Жаңалықтар

Баспасөз хатшысы

Behind-the-scenes

Осыдан 5-6 алты жыл бұрын дәм жазып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Баспасөз қызметінде жұмыс