Sport

Ауылдасымның аты озды

Қазақ жерi қандай кең!
Мен қазақпын, сондықтан сол байтақ даланың бәрi менiң жерiм болып көрiнедi.
Кеше кешкiсiн жер жайында тағы бiр тосын ойға түстiм. Алыстағы ауылым еске келдi. Тiршiлiктiң қамымен ауылдан ұзап кетсек те, алақандай ауылдың топырағы тартпай қоймайды екен. Тамыры үзiлмейдi екен.Сол сезiмдi кеше бастан кештiм.
…Астанада бокстан өтiп жатқан Азияның олимпиадалық iрiктеу турнирiнде бiздiң ауылдың бiр баласы сынға түсiп жатыр.Екi-үш күн болды, бас қаладағы жерлестердiң бәрi осында жүр. Алақандай ғана «Жалманқұлақ» ауылынан Олимпиада ойындарына бiреу қатысады деп ойлаппыз ба?!
Олимпиада – спорт әлемiнiң шыңы.Шыңға шығу адамзат баласының мұраты.Сол шыңға, сол мұратқа бiздiң ауылдың баласы да жол салатын болды.Кеше Қазақстан құрамасының боксшысы Iлияс Сүлейменов 52 келi салмақта Қытайдың былғары қолғап шеберiмен жекпе-жекке шығып, айқын басымдықпен жеңiске жеттi. Бұл Лондон олимпиадасына жолдама берген ақжолтай жеңiс болды.
Мен қазақпын, кең-байтақ жерiм, егемен елiм бар.Әр қазақтың жеңiсiне жаным күйетiн жүрегiм бар.Сол жүректi алақандай ауылыма жетелеп елжiреткен киiктiң асығындай Iлиястай үмiтiм бар.
Ендi «Жалманқұлақ» ауылынан түлеп ұшқан тастүлектiң Альбион елiндегi айқастарын күтемiз…

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button