Әлеумет

АРДАГЕРЛЕРІН АРДАҚТАҒАН АУДАН

Сарыарқа ауданы – Астанадағы ең үлкен аудандардың бірі әрі мұнда негізінен тұрғылықты адамдар көп. Содан болар, аудан басшылары соғыс және еңбек ардагерлерінің басын қосып, әрдайым ақ дастархан басына жинап, құрметтеп жатады. Сол кезде олардың көңілдері көтеріліп, қоғамға қажет екендіктерін сезініп, бір қуанып қалады.

Шынын айтсақ, бүгінде ардагерлер ештеңеге мұқтаж емес. Тек ыстық ықылас пен мейірім-құрмет оларды бір жасартып тастайтыны анық. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аталмыш ауданда сондай бір кездесу өтті.

Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының дирек­торы Құралай Мұқышева баст­ған мұғалімдер ұжымы өнерлі оқушыларымен бірге қарт арда­герлерді ізетпен қарсы алды. Одан соң Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт жауынгер Қаматай Тоқабаев сөз алып, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Бүгінде Сарыарқа ауданында 116 соғыс ардагері мен мүгедегі тұрады. Солардың ең үлкені 101 жаста болса, ең жасы 85-те екен. Аудан бойынша соғыс ардагерлерінің бәрі елеусіз қалмайды. Олар үшін шай дастарқандары жасалып, жүре алмайтындарға үйді-үйге сыйлықтар таратылып, құрмет көрсетіледі.

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аталмыш аудан әкімінің аппараты зейнет жасындағы 50 әйелді Абай көшесінің бойындағы «Ямайка» кафесіне шақырып, мерекелік шара ұйымдастырды. Дәмхана ұжымы 2012 жылы – 25, 2013 жылы 35 адамға және биыл 50 адамға қайрымдылық дастарқанын жайыпты. Осыған орай, дәмхананың директоры Жәния Сағадиеваға, қызметкерлері Марат Ақшимов, Ольга Борисова мен аға аспазшы Тоқжан Алдабергеноваға дән риза­шылығымызды білдіреміз.

Өнерлі азаматтардан да кенде емес­піз. Ардагерлер кеңесі жанынан домбырашылардың фольклорлық ансамблін құрған Кенжетай Жан­ұзақова жақында Сарыарқа ау­дандық ардагерлер кеңесі жанынан шахматшылар клубын да ұйым­дастырды. Өзі шахмат коман­да­сының капитаны. Олар Есіл ауданында өткен шахмат турнирінде бірінші орынды жеңіп алды.

Ардагерлерге арналған осындай тағы бір игі шараны Қ.Қуанышбаев  атындағы театрдың ұжымы да ұйымдастырды. Олар аудан зей­нет­керлеріне билеттер беріп, 50-ден астам ардагер әйелдің Е.Жуасбектің «Үйлену» атты комедиясын тегін тамашалауларына мүмкіндік жасады. Ал, №4 емханада өткен мерекелік шара барысында Астанадағы №56 мектептің оқушылары қарт аналарға тамаша концерт ұйымдастырды.

Қорыта айтсақ, Сарыарқа ауда­нының әкімшілігі де, аудан­ның ардагерлер кеңесі де зейнеткерлер үшін ауқымды іс-шара­лар ұйым­дастырып келеді. Басқа ұжымдар осы ауданның жұ­мы­сынан үлгі алса дейміз.

 

Ғалия БАЛТАБАЙ,

қр мәдениет қайраткері, зейнеткер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button