Денсаулық

Бас қалада індет белең алды

Елордада эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Кешегі бір тәулікте 3 мыңнан астам ауру анықталып, бас қала ел өңірлері арасында бірінші орынға шықты. Бұл туралы «Елордадағы эпидемиологиялық жағдай және тұрғындарды вакцинациялау барысы» тақырыбында өткен онлайн брифингте айтылды.

[smartslider3 slider=1754]

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, соңғы аптада дерт жұқтырған 9136 адам тіркелген. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда алдыңғы аптадан 7,9 есе жоғары, ал репродуктивтік сан 3,08-ге жетіп отыр. «Қаңтардың алғашқы 12 күнінде 40 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Коронавирус инфекциясымен 9428 науқас анықталды, бұл 2021 жылғы желтоқсаннан 3 есе артық. Барлық жастағы адамдар инфекцияға бейім болып келеді, бірақ соңғы күндері біз 25-39 жастағы адамдар арасында дерттің біршама өскенін байқадық, олар ересек тұрғындардың 30%-ын құрайды, бұл жалпы сырқаттанушылықтың 79%-ын құрайды. Балалар үлесі 18%-ды және жасөспірімдер 3%-ды құрайды» деді ол.

Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова инфекциялық стацио­нарларда 748 науқас емделіп жатқанын, осылайша төсек-­орын жүктемесінің 60%-дан асып отырғанын жеткізді. Жан сақтау бөлімінде 34 науқас жатыр, сөйтіп реанимациялық төсек-орын жүктемесі 30%-дан асып отыр. Осындай көрсеткіштерге байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қаланың тағы 4 ауруханасын инфекциялық стационарлар ретінде қайта бейіндеуге мәжбүр болды. Бұған дейін қала бойынша 7 стационар тартылған болатын.

«Қазір қалада жүкті әйелдер мен балалар арасында сырқаттану көп кездесетінін атап өткім келеді. 338 жүкті әйел коронавирусты жұқтырып алды, оның ішінде 215 адам стационарда ем қабылдап жатыр. Ковидпен ауыратын 126 бала стационарлық жағдайда емделуде. Негізінен, сырқаттану жаңа жылдық мерекелерден кейін 10 қаңтарға дейінгі аралықта көбейгені байқалып отыр. Бір-бірін мерекемен құттықтау, қонақтарға бару, карантин режимін сақтамау эпидемиологиялық жағдайдың қазіргі деңгейіне алып келді. Осыған байланысты қазір жедел жәрдем және МСАК ұйымдарының мобильді бригадалары үлкен жүктемемен қызмет істеуде. Азаматтардан қазіргі жағдайға бейжай қарамауды сұраймыз. Індетке қарсы тұру үшін екпе алуға шақырамын. Әлемдегі барлық сарапшылар вакцинаның бұл вирусқа қарсы тиімді екенін мойындады. Екпе алу денсаулығымыз үшін маңызды, әрі пайдалы» деді Ә.Рүстемова.

Бүгінгі таңда елордада 515 мыңнан астам азамат екпенің бірінші компонентін алды, бұл – тиісті контингенттің 72%-ы. Ал 490 мыңға жуық адам толық иммундаудан өтті, оның ішінде жүкті және бала емізетін аналар, жасөспірімдер де бар. Соған қоса азаматтарды ревакцинациялау жұмысы да жалғасуда. Бүгінгі күні қала бойынша қайталама вакцинаны медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері, 60 жастан асқан және иммунитеті төмен адамдар қатарынан, медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингентінен 24 мыңнан астам адам алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button