Жаңалықтар

АПТА САУАЛЫ

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Заң жобасын мақұлдады.
Заңға мемлекеттік рәміздерді қорлағандар үшін шараны қатаңдату, спортшылардың мемлекеттік Әнұранның әні мен мәтінін міндетті түрде білуі керектігі жайында өзгерістер енгізілді.

СІЗ ӘНҰРАН МӘТІНІН ЖАТҚА БІЛЕСІЗ БЕ?

Дәурен ЖҰМАҒАЗИЕВ,
еркін күрестен Лондон олимпиадасына қатысушы:

– Әрине, білемін. Оны білмеу мүмкін бе? Әнұран мәтінін жаттау әр спортшы үшін маңызды болуы шарт. Меніңше, Қазақстанның олимпиадалық құрамасының мүшесі бола тұра, Әнұранды білмеу деген өте ұят. Тіпті, олимпиадаға барсын, бармасын, бәрібір білуі тиіс. Кейбіреулер «Бұған дейінгі Әнұранымыздың мәтіні ауыр еді», – деп айтып жатады. Бірақ, өз басым оны да жатқа айтатынмын. Бала күнімізден мектепте жаттап өстік емес пе.
Соңғы кездері Әнұран мәтінін спортшылардың білуі керектігі үлкен мәселе боп көтеріліп жүр. Дұрыс. Өйткені, алда Лондон Олимпиадасы, спортшыларымыздың көк байрақты желбіретер күні келе жатыр. Осы тарихи күндерді абыроймен өткеруіміз керек.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ,
қоғам қайраткері, «Хабар» арнасындағы «Көзқарас» бағдарламасының жүргізушісі:

– Білемін. Баяғыдан бері құлағымызда жатталып қалған ән ғой. Әнұранды әрбір қазақстандықтың білу керектігі Ата Заңымызда жазылған. Қазір осы тақырып төңірегінде бағдарлама дайындап жатырмын. Естеріңізде болса, кезінде Парламентте Әнұранды ауыстыру туралы мәселені көтергендердің бірі мен едім. Сол кезде таңдау екі әнге түсті. Біріншісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әні болса, екіншісі Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні еді. Талдай келе екі әннің соңғысын бірауыздан қолдадық. Қай жағынан алып қарасаңыз да – Әнұран болуға лайықты ән – бұл. Сөзі жаттауға жеңіл, әуені денеңді дір еткізетіндей құдіретті.
Бұған дейінгі Әнұранымыздың мазмұны терең болды. Жаттауға ауыр тиіп жататын. Сондықтан, жаңа Әнұранды таңдау дұрыс жасалды деп ойлаймын. Әнұранды білмейтіндер жаттасын! Өйткені, жаттауға тиіс!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button