Sport

«Барыс» екі жеңіп, бір жеңілді

Астананың «Барысы» Гагарин кубогының ширек финалында Нижний Новгородтың «Торпедо» ұжымымен үш мәрте күш сынасып, жалпы көрсеткіште 2:1 есебімен алда келеді.

Қос команда арасындағы алғашқы кездесу өткен сейсенбі күні елордада өтті. Кездесуде алғашқы голды қонақтар сапынан Роберт Саболич 12-минутта соққанмен, айдын иелерінен Андре Петерссон (39-минут), Брэндон Боченски (42 және 57-минуттар), Мэттью Фрэттин (43-минут) тура соққымен есе қайтарды.
Қос команда арасындағы жанкешті ойын ақпанның соңғы күні тіркелді. Ресейліктер алғашқы ойындағы есені қайтару үшін бірден алға ұмтылып, соққыларын қарша боратты. Кездесудің тіпті жартысына жетпей-ақ, жа­уапсыз төрт гол соғып үлгерді. Дегенмен ойынның қалған бөлігін иемденген «Барыс» ойыншылары намысқа тырысып, жеңіске жетті.
«Торпедолықтар» ә дегеннен шабуылға шығып, Хенрик Карлссон күзеткен қақпаны жиі торуылдады. Антон Волченковтың тура соққысымен небәрі 2-минутта алға шықты. Алғашқы жеңілісті қаперінде ұстаған қонақ команда қорғаныста сауатты ойнап, жинақы қозғалды. Алғашқы кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда Михаил Варнаков екінші шайбаны дарыта білді.
Келесі 20 минут «Барыс» үшін тағы да сәтсіз басталды. 21-минутта Роберт Саболич басымдықты арттырған соң бас бапкер айдынға қақпашы Доминик Граховинаны шығаруға мәжбүр болды. Дегенмен чехиялық қақпашыны да місе тұтпай, алты минуттан кейін Даниил Ильин төртінші голды соғып, матчқа жиналған жұртшылықтың көңіліндегі жеңіске деген үміт отын мүлдем сөндіргендей болған. Алайда айдын иелері ерледі, 28-минутта Антон Сагадеев «Торпедо» қақпасына алғаш болып соққысын дарытса, арада 4 минут өткен соң Дмитрий Шевченко есептегі айыр­маны қысқарта түсті. Соңғы 20 минуттың ауаны дәл осы бағытта өрбіді. 54-минутта Даррен Диц қарсы қақпаны үшінші рет жарқ-жұрқ еткізсе, 58-минутта Мэттью Фрэттиннің шайбасы кездесуді экстра тайм­ға жеткізді. Қосымша уақытта Роман Старченко жеңісті голдың авторы атанды.
«Барыс» өз айдынындағы екі ойында жеңіске жеткенмен, Нижний Новгородта өткен үшінші кездесуде «Торпедоға» төтеп бере алмады. 30-минуттағы Мэттью Фрэттиннің голына Денис Баранцев (34 және 59-минуттар), Филип Хольм (38-минут) жауап қайтарды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button