Sport

«Астана» – Чемпиондар лигасында

Швейцарияның Ньон қаласында футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 2020/2021 жылғы кезеңінің бірінші іріктеу сатысының жеребесі тартылды.

Еліміздің 6 дүркін чем­пионы «Астана» командасы бірінші кезеңде Беларусьтің «Динамо» (Брест) командасымен кездесетін болды. Алғашқы ойындар 18 және 19 тамыз күндері өтеді. «Астана» бірінші ойынды сырт алаңда бастайды.
COVID жағдайына байланысты турнир ережесінде бірқатар өзгерістер болды. Атап айтқанда, жарыс­тың бірінші сатысындағы жеңімпаз бір ойын арқылы анықталады. Жеңген команда бірден Чемпиондар лигасының екінші сатысына шығады. Ал жеңілген команда Еуропа лигасының екіншісі сатысында қосылады.
«Астана» биыл алтыншы рет қатарынан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түседі. Осы аралықта елордалық команда 2015/2016 жылғы кезеңде Еуропаның клубтық ең ірі турнирінің топтық кезеңінде өнер көрсетті. Бір мәрте плей-офф кезеңіне дейін жеткен. Еуропа лигасының топтық іріктеу кезеңінде де ел намысын сәтті қорғай білді. 2016/2017 жылғы кезеңде жарыстың 1/16 финалына шыққан еді.
Ал «Астананың» жаңа маусымдағы бірінші қарсыласы «Динамо» (Брест) командасы 1960 жылы құрылған. 1992 жылы өз елінің чемпионатында қола жүлдегер атанса, өткен жылы тұңғыш рет Беларусь чемпионы атанған.
Кеше Еуропа лигасының биылғы іріктеу кезеңінің де жеребесі тартылды. ­УЕФА-ның екінші деңгейлі турнирінде Алматының «Қайраты» Арменияның «Ноа» командасымен кездесетін болды. Шымкенттің «Ордабасы» Румынияның «Ботошани» клубымен ойнайды. Екі матч та Қазақстанда өтеді. Ал Қызыл­орданың «Қайсар» командасы Еурокубокты екінші іріктеу сатысынан бастайды.
Биыл Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде де жеңімпаз команданың тағдыры бір ойынның нәтижесімен шешіледі. Тең нәтиже тіркелген жағдайда турнирдің келесі сатысына өтетін команда қосымша тайм немесе пенальти сериясы арқылы анықталатын болады.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button