Әлеумет

Бас қалаға Әуезов қашан келеді?

Биыл қазақты Абайымен бірге аспандатып, қазақ сахарасының көркем келбетін әлем халықтарының жүзден астам тілінде сөйлетіп, Абай жолын жаңғыртқан классик жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр.

[smartslider3 slider=2365]

Әдеттегідей белгілі тұлғаларымыздың мерейтойы қарсаңында  мемлекеттік комиссия құрылып, жыл бойына атқарылатын іс-шаралардың басын анықтап, елге жария етуші еді. Бірақ, бүкілхалықтық маңызды мезетті өз деңгейінде өткізуге бірден-бір жауапты құзырлы министрліктердің бұл датаға арналған нақты жоспары мен айқын тұжырымы жоқ сияқты.

Құрғақ шөппен ауыз сүртуге де болмас, өткен жылдың тамыз айынан бастап қаржы түсіп, 1951 жылы іргесі қаланған жазушының мұражай-үйін тағы бір күрделі жөндеуден өткізді. Бірақ осыдан тура ширек ғасыр бұрын, яғни жазушының 100 жылдығына орай жасалған бұрынғы экспозиция сол күйінде қалып отыр. Қазіргі қарыштап дамып кеткен музей ісінің заманауи технологиялармен салыстыр­ғанда мұндағы дүниелердің моральдық және техникалық жағынан ескіргені белгілі. Музей үйдің негізгі залында  бейнепроекция, жазушы бейнесін сомдаған голограмма пайда болса, музей қонағы мен Мұхтар Омарханұлының арасында қызу диалог атмосферасын тудыру мүмкін еді дейді музей қызметкерлері. Ондай тәжірибе жоқ емес. «Мысалы, Қонаев мұражайында тамаша жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Бұл үшін әкімдік ақша бөліп, бүкіл құрам түбегейлі өзгерді: Дінмұхамед Ахметұлының балауыз мүсіні пайда болды, оның өмірі мен шығармашылығы туралы ақпаратты үш тілде көрсететін экрандар қойылды» дейді мұражай-үйдің директоры Диар Қонаев. Диар Асқарұлы Минскідегі жазушылар мұражайларындағы техникалық жаңалықтары жайында еске салды. Онда келген қонақ Янка Купаланың жұмыс бөлмесіне кіріп, оның дәл қасында отырғандай әсер алады. Бұл технологиялық жаңалықтардың арқасында жасалады. Тек адамның бейнесі ғана емес, оның өзі оқыған өлеңдерін  ақынның дәл қасында тұрып тыңдайсыз. Осылайша бар болмысыңызбен ақынның жан дүниесіне жақындайсыз. Өкініштісі, заңғар жазушымыздың бейнесін сомдайтын жаңа көріністі ұйымдас­тыруға дайын компаниялар болғанымен, олардың қызметіне уыстап беретін қаражат музейде жоқ.

Осыдан біраз жыл бұрын Ыстықкөл жағалауындағы Әуезовтің мұражай-кітап­ханасына жол түскен-ді. Жазушының ұлы Мұрат Мұхтарұлы бұл үйдің  тарихи маңызын, жазушы өміріне қатысты құнды жәдігер екенін айтқан еді. Шатыры тозып, ағаш баспалдағы сықырлап, жазушының қолымен еккен қайыңдары бар бағы да күтім қажет етіп тұрғанына куә болдық. Қырғыз ағайындар қолдарынан келгенше аянып жатқан жоқ шығар. Өзіміздің  Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері де өткен жазда келіп кеткен екен. ­Әлі әрекет жоқ.

Әуезовтанушыларға жақсы таныс, жазушының алғашқы жинақтары 4 томдық болып, сосын 8 том, одан кейін 20 томдық болып жарық көрді. Осы 20 томдықта алғаш рет бұрындары тыйым салынған шығармалары жарияланып, оқырмандарына жетті. Оның ішінде «Хан Кене» пьесасы, 20-жылдардан бері жабық болған бірнеше ғылыми мақалалары да жарық көрді. 1997 жылы жазушының академиялық елу томдығын шығаруды қолға алып, 2011 жылы елуінші том оқырман қолына тиді. Енді, міне, бұрын жарияланбаған дүниелері табылып, он томдықтың басы құралып, ол да шығарушысын күтіп тұрған жайы бар.

Жазушының мол мұрасы оның қазақтанудағы, «Жаңа Қазақстан» алдындағы мәңгілікке кететін қызметін даралап, жаңа толқын алдында насихаттау ісі елдіктің белгісіне айналып, мемлекет тарапынан қамқорлануы тиіс деп ойлаймыз. Алдағы наурыз­да жазушы есімі берілген елорда мектебінің бірінде жазушыға арналған зал ашылады деп естіп қуанып жүрміз. Тарихымызды түгендеп, қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалаған тұғырлы тұлғаларымызды ұлықтау ісі халықтың рухани көзін ашуда, ұлттық негізін бекітуде көп әсер етеді деп жүрміз. Сол себепті де араға жылдар салып  айналдырып қайта оралып, кем-кетіктерін толтырып, жоғалған мұрасын түгендеудің маңызы зор.

Осыдан екі жыл бұрын Абайдың 175 жылдығын атап өттік. Министрліктердің қолы жеткен жерлерге ақынның ескерткіш-бюс­терін орнатып, кештер ұйымдастырылып, Абайды адамзатқа жақындата түсті. Осы дүрмекте Абайдың атын шығарған жазушы Мұхтар Омарханұлының еңбегі елеусіз қалғандай болды. Әлі де үмітіміз жоқ емес.

Елордамызды елдіктің символы деп жүрміз. Елдіктің бір көшін түгендеп, қазақ әдебиетінің ер-тұманын түгендеп берген заңғар жазушы, ғалым, драматург Мұхтар Әуезовтің еңселі тұлғасын сомдаған ескерткішін Есілдің бойында тұрғызудың неліктен сәті түспей жүргенін қалай түсінуге болады?

Халықтың ұлы жазушыға деген құрметі мен ықыласы артпаса кеміген жоқ. Оның белгісі ретінде қыр­ғыздың мүсіншісі Тамила Маматова қырғыз бен қазақ достығының ишарасындай етіп жазушының мәрмәр тұлғасын жасағанын айтып, оның жанында түскен суретінің әлеуметтік желіде жүргенін көрдік. Біздерге мүсін де, мүсінші де ұнады. Оны елордамызға орнату тек уақыттың еншісінде ғана емес, ниетке де байланысты сияқты.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button