Қала мен Сала

Астана жолдары қауіпсіз бе?

Қабірде жатқанның бәрі қарт емес. Яғни ай-күннің аманында жастар да мезгілсіз өлім құшып, талай тағдыр қыршыннан қиылып жатыр. Оның бір себебі – жол апаты. Ал бұл тұрғыда Астанада жол қауіпсіздігі қаншалықты сақталып отыр? Апатты болдырмау немесе азайту жолында қандай шаралар қолданылуда? Қандай кемшілік бар?

Биыл 50 жасөспірім жараланды

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері елордада кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында 50-ден аса жол-көлік оқиғасы болыпты. Соның ішінде екі бала оқиға орнында көз жұмса, қалғаны түрлі деңгейде жарақат алыпты. Бұдан кейін қала билігі балалар қауіпсіздігін күшейту мақсатында 40 учаскеге 128 жол белгісін қойып, басқа да шаралар қолданды. Жыл соңына дейін тағы да 42 учаскеге осындай жұмыстар жүргізілмек.
Қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның мәліметінше, елордадағы 2 мыңнан аса «Сергек» камерасының арқасында жылдамдықты арттыру бойынша жол-көлік оқиғасы 240 пайызға азайған көрінеді. Мысалы, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетушілер 68 пайызға, маневр жасаушылар 49 пайызға, жаяу жүргіншілер өткеліне мән бермейтіндер 13 пайызға және жол тораптарындағы ереже бұзушылық 45 пайызға кеміген екен. Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезіндегі тәжірибеге сәйкес, биылғы мамыр айынан бастап қаладағы көлік көп жүретін 18 учаскеде таңғы сағат 7.00-ден 9.00-ге де­йінгі және кешкі сағат 17.30-дан 21.00-ге дейінгі аралықта жүк көліктерінің қозғалысына қайтадан тыйым салына бастапты. Жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында қоғамдық көліктерге арналған Bus lane жолағы да мейлінше көбейтіліп, бұдан былай елордадағы кей жолдар таңғы уақытта ақылы болмақ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары қалалық мәслихаттың 39-сессия­сында жасаған баяндамасында айтқан болатын. Оның айтуынша, осындай алдын алу шараларының атқарылып жатқанына байланысты заңнамаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар да енгізілген. Жалпы, осы жұмыс­тардың нәтижесінде бас қалада көлік саны көбейсе де, жол апаты екі есеге, одан жарақат алушылар 20 пайызға, кісі өлімі 53 пайызға, қоғамдық көлік қақтығысы 51 пайызға азайған-ды.

Жаяу жүргіншілер жазықты ма?

Ресми деректерге сүйенсек, елордадағы көшелер саны – 1039. Мамандардың есебінше, қалада 9 өтпежол, 8 көлік жол айырығы, 7 көлік көпірі, 7 жерасты және 4 жерүсті жаяу жүргіншілерге арналған өткел, 1 тоннель бар екен. Алдағы 5 жыл ішінде тағы да 3 көпір мен 2 көлік жол айырығы, 1 өтпежол және 1 тоннель салынбақ. Жалпы, Астанадағы жол қозғалысын реттеп тұрған бағдаршам саны 443 болса, соның 93-іне ITS жол қозғалысын басқару жүйесі орнатылыпты. 2019 жылдың соңына дейін бұл жүйе 207 бағдаршамды қамтитынын айтады мамандар. Ал жыл соңына дейін тағы 28 бағдаршам орнатылмақ. Бұдан бөлек, 52 бағдаршамның жобалау жұмыс­тары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Әлбетте, осымен барлық мәселе шешілсе жақсы ғой. Әрине, бұл тұрғыда қыруар жұмыс ат­қарылып жатқан шығар. Бірақ, өкінішке қарай, қала ішіндегі әлі де жол-көлік оқиғасы, ереже бұзушылық тыйылмай тұр. Көлік қақтығыстарынан бөлек, адам қағу дерегі де азаяр емес. Оған белгілі бір мөлшерде жаяу жүргіншілердің де кінәсі бар сияқ­ты. Себебі бағдаршам немесе жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен емес, күре жолды қиып өтетіндер көп. Алайда оның бәрі айналып келгенде бағдаршамдардың жайсыз орнатылғандығынан да болып шығады. Мысалы, Қорғалжын тасжолының бо­йындағы «Keruen сity» сауда, ойын-са­уық орталығы мен «Ailand» аквапаркі ортасында жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылмаған. Тәртіпті қатаң сақтайтын жаяу жүргінші осы екі ортада қатынау үшін Тұран немесе Қабанбай батыр даңғылының бойындағы бағдаршам арқылы өтуі керек. Бірақ екі даңғыл ортасының қашықтығы – 300-400 метр. Асығыс адам алысқа барып, әуре болып жатпайды. Сондықтан Қорғалжын тасжолын қиып өтуге мәжбүр. Осы орынға арнайы барып бақылап тұрғанымызда бар болғаны 10 минуттың ішінде 4-5 адамның жолды қақ ортасынан қиып, ережені бұзғанына куә болдық. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері «Ailand» аквапаркіне отбасымен демалуға барған тұрғындар бұл жерден шыққан соң көп жағдайда «Keruen сity» сауда, ойын-сауық орталығына ат басын бұрады. Балаларын жетектеген ата-аналардың көбі шұбырып бағдаршамға бармастан екінші жаққа төтелей өте шығады. Сол сияқты Тәуелсіздік даңғылының бойындағы Highvill тұрғын үй кешені мен Әзірет Сұлтан мешітінің ортасындағы жағдай да тура осындай. Бірақ мұнда тек жолды бөліп тұрған темірден секіре алатындар ғана өте алады. Дегенмен бұл жерде де қашықтағы бағдаршамға баруға құлықсыздық танытып, одан да көліктің жүрісін аңдып тұрып, ортаны екі аттай салуға әуес адамдар көп. Жалпы, санай берсек, қалада мұндай орындар аз емес. Алайда әрі қарай осылай жалғаса берсе, жүйткіп келген көліктің жаяу жүргіншіні бірде болмаса, бірде жазым етуі мүмкін ғой. Елорданың жол қауіпсіздігіндегі «бір кем дүниесі» осы болып тұр. Әрине, бұл жерлердегі бағдаршамдар қашықтық жағынан нормаға сай орнатылған шығар. Бірақ аталмыш мәселені шешудің басқа да амалдары болуы керек емес пе? Егер осындай адам аяғы үзілмейтін көшелердің бойына тура Тұран даңғылы бойындағы «Хан Шатыр» СОО мен «Нұржол» желекжолын және Кенесары көшесі бойындағы «Астана» концерт залы мен қалалық әкімдік алдындағы орталық алаңды байланыс­тырып тұрған сияқты жерасты өткелдері салынса, жаяу жүргіншілер де көлік қозғалысына кедергі келтірмес пе еді? Бұған тиісті басқармалар не дейді?

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button