Мәдениет

Ашаршылық қасіреті: романнан киноға дейін

Елордада жазушы, кинодраматург, Қазақстанның ­еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» ­романы желісімен түсірілген, әдеби шығарма аттас көркем фильмнің жабық көрсетілімі өтті. ХХ ғасыр басында қазақ басына түскен ұлы нәубет – ашаршылық жайлы кинотуындының режиссері – Бегарыс Елубай.

[smartslider3 slider=3042]

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және тікелей тапсырмасымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландыруымен түсірілген фильмнің таныстырылымына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, ­Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент депутаттары, таныстырылымды ұйымдас­тырған «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Романның эпиграфына қазақтың қасіретті тарихынан сыр шертетін «Елім-ай» әнінің «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген жолдар алынған. Таныстырылым да осы зарлы әуенмен басталды. Қ.Қуаныш­баев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма ­театры әртістері жазушының кейпіне еніп, «Ақ боз үйдің» жазылу тарихын тарқатқан шағын қо­йылымды ­көрсетті.

Смағұл Елубайдың басында ашаршылық туралы шығарманы жазу идеясы жиырма жасында, 1967 жылы ҚазМУ-ға оқуға түскенде туындады. Ақыры алғашқы бөлімдері 1982 жылы жазылып, роман 1985 жылы аяқталды. Ал кітап болып 1990 жылы шықты. Бірнеше рет қайта басылған шығарма желісі бойынша осыдан 30 жыл бұрын кинорежиссер Дамир Манабай «Сұрапыл Сұржекей» көркем фильмін түсірді. Бірақ бұл фильмде тәркілеу кезеңі ғана көрсетіліп, ашаршылық қамтылмады. Оның сәті осы жолы түсті.

– Жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысы Қазақ елі тарихындағы ең бір зұлмат, ең бір нәубет, алапат қасірет кезеңі болды деп айтсақ артық болмайды. Сол уақытта репрессия­лардың нәтижесінде алапат ашаршылықтың зардабынан қазақ ұлты жоғалып кетуге жақын қалғаны жасырын емес. Отызыншы жылдары қазақ халқының жартысынан айырылдық. Ғалымдардың айтуынша, кем дегенде 2,5 миллион қазақ сол кезде құрбан болды, 1 миллион қазақ тентіреп, шетелге кетті. Қазақтың қолындағы барлық малы 10 есе қысқарды. Бұл – еліміз үшін үлкен қасірет. Бұл қасіретті ұмытуға ешқашан болмайды. Сондықтан «Ақ боз үй» сияқты осындай туындылар, ғылыми зерттеулер, кітаптар керек. Біз ұлтымыздың басына түскен осы қасіретті ұмытпау, зерттеу арқылы сол кезде қаза болған бабаларымыздың алдында парызымызды орындаймыз. Сол қасіретті заманды зерттеу арқылы өзіміздің ұлттық санамызды әрі қарай дамытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы етеміз. Бұл – өте маңызды тақырып. Смағұл Елубайдың кеңес дәуірінде осы мәселені көтеріп, алапат қасірет туралы роман жазғанын үлкен ерлік деп қабылдаймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Тәуелсіздік алғанымыздан кейін ашаршылық тақырыбын академик Манаш Қозыбаев бастаған тарихшы ғалымдар зерттегенін, алайда ашаршылықтың шындығын әлі толық білмейтінімізді айтқан Сенат спикері бұл кезеңдегі ақтаңдақтар көп екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ашаршылықтың ақиқатын ашуға тапсырма бергенін айтты.

«Ақ боз үй» фильміне романның «Құм арасында» және «Ғарасат майданы» атты соңғы бөлімдері арқау болды. Тігерге тұяғы қалмай, ашаршылыққа ұрынған ауылдан қалаға жаяу-жалпылаған көшті бастаған Пахраддин бидің бейнесін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино көрермендеріне «Қазақ хандығы» фильміндегі Керей ханның рөлінен таныс Қайрат Кемалов сомдады. Оның зайыбы Сырғаны Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Күлжәмила Белжанова ойнайды. Ахун бейнесінде белгілі актер Ергенбай Абуев көрінеді.

Маңғыстау облысында түсірілген фильмге кәсіби емес актерлер, қарапайым адамдар да тартылды. Бір атап өтерлігі, фильмнің көркемдік жетекшісі ретінде көрнекті кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сатыбалды Нарымбетов көрсетілген. Авторлардың айтуынша, кинотуынды жалпыұлттық прокатқа күзде шығуы мүмкін. Оған дейін бірнеше кинофестивальге қатыспақ. Ал елордадағы таныстырылымнан соң ашаршылық құрбандарына ас беріліп, құран оқылды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button