Қала тіршілігі

БАС ҚАЛАМЕН БІРГЕ ЕСЕЙГЕН «АСТАНАТЕЛЕКОМ»

Бүгінгі таңда елорда тұрғындарын телекоммуникация құралдарынсыз көзге елестету тым қиын. Себебі, қазіргі күні  Астанада телефон желісі қосылмаған үй немесе ғаламторды пайдаланбайтын пенде жоқтың қасы. Атап айтқанда, «Астанателеком» ҚТО жергілікті жұртшылыққа қазіргі заман талабына сай жаңа сандық технологиялар негізінде ең керемет телекоммуникациялық қызмет түрлерін ұсынуда. 

«Қазақтелеком» АҚ-ның Астана қаласындағы «Астанателеком» ҚТО филиалында орналастырылған бұл мұражайға «Телеграф», «Телефон», сондай-ақ, «Радио және теледидар» санаттары бойынша 100-ден астам көне экспонат қойылыпты. Соның бірі – бір ғасырлық тарихы бар, яғни 1910 жылы жасалған Le Marty фирмасының француз телефоны.

Әсем Астанамыз биыл 15-ке толғалы отырса, «Астанателеком» ҚТО да осы жылы өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай, елордамызбен бірге өсіп, бірге қалыптасып, бірге қанат жайып келе жатқан мекеменің өткені мен бүгінін бір ой елегінен өткізіп, онда атқарылып жатқан ша­руаларға аз-кем тоқталуды жөн көрдік.

Өткенсіз бүгін жоқ

«Астанателеком» ҚТО-ның ғұмыры Астана қаласы елорда мәртебесіне ие болған тұстан басталады. Өткенге көз салсақ, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» № 2457 Жарлығы шықты. Соның негізінде бұрынғы облыс орталығы Ақмола қаласына астана мәртебесі берілді. Көп ұза­май, нақтырақ айтсақ, 1998 жылдың 5 ақпанында «Қазақтелеком» АҚ акцио­нерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтті. Сол жиналыстың №2 хаттамасына сәйкес, «Астанателеком» ҚТО-ны құру туралы» шешім қабылданып, астаналық телекоммуникация орталығы Ақмола облыстық телекоммуникация дирекциясы құрамынан бөлініп шықты. Оның бірі біздің қала тұрғындарына, ал екіншісі Ақмола облысына қызмет көрсете бастады. Бұл – қала тағдырындағы аса шешуші кезең еді. Әрине, кәсіпорынның қалыптасу жылдары оңайға соққан жоқ. Қиындықтар көп болды. Көп нәрсені басынан бастауға, атап айтсақ, қалалық радиотелефон желісін, қалааралық телефон станциясы мен радио торабын біріктіруге тура келді. Мемлекеттік мекемелердегі байланыстың бір сәтке де үзілмеуі үшін монтерлер мен байланысшылар күн-түн демей дамылыссыз еңбек етті. Осылайша, 1998 жылдан бастап 2002 жылға дейінгі аралықта желіні жаңғырту бағдарламасы жү­зеге асырылды.

Кадр біліктілігі бәрінен қымбат

Бас қала инфрақұ­ры­лы­мының ажырамас бір бөлігі болып саналатын «Астанателеком» ҚТО-ның қыз­ме­тіндегі негізгі басым ба­­­­ғыт­­­тардың бірі – кәсіби бі­лік­ті мамандар даярлау. Осы мақсатта 2008 жылы тех­никалық қызмет көрсету ор­талығының базасында ме­­кеменің оқу полигоны ашылған болатын. Онда жұ­мысшыларды оқытуға, қайта оқыту мен біліктілігін арттыру ісіне ерекше көңіл бөлінеді.

Оқу полигонында тех­ни­калық блок жұмыс­шы­ла­рының өндірістік да­йын­­­дықтан өтуіне, яғни жұ­мысқа жаңадан келген қыз­­меткерлердің білмегенін үй­­ренуі мен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан электро­монтерлер мен электромеханиктердің, кәбілші-дәнекерлеушілердің біліктілігін арттыруға барлық жағдай жасалған. Мұндағы оқу техникалық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі.

