Жаңалықтар

БАРЛАУШЫЛАР ВЗВОДЫН БАСҚАРҒАН

200

Әкеміз Ілияс Қасабекұлының 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аяғына дейін қатысып, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталуы – Отан алдындағы борышын адал атқарғандығының белгісіндей. Жоғары бас қол­басшы И.Сталиннен үш рет алғыс алып, Мәскеуде 1945 жылы алғаш өткен Жеңіс ше­руіне қатысуы – біздің әуле­тіміз үшін үлкен мәртебе.

Әкем 1940 жылдан 1943 жылға дейін Забайкалье әскери округінде қызмет еткен. Жер бетінің тыныштығы үшін Гитлер бас­қыншыларына қарсы соғыс жүріп жат­қан жерден алыста болу әкемізді бейжай қал­дырмады. Еліміздің тағдыры шеші­летін Батыс майданға жі­беруді сұранады.
Ол Кантемиров атындағы 4-гвардиялық танк корпусы құрамындағы 106-шы саперлар батальонымен Орел-Курск иінінде Белград бағытындағы ұрысқа кіреді. Прохоровка түбіндегі атақты танкілер шайқасының жан алысып, жан беріскен от жалы­ны­ның ортасында болады. Сойқан ұрыстардың бірінде танк жарылып, ауыр контузияға ұшырайды. Содан құлағы естімей, тілі күрмеліп, сөйлей де алмай қалады. Екі жарым ай госпитальда жатып, өз бөлімшесін Киев қаласының ма­ңында қуып жетеді.
Оқ пен оттың арасында жүріп, арпалысқан ауыр күндерін әкем терең күрсініспен есіне алып оты­ратын. Сол естеліктерін жаңғыр­тайын.
* * *
«Барлаушы болып мен үш рет тіл алуға бардым. Біріншісінде аяғымнан жеңіл жараланғанда, тез-ақ жазылып кеттім. Ал, соңғы жолы тапсырмамыз өте ауыр болды. Әдетте, неміс блиндажында екі пулеметші отыратын. Біздің барлаушылардың міндеті пулеметті талқандап, қолға түскен пулеметшілердің біреуін «тіл» қылып алу еді. Тапсырманы орын­дауға кірістік, пулемет жойылды, бір пулеметші өлтірілді. Екіншісін қолға түсірдік. Бірақ, қырсық бол­ғанда, немістер екеу емес, үшеу болып шықты. Үшінші неміс тасада тығылып тұрып, пышағын маған сілтей бергенде, менің жанымдағы Жәнібек деген досым оның қолын қағып үлгерді. Пышақтың ұшы тайып барып қабырғама тиді. Соғысқа дейін боксқа қатысқан досымның шапшаң қимылының арқасында мен тағы бір өлімнен аман қалдым».
* * *
«Жеңіс күні қарсаңында 1945 жылы 8 мамырда бүлініп-қираған Дрезден қаласында болдық. Эльбадан өтетін үш көпірдің екеуін немістер қиратып кеткен болатын. Бізге сол үшінші көпірді аман сақтап қалуға тапсырма беріл­ді. Біздің десантшылар керемет амал-айла жасады. Бастарына неміс әскерлерінің каскаларын киіп, «тигр» танкілеріне мініп, қапыда қалған көпір күзет­ші­лерін жойды. Біз көпірді мина­дан тазаладық та, десантшылармен бірге жауға қарсы шабуылға шықтық. Праганы азат ету үшін біздің танк корпусын көмекке шақырды. 9 мамыр күні Праганы азат ету үшін болған шай­қасқа қатыстық. Прага кө­шесімен келе жатқанда, танк үстінде менімен қатар отырған қазақстандық қандыкөйлек майдангер жолдасым Жәнібек жау оғынан қаза болды. Бұл орны толмас ауыр өкініш болды».
* * *
Қан майданда саперлер, барлаушылар взводын басқарған Ілияс Қасабекұлы елге оралған соң, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдап, 1983 жылға дейін Шығыс Қазақ­стан облысындағы Шыңғыстай ауылындағы орта мектепте абыроймен қызмет етті. ҚазПИ-де бірге оқып, шаңырақ құрған өмір­­лік жары, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» Зәбилә Алпыс­қызымен 7 ұл-қыз өсіріп, олардан 16 немере, 25 шөбере сүйді. Ба­қытты әке, ұлағатты ұстаз, әуле­тіміздің қадірлі қариясы атанды.
Әке-шешеміз – мерейлі мұ­ғалім. Ұстаз сенімін ақтаған шә­кірттерінің арасында Баламер Сахариев, Оралхан Бөкей, Төлеухан Бияров, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханов сияқты бүкіл қазақ жұртына белгілі тұлғалар бар.
Ұлы Жеңістің 60 жылдығында ортамызда болып, тойлаған әкеміз бүгінде арамызда жоқ. Әкеміз жетпеген Жеңістің 70 жылдығын 93-ке келіп отырған анамыз Зәбиләмен қарсы алуға жазғай.

Махмұт ҚАСАБЕКОВ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің доценті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button