Тәуелсіздікке 30 жыл

Ақжолтай қаулы қабылданды

Сонымен, көпшілік көптен күткен тағы бір мәселе шешілді. Ол – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 Қаулы қабылдаған 18 қарашаның кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енуі.

[smartslider3 slider=1029]

Басынан бас­тайық. 1991 жылы 18 қарашада Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан ­Назарбаев аталған қаулыны қабылдатады. Бір айға жуық уақыт өткенде, 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялайды. Тағы жарты ай өткенде, 31 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ радиосының эфирінде шеттегі қандастарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтайды. Ертесі Жаңа жылдың бірінші күні Тұңғыш Президенттің бұл сөзі «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» деген атпен «Егеменді Қазақстан» газетінің бірінші бетіне басылып шығады.

Біз Нұрсұлтан Әбішұлының ақиықтай саңқылдаған бұл сөзін Қытайдың Күйтін қаласында оқып жүргенде естідік. Енді Нұрсұлтан Әбішұлының сол сөзінен үзінділер:

«Қазақ елі – ежелден еркіндікті аңсаған ел».

«Өз алдына дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы еді. Құдайға шүкір, өз билігіміз өз қолымызға тиді».

«Қазақстан Республикасы бұдан былай тәуелсіз, демократиялық мемлекеттердің қатарына жатады».

«Өз территориямызда өкімет билігін толық өз қолымызға алдық».

«Ішкі, сыртқы саясатымызды дербес жүргіземіз, әрі қарай қалай өмір сүру керек екенін ешкімнің нұсқауын күтпей-ақ өзіміз шешетін боламыз…».

Қандай ықылас-пейіл! Қандай ыстық сағыныш! Қандай ақжарма тілек!

Тәуелсіздіктің қуаны­шымен қызуымыз көтеріліп жүргенде, Елбасының Отанға шақырған қоңыр дауысын естіп, ағыл-тегіл жыладық дейсің бір. Студент кезіміз. Қазақ радиосының тосылмай, Қытайға кедергісіз жетіп тұрған шағы. Сауымыз да мас. Масымыз да мас… Бірімізді-біріміз қайта-қайта құшақтаймыз. «А, Құдай!» деп айғайлаймыз…

Будақ-будағымен айтылған Нұрсұлтан Әбішұлының осынау сөздері біздің делебемізді одан әрі қоздырып, екі иығымызға екі алып қанат байлап жібергендей болды!

– Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын! – деп бір тыныстап алған Нұрекең әрі қарай тағы ағынан жарылып, бізді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақ тілегін айтып, сөзін тәмамдады.

Сенесіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлының «Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген ақ батасы менің құлағымның түбінен әлі саңқылдап тұрғандай күйде жүремін.

Мен қандастарыма «Қазақстанға оралған қандастарымыздың жағдайы мәңгі жақсы болады! Себебі Нұрсұлтан Әбішұлы тегін адам емес, жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы орынды ұстайтын алып елдің Тұңғыш Президенті, бүкіл түркі дүниесінің абыз ақсақалы, міне, бізге «Ата-баба ­әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деп өз аузымен ақ батасын берген. Біз Елбасымыздың батасымен оралған жұртпыз, ешқашан жаман болмаймыз және жаман болуға хақымыз жоқ!» деген сөзімді жиі-жиі айтып келемін.

Сөйтіп, Елбасының алыстағы ағайынды атажұртына оралту туралы арнайы қаулы қабылдатқанын мен сол «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты тарихи сөзінен білдім. Отанға оралған соң, алғашқы он жылда, шынымды айтайын, ол қаулыны іздеген емеспін. Себебі ол кезде мен саясатқа араласпай, Тұманбай ағамның қасында жүрдім.

2011 жылдан бастап қазақ көшінің басына қара бұлт үйіріле бастады. Шыдап тұра алмадық, өз үнімізді шығара бастадық. Барған жерімізде сөзіміз дәйекті болу үшін заңдарды ақтарып, тиісті құжаттарды жинастыруды қолға алдық. Сәті түскенде, Ұлттық академиялық кітапханаға жұмысқа тұра қалмасым бар ма?

«Егеменді Қазақстан» газетінің тігіндісін ақтарып жүріп, «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілекті» тауып алдым. Ал «№711 Қаулы» еш жерде жоқ!

Жақсылықтың жолында жүрген адамның жолы болғыш келеді. Бір күні Ұлттық академиялық кітапханаға бір топ қыз-жігіт сау етіп кіріп келді. Кітап музейін таныстырып жүріп жөн сұрастым, атын ұмыттым, бір қарындасым Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының қызметкері болып шыққаны. Дереу «№711 Қаулыны» сұрасам, «Аға, ол құжат біздің мұрағатта тұр. Сіз директордың атына хат жазсаңыз, көшірмесін береміз…» деп, мекенжайын, телефон нөмірін берді. Ертесі-ақ Алматыға хат жөнелттім. Көп өткен жоқ, «№711 Қаулының» түрлі түсті көшірмесі Қазпочта арқылы 2016 жылғы тамыз айының ортасында қолыма тиді.

