Жаңалықтар

Астанадағы жаңа вокзал тәулігіне 35 мың адамға қызмет көрсетпек

Бірегей жоба 2017 жылдың наурыз айында пайдалануға берілуі тиіс.

новый вокзал астана 1

Соңғы үлгідегі технологиямен салынып жатқан теміржол вокзалының құрылысы жобасының авторы – танымал архитектор Никита Явейн. Ол Астана төрінде бой көтерген Оқушылар сарайының жобасын жасаған. Халықаралық әуежай жобасында да қолтаңбасы қалған. Енді, міне, сәні мен салтанаты келіскен туындысы өзімен бірге бәсекеге түскен Германия, Австралия, АҚШ, Қазақстан және Түркиядағы әріптестерін басып озды.

новый вокзал астана

Жоба бойынша вокзал аумағы қазіргі қолданыстағы ескісінен 11 есеге дейін үлкен болады. Ұзындығы 630 метр болса, биіктігі – 49,5 метр.

Дәл қазір Мыңжылдық аллеясы маңында құрылысшылар тәулік бойы жұмыс істеуде. Құрылыс алаңында 1300-ге жуық маман бар. Олар жаңа вокзалдың іргетасын қалап қойып, енді қабырғасын көтеруді бастап кетті. Атап айтқанда, темір бетон қаусырмасын құрастыру жұмыстары толық аяқталып, 25935 тонна металл құрастырмасы игерілген.
Жоба бойынша пойыздар ғимараттың ішіне енеді. Ол үшін жабық үлгідегі алты эстакада салынуда. Эстакаданың ұзындығы – 2550 метр. Қазіргі уақытта оған 82 тіреуіш орнатылып үлгерген.
Қала тұрғындары мен қонақтарына барынша қолайлы болуы үшін соңғы үлгідегі ғимарат қуат үнемдеу лифтілерімен және эскалаторлармен жабдықталады. Мамандар мұндағы астыңғы қабатта орналасқан жылу алмастырғыштар вокзалды термальдық көздер арқылы қыздырады дейді. Бұл технология ғимаратты қыста жылытып, жазда салқындатып тұрады. Архитектор Никита Явейннің өзі «Астанадағы жаңа вокзалдың ең тартымды бөлігі – арка болады. Оған қараған жан бірден қазақ сияқты көшпелі халықтың тұрмысынан хабар алады. Аркаға кереге элементтерін қосып, ол вокзал мен оған әкелетін жолдар арасындағы кемпірқосақ секілді иіліп тұрады. Мұнымен Астананың кеңдігін және әлемдегі теңдессіз қала атануға ұмтылысын көрсетпекпіз. Ол арқылы Қазақстандағы таулар мен қорғандардың елесін байқатпақсыз. Сонымен бірге, көшпенді мәдениетке етене жақын ер-тоқым мен садақ элементтерін де енгізбекпіз» дегені есімізде.
Жалпы, вокзал ғимараты алты қабаттан тұрады. Жоба мазмұны бойынша вокзал жай ғана теміржол бекеті емес, елорданың жерүсті бас қақпасы ретінде сипатталады. Көліктің түр-түрі бірнеше бағытта жолаушыларға қызмет көрсетпек. Пойыздардан бөлек қоғамдық көліктер, вокзалды әуежаймен қосатын трамвай жүйткиді. Ал, вокзал ғимаратының жанынан қонақүй, бизнес орталығы, ойын-сауық нысандары бой көтермек.
Бір сөзбен айтқанда, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында пайдалануға берілетін стратегиялық нысан Еуропа мен Азия елдері арасында сауда-экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық байланыс орнатуда комму­никациялық дәлізге айналатын болады.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button