Мәселе

Баға ырыққа бағынбай тұр

Жауапсыздық салдары
Ұлттық банк төрағасы ­Ерболат Досаев Үкімет отырысында жылдық инфляция еліміздің он үш өңірінде қарқын алғанын мәлімдеді.
Бұл күнделікті өмірде азық-түлік құнының өсуінен айқын көрініп те жүр. Мәселен, тамыз айында жұмыртқа мен тауық етінің, орамжапырақ пен қанттың, сиыр етінің баға 8-10 пайызға дейін көтерілген.
«2021 жылдың қыркүйек айында кейбір болжамсыз факторларды тұрақтандыру мақсатында үкімет әкімдермен бірлесе отырып, инфляцияға қарсы кешенді реттеу шараларын жүзеге асыра бастады. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 10,4 пайыздан 9,6 пайыз­ға дейін төмендеді. Дегенмен қазан айының басында баға қайтадан 9,9 пайызға өсіп кетті» деді ол.
Бұл дегеніміз – қанша тежегенімен баға тізгін бермей тұр деген сөз. Осы төңіректе қарапайым халықтың өкпе-реніштері орынды. «Күнделікті нан, сүт, қант, жұмыртқа, күнбағыс майы, тағы басқа да жиі тұтынылатын азық-түлікке үкімет бағаны неге нақты тұрақтандырмайды» деп шағымданады олар. Мәселен, маусым айында килограмы 120-130 теңге болған бірінші сұрыпты ұн қазір 180-200 теңгеден сатылуда. Ол одан әрі де өсе түсуі әбден мүмкін.
Өйткені кейінгі кезде әр тоннасы 125 мың тұратын жоғары сұрыпты бидайдың көп бөлігі экспортқа кетуде. Халықтың қамын емес, қалтасының қампиғанын көбірек ойлайтын өндірушілер елімізде өңдеу құны өте жоғары деген желеумен, ең өтімді бидайды шетел асыруда. Соның салдарынан қазір наубайханаларда ұн қоры азайып қалғаны байқалады. Оның үстіне өкілетті органдардың жауапсыздығынан жанар-жағар май бағасы да өсіп кетті. Міне, осындай бір-біріне тізбектес себеп-салдардан баға тұрақтанбай отыр.
Баға өсімін қалай ауыздықтауға болады? Сарапшылар бұған Үкімет резервтік қорынан «Азық-түлік корпорациясы ҰК» АҚ мен тұрақтандыру қорына қосымша бюджет қаржысын бөлуі керек дейді. Сонда тауар нарығынан қазіргі бағамен қомақты көлемде бидай сатып алуға мүмкіндік туып, алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар нан мен макарон өнімдеріне баға тұрақтануға септігі тиер еді» деген болжам айтады.
Қарапайым тұтынушының жазығы не?
Мойындау керек, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасына қойылатын белгілі бір шек жоқ. Қазақ «ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» деп бекер айтпаған. Көп адамның күніге ет жемесе, көңілі көншімейді. Ал бас қалада еттің бағасы әр жерде әртүрлі. Мәселен, «Еуразия» сауда орталығында сиыр етінің әр килосы 2600 тг болса, «Рақмет» дүкенінде – 2500 тг, «Төрт түлікте» – 2400 тг, «Аспан» базарында – 2300 тг, ал «Шапағат» тұрмыстық базарында 2200 тг-ден сатылуда.
Нанның бағасы да осыған ұқсас. 110 теңгеден 160 теңгеге дейін әр дүкенде әртүрлі сатылады. Бағаны қымбаттатпау үшін елорда әкімдігі барлық мүмкіндікті қарастыруда. Қаладағы ірі сауда орындары мен базар басшыларымен жасалған меморандум – соның дәлелі.
Алайда мұндай шаралар нақты бір нәтиже беріп жатқан жоқ. Бағаның апта сайын құбылып тұратынына адамдардың көзі үйренген. Кейінгі кезде құс еті мен жұмыртқаға байланысты да көпшілік арасында түрлі сөздер көбейіп кетті. Оған себеп «осы негізде үкімет тарапынан берілетін субсидия жаңа жылдан бастап алынып тасталады» екен деген ақпарат. Егер бұл расқа айналса, құс еті мен жұмыртқаның бағасы шарықтап шыға келері айдан анық.
– Шайға үзбей «Шадрин» сүтін алып тұрамын. Маусым айынан бері сүттің бағасы 37 теңгеге қымбаттады. Сондай бір ғана сүтке ай сайын 10 теңгеден қосылып отырады екен. Осының себебін дүкеншіден сұрап едім: «Біз не істейміз? Бізге жабыдықтаушы фирмалар осындай бағамен алып келеді» деген уәж естідім. Сонда мұндай жүгенсіздікке бір тоқтам болмай ма? Ай сайын емес, апта сайын қымбаттататындай қарапайым тұтынушының жазығы не? Онсыз да бар тапқан-таянғандарын күнделікті азық-түліктеріне жұмсап отыр, – дейді Елемес Ерғали есімді қала тұрғыны.
Баға күн сайын қалтаға салмақ түсіріп тұрған кезде әркім де үнемшіл болады. Бірақ үнемдеймін деп көңіліңіз қалап тұрған нәрседен бас тартуға бола ма? Міне, осы мәселе жоғарыдағыларды ойландырса игі.
Жаңа тәсілден үміт бар
Әрине, азық-түлік бағасының тұрақсыздығына көптеген факторлар әсер етеді. Соның бірі – сұйық май, қант сияқты тауарларды сырттан әкелетін импортқа тәуелдігіміз. Сауда және интеграция министрлігіндегілер «әр әкімдіктің жанында тұрақтандыру қоры бар. Нарықтағы бағаның тұрақтылығын солар қамтамасыз етсін» дегенді меңзейді. Ал олар мұндай ауқымды шараны түбегейлі жүзеге асыруға біздің әлеуетіміз жетпейді» деп шыр-пыр болады.
Бір қуанарлығы, кейінгі кезде Нұр-Сұлтан қаласының тұрақтандыру қоры бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсіліне көшіпті.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін сауда желілеріне қарыз беріледі. Биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын сақтап қалу үшін 11 несие алынған. Несие алуға «Magnum», «Мир круп» көтерме сауда компаниясы, «Turkuaz» дистрибьютерлік компаниясы, «Ақмол» дүкендер желісі, картоп өндірушілер одағы атынан қатысушы «А-Агро» компания­сы секілді ірі сауда орындары қатысқан.
Осы алынған несиелер негізінде «Magnum», «Астықжан», «Кеңмарт», «Вкусмарт» «Ақмол» дүкендер желісі, «Анвар», «Аян», «Шапағат» тұрмыстық базары арнайы комиссияның шешімімен бекітілген бағаны тұрақты ұстап келеді екен. Бұған қоса, алдағы уақытта өзге де сауда желілеріне несие беру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл бағаны сәл де болса тұрақтандыруға жасалып отырған нақты қадам екені сөзсіз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button