Міне, көктен іздегенім жерден табылды. Шеттегі қазақтың тағдырын шешкен ақжолтай қаулыны көргенде өлген әкем Мұқибек тіріліп келгендей қуандым. Кеудеме басып, құшырлана сүйдім. Әркімдерге көрсетіп, мақтандым…

Иә, 2016 жыл – көші-қон процестерін жетілдіруге арналған заң жобасы Парламентте қайта қаралып, қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заңның қалпына келіп, толықтырылып, түзетіліп, қолданысқа қайта енген кезі.

Енді «№711 Қаулыны» бетке тартып, бір шара өткізу керек. Мақсат – қайта қалпына келген заңның қуанышын атап өту, Елбасына қандастарымыздың ыстық сәлемін жеткізу. Оның да сәті түсті.

Көп шараларға мұрындық болып жүрген qamshy.kz порталының жетекшісі Біләл Қуанышқа «№711 Қаулыны» көрсетіп, бір іс-шара ұйымдастыруды өтініп едім. Ол бірден келісіп, ебін де тауып, 2016 жылдың 18 қарашасында Студенттер сарайында үлкен концерт өтті. Дәурен Абаев келіп сөз сөйледі. Біз де қатысып қайттық. Сөйтіп, ол мақсат та сәтті орындалды.

Жұмыс мұнымен тоқтағ­ан жоқ. Енді 18 қарашаны кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне ендіріп, «№711 Қаулыны» құтты орнына қондыру керек!

Алдымен «Ұлттық көші-қон күні белгіленсе…» деген мақала жаздық. Оны 2016 жылы «Егемен Қазақстан» газеті жариялады. Артынан оны abai.kz сайты көшіріп басты.

2017 жылдың 22-25 маусымында елордада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Құрылтайды ұйым­дастыру комитетінің басшысы сол кездегі бірінші вице-премьер Асқар Мамин болып тағайындалыпты. Мен сол комитетке мүше болып кірдім. Асқар Ұзақбайұлы ашқан дайындық жиналысқа қатысып, аталған құрылтайда шешілуге тиіс 5 мәселе ұсындым:

Оның біріншісі – Тұңғыш Президенттің көші-қон қорын құру;

Екіншісі – Қытайдан келетін қандастарымыздан соттылығы туралы анықтама талап етуді күшінен қалдыру;

Үшіншісі – шеттен орал­ған ұлты қазақ студенттерге берілетін оқу квотасын екі есеге көбейту;

Төртіншісі – Қытай мен Моң­ғолиядан келген қандас зейнеткерлердің еңбек өтілін есепке алу;

Бесіншісі – 18 қарашаны кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енгізу.

Белгіленген уақытта құрылтай ашылды. Елбасы өзі келіп, сөз сөйлеп, тарихи шешімдер қабылдады. Нұрсұлтан Әбішұлы аталған бес ұсыныстың төртеуін бірден шешу туралы Үкіметке тапсырма берді. Тек 18 қараша туралы ештеңе айтқан жоқ.

2019 және 2020 жылдары көші-қон процестерін жетілдіруге арналған заң жобасы Парламентте екі мәрте қайта қаралғанда, атаулы күн белгілеуді ұсынып, екі рет жұмыс тобының талқысына салдырдым. Екеуінде де өткізбей тастады.

2019 жылдың қазан айын­да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болдым.

Көші-қонның күн тәр­тібіндегі жеті проблемасын қағазға түсіріп, Президенттің қолына бердім. Соның біреуі ретінде Елбасының №711 Қаулысы қабылданған 18 қарашаны мерекелер тізбесіне қосуды өтіндім. Содан бері де үш жыл өте шықты. Биыл «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» таяған сайын «№711 Қаулыны» ұйықтасам түсіме кіріп, менің тынышымды тағы кетірді.

Осы 9 қарашада Елбасының атына хат жазып, ол қатқан сол қаулының қабылданғандығының 30 жылдығымен ­Нұрсұлтан Әбішұлын құттықтадым. «№711 Қаулының» көшірмесін қоса салып жібердім. Елбасы кеңсесінен Асқар Молдағаринов ағамыз телефон шалып, Елбасы сәлемін жеткізді. Дәл сол күні сондай құттықтау әрі өтініш хатты Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың да атына жолдадым.

«Сабақты ине сәтімен» деген сөздің мәнісіне көзім әбден жетті. Біз асыққанмен, уақыт, шіркін, асықпады. Байқадыңыз ба, «№711 Қаулының» жолы ашық екен, күні кеше Президент Қасым-Жомат Тоқаев тарихи шешім қабылдап, өтінішімізді орындады. «№711 Қаулыны» біз межелеген құтты орнына қондырып, 18 қарашаны кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енгізу туралы Үкіметке тапсырма берді.

18 қарашаның мереке болып бекітілуі ұлы көштің отыз жылдық жетістігін қорытындылап, алдағы онжылдықтарға басталған құтты қадам болды! Мереке құтты, ұлы көш көлікті болсын, ардақты Алаш жұрты!

 Ауыт МҰҚИБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button