір мықты ақындар туралы іргелі еңбектер жазылмай жатыр. Сағи Жиенбаевтың лирикасы қандай керемет! Сырағаңның да поэзиясы айтылмайды. Есімі ауызға алына бермейтін халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің «Қарға» дастаны туралы толғанып жүрмін. Мағжан Жұмабаев жа­йында бір кітап жоспарладым. Қысқасы, жа­зам деген дүнием жазғанымнан көп.
– Рақмет, аға. Ендеше ұзақ ғұмыр кешіп, осы туындыларыңызбен оқырман­да­­ры­ңыз­­ды қуанта беріңіз!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button