ЖаңалықтарҚала мен Сала

АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

0_12230_49537320_orig 2

Елімізде «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Осыған орай Астана қаласы Ішкі істер департаменті басшылары арнаулы брифинг өткізді. Жиынға қатысқан ІІД әкімшілік полиция басқарма бөлімшесінің бастығы Нұржан Әділов пен оның орынбасары Нұрлан Уваев жолаушылар көлігінің кесірінен орын алатын жол-көлік оқиғасы туралы баяндады.

Мәселен, биыл бес ай ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері арасында 700 рет жол жүру ережесі бұзылған. Техникалық ақауы бар автобустарды жолға шығарғаны үшін 24 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нұрлан Уваевтің айтуынша, жедел алдын алу шарасы кезінде техникалық жай-күйі, конструкциясы жол қозғалысы қауіпсіздігінің белгіленген талаптарына сәйкес келмейтін және заң талабын сақтамайтын автобустар мен жеңіл көліктерді әрі қарай пайдалануға тыйым салып, арнаулы жаза қолданылады. Сондай-ақ, екінші рет тәртіп бұзған автобус жүргізушілері қайтадан білімін тексеруге жіберіледі. Егер екі айдың ішінде емтиханды тапсыра алмаса «Жол қозғалысы туралы» заңға сәйкес көлік жүргізу құқын тоқтату туралы шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.

Брифингтен соң журналистер рейдке шықты. Олар Қарағанды тас жолы бағытындағы «Қызылжар» бекетінде болып, жол-патрульдік полиция жасақтарының жұмысын бақылады.

Қоғамдық көліктердің соңғы тоқтайтын аялдамасының бірі – теміржол вокзалы. Жол техникалық инспекция бөлімінің инспекторы Дастан Дармурзин осы автобус тұрағында ереже бұзған №21, 40 қоғамдық көлік жүргізушілерін тоқтатты. Инспектордың айтуынша №21 автобустың ішіндегі жарық шамдары істен шыққан. Және жаяу жүргіншілердің жолына тым жақын тоқтаған көрінеді. Ал жүргізуші жол жиегінде тұрған көліктердің кесірінен автобустарға тоқтайтын орын жоқ деп байбалам салды. Мұның бәріне автобус паркі кінәлі екендігін алға тартты. Инспектор жол ережесін бұзғаны үшін автобус жүргізушісінің көлік жүргізу құқығын растайтын құжатын алып қойды. Енді ол 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Бұл 9260 теңгені құрайды.

Рейд барысында №40 автобустың жүргізушісіне 5 АЕК, автобус паркінің механигіне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Себебі, автобустың алдыңғы терезесі сынған, ішінде жарық шамдары істемейді. Осылайша, полиция қызметкерлері заң бұзғандардың жазасын беріп, құқық бұзушылықтың соңы неге душар қылатынын тағы бір мәрте ескертті.

Айгүл Өзекова, студент

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button