Оқу полигонында зама­науи құралдармен жаб­дықталған оқу сыныбы мен өндірістік сабақтар жүргізуге арналған орын бар. Оқу сыныбы байланысу сұлбасы салынған ақпараттық стендпен безендірілген. Сабақ өткізілетін жерде байланыс модельдері емес, негізгі телекоммуникациялық құ­ралдар қойылған. Бұл жерде тыңдаушылардың теле­коммуникациялық қызмет саласындағы ең соңғы жаңа­лықтармен толық танысуына мүмкіндік мол. Кәсіпорын аумағында орналасқан оқу полигонында пәтердің макеті қойылған. Пәтердің макетіне барлық қызмет түрлері, атап айтсақ «Megaline», «iD TV» , «iD Phone», «iD Net» қосылған. Сол арқылы орталықтың байланыс саласында жұмыс істейтін техникалық мамандары телефонды пәтерде қалай жүргізуге болатынын және мыс кәбілімен қарапайым модемге қалай қосу керектігін және т.б. оқып-үйренеді. Жалпы, мұнда өткізілетін әрбір тәжірибелік және практикалық сабақтар барысында жаңадан келген тыңдаушы да, сондай-ақ тәжірибелі жұмысшы да өзіне қызықты деректер ала алады.

Кәсіби білікті әрі білім­ді мамандар дайындауды бас­ты мақсат еткен қала­лық телекоммуникация орта­лығындағылар елі­міздің бас қаласымен бірге есейіп келе жатқанын, сөз жоқ, мақтан тұтады. Жалпы, мекеменің кез келген қызметкері ел­ордалық мәртебеге сай қыз­мет ету керектігін бір сәтке де естен шығармайды. Қалалық телекоммуникация-лар орталығының басшылары болса олардан үнемі кәсіби біліктіліктерін арттырып отыруды, сондай-ақ қызмет көрсету барысында мәдениеттілік танытумен бірге мемлекеттік тілді еркін меңгеруді талап етеді.

«Астанателеком» ҚТО Бас директоры Ермек Бо­латұлы Қуанышбековтің айтуынша, қалалық телекоммуникация орталығы мұнда келуші клиенттерге де, сонымен бірге осында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге де жұмыс істеуге барынша жайлы жағдай туғызу мақ­сатында, қолдан келген мүм­кіндіктердің барлығын қа­растыруда. Соның нәтижесі болар, бүгінде тұтынушылар «Астанателеком» ҚТО ұсын­ған қызмет түрлеріне дән риза.

Мінсіз қызмет – абыройлы міндет

«Астанателеком» ҚТО-ның кеңейтілген сервис орталығы 2002 жылдың 3 сәуірінде ашылған. Оны құрудағы негізгі басты мақ­сат, қалалық телекомму­ни­кация орталығын теле­коммуникациялық қызмет түрлерін жүргізуге дайындау, осы саладағы қызметтің жаңа түрлерін нарыққа ен­гізумен бірге, байланыс операторларының қызметін жақсарту болатын.

Бұл орталықта ISDN қызметі мен жаһандық интернет желісіне қол жеткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Кор­­поративті клиенттермен жұмыс істеу үшін және оларға телекоммуникациялық қыз­меттің барлық түрлерін тиісті деңгейде ұсыну мақ­сатында ашылған осы ор­талықта, келушілерге ерекше ықыласпен әрі құрметпен жоғары сапалы қызмет көр­сетіледі.

Кеңейтілген сервис орта­лығы негізгі екі бөлімнен тұрады. Олар: қызметтерді ілгерілету бөлімі, сату және сүйемелдеу бөлімі. Он­дағы қызметкерлер заңды тұлғалармен, яғни жауап­кершілігі шектеулі серік­тестіктермен, акционерлік қоғамдармен және жеке кәсіпкерлермен жұмыс істейді.
Техникалық жабдықтау орталығы телекоммуникация жүйесіндегі жұмыстың үздіксіз жүргізілуін қам­тамасыз етумен айналысады. Бұл қалалық телекоммуникация орталығындағы ең негізгі өндірістік учаскелердің бірі болып табылады.

Ұжымда сексенге жуық адам еңбек етеді. Олардың арасында байланысшылардың барлық буын өкілдері бар. Көп жылдан бері осы салада тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ардагер мамандар, кейінгі толқын арасында тәжірибелерімен бөліссе, жұмысқа жаңа келген жас мамандар олардан білмегендерін сұрап, үйренуден тартынбайды.

Әрине, мұнда кездейсоқ келген адамдар жоқ. Әрбір маман өз ісіне ерекше жа­уапкершілікті сезінеді. Се­бебі, олар өзі атқаратын жұмыстың нәтижесі жалпы ортақ іске байланысты екенін жақсы түсінеді. Ал, орталықтың негізгі жұмысы елордамыздағы байланыс сапасын жақсартуға ба­ғыт­талған.
«Астанателеком» ҚТО сату орталығының қыз­мет­керлері де абоненттерге жоғары сапалы қызмет көр­сетуді басты мақсат санайды. Cату орталығы үш бөлімнен тұрады: тех­никалық сүйемелдеу бө­лімі, сату және сервистік қызмет көрсету бөлімі, қызметтерді ілгерілету тобы. Азаматтардың өті­ніштері мен олардың тө­лемдерін қабылдау осы ор­талықта жүргізіледі. Бұл бөлімде 50-ге жуық маман «Клиенттің айтқаны қашан да – заң» деген қарапайым ұранмен жұмыс істейді. Сондықтан да олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді.

