Қала мен Сала

АСТАНАДА АДАСҚАНЫМ-АЙ

кондуктор

Қоғамдық көлік қызметінің жұмысы бір жөнге келмей-ақ қойды. Әсіресе, кейбір кондукторлардың мәдениетсіздігіне қайран қаламын. Қазақстанның бас қаласында еңбек етіп жүргендерін естен шығаратындары несі?!

Кондукторлардың арнайы оқытудан өтетінінен хабардармыз. Дегенмен, солардың барлығы бірдей өз міндеттерін талапқа сай орындамайды.

Жолаушыға билет берудің орнына қалта телефонымен сөйлесіп тұрып алатындарын қайтерсіз. Өздері жан-жағындағылардан қымсынбайды да. Жеке өміріне қатысты мәселені көпшіліктің көзінше талқылап тұра береді. Дауыстарын сәл бәсеңдетуге де өрелері жетпейді. Ескерту жасап, жөнге салғысы келгендерге жа­уаптары дайын тұрады: «Шаруаң болмасын. Кіммен қалай сөйлесу керектігін өзім білем…» деп өрекпиді. Ондайлармен шапылдасудан ештеңе ұтпайтынын бүгінде үлкендер де түсініп алды. Жұмған ауыздарын ашпайды.

Жақында барар жеріме жете алмай, айдың-күннің аманында Астанада адастым да қалдым. Кімнің кесірі дейсіз бе? Әрине, менің осылайша сергелдеңге түсуіме тағы да кондукторлар кінәлі. Қалалық онкология диспансеріне бет алғанмын. Абылай хан даңғылының бойындағы бір аялдамаға тоқтағанда кондуктор қыз: «Травматология және ортопедия орталығынан түсуіңіз керек еді. Енді қазір шығыңыз да, алға қарай жүріп, оңға бұрылыңыз. Сол жолмен тіке жүре бересіз» деген соң, алға қарай жүре бердім. Жүріп келем, жүріп келем. Бірақ діттеген жеріме жетер емеспін. Түсініксіз бірдеңелер. Сөйтіп, әжептәуір жүргеннен кейін өтіп бара жатқан бейтаныс біреуден сұрасам, мүлде басқа бағытқа кетіп барады екенмін. Жазған құлда шаршау бар ма? Келген ізіммен кері қайттым. Жоғалтқан уақытым мен жұқарған жүйкем үшін кімді жазаларымды білмей далмын. Бағанағы аялдамаға қайтып келсем, егде тартқан бір қария отыр екен. Ашуға булығып, болған жайтты түгел баяндай жөнелдім. Ол да сол баяғы кондуктордың кесірінен қала кезіп жүргенін жасырмады. «Өздері қаланы дұрыс білмейтін болса, жұртқа қалай жөн сілтейді? Сондайларды қалай жұмысқа алады екен…» деп сарнап қоя берді.

Расында да, Астанаға сырттан келушілер көп. Күні ертең «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізгелі отырмыз. Сол кезде қонақтардың алдында абыройымыздан айрылып қалмас үшін бұл мәселеге немкетті қарамай, оны бірлесіп шешкен жөн деп ойлаймын.

Қанапия МОМЫНОВ, зейнеткер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button