Байланыс орталығында да операторлар отырады. Олар клиенттің кез келген мәселесін жылдам әрі сапалы шешуге тырысады. Өз жұмыстарына деген осындай көзқарастың арқасында қалалық телекоммуникация орталығы бөлімшелерінің қызметкерлері жоғары нәти­желерге қол жеткізуде.
Тұтынушыларды ақ­па­раттық қолдау орталы­ғының қызметкерлері ха­барласушыларға анық­та­малық-ақпараттық қызметтің сан алуан түрлерін ұсынады. Мәселен, 160 нөмірін теру арқылы клиент өзіне қажетті ақпараттарды ала алады. Атап айтсақ, тұтынушының телефон арқылы Мегалайн қызметіне қосылуы үшін немесе негізгі және қосымша телефон орнатуға өтініш беруіне, сонымен бірге көрсетілетін қызмет және тариф бойынша кеңес әрі анықтама алуына әбден болады. Жалпы, сала қызметкерлерінің іс-әре­кеті мен жұмысқа деген құл­шынысы, олардың клиенттерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды ғана мақсат ететіндерін аңғартты. «Осы мақсатқа қол жеткізу үшін, біз телекоммуникация саласын жаңғырту және сервис-менеджмент жүйесін толық жетілдіру барысында тұрақты жұмыстар жүргізіп келеміз», – дейді «Астанателеком» ҚТО-ның бас директоры Ермек Қуанышбеков.

Мұражайға келушілер көп

Астанадағы телекомму­никация орталығында, са­ласының әр дәуірдегі же­тіс­тігінен сыр шертетін «Ұр­пақ пен уақыттың байланысы» атты бірегей мұражай бар. «Қазақтелеком» АҚ-ның Астана қаласындағы «Астанателеком» ҚТО филиалында орналастырылған бұл мұражайға «Телеграф», «Телефон», сондай-ақ «Радио және теледидар» санаттары бойынша 100-ден астам көне экспонат қойылыпты. Соның бірі – бір ғасырлық тарихы бар, яғни 1910 жылы жасалған Le Marty фирмасының француз телефоны.

Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы алпауыт компаниялардың үлгі ретінде шығарылған ал­ғашқы өнімдері, атап айтсақ өткен ғасырдың 20-30 жылдары шығарылған Siemens компаниясының алғашқы телефоны да мұражай төрінен орын алған.

Осындағы ең көне жәді­гердің бірі – 1905 жылы үлгі ретінде шығарылған телефон аппараты. 1955 жылғы КВН түріндегі ТВ қабылдағышы, қазіргі радионың прототипі – радиорепродуктор бүгінгі таңда баға жетпес құнды дүние. 1867 жылы Морзе ойлап тапқан құпия аппарат пен Морзенің тағы бір туындысы – телеграф та осында тұр. Оны Ресейден алдырыпты.

Бір қызығы, мұндағы кө­не дүниелердің барлығы да жұмыс істеп тұр. Тетігін бас­саң болды, сайрай жөнеледі.

Мұрағатқа қойылған құ­жаттар, фото және бейне, аудио жазбалар тек Ақмола облысы аумағында ғана емес, жалпы республика ау­мағындағы телекоммуника­ция құралдарының даму тарихын көрсетеді. Орталық қызметкерлері барлық қа­ла­ларды аралап жүріп, мұнда құнды заттарды жинап әкеледі екен. Мұражайға қойылған төрт үлкен монитордың бі­ріншісінде телефоннның ал­ғашқы үлгілері туралы деректер айшықталса, екіншісінде телефон тарихы мен оны құрастырған өнертапқыштар туралы деректер көрсетіледі. Ал, үшіншісінде әр дәуірде бізге келген құрметті қонақтар мен тұтынушыларымыз туралы деректер берілген. Соңғы монитор телекоммуникация қызметкеріне, яғни осы салада қызмет еткен кәсіби мамандарға, ардагерлерге арналған.

Мұражай шағын бол­ға­нымен, құнды дүниелері жа­­ғынан Ресейдің Санкт-Петербург секілді ірі қала­сындағы жәдігерлерден кем емес көрінеді. Мұнда адам­дар өте көп келеді екен. Құрметті қонақтар тілек кітабына ізгі ниеттерін жазып, өз пікірлерін қалдырып жатады. Осылайша, аталмыш жүйеннің жетістіктеріне біз де куә болдық.

Тілек кітабына түсер келесі қолтаңбаның иесі бәлкім, сіз боларсыз, құрметті оқырман. «Жақсыны көрмек үшін» деген. Ендеше, асығыңыз…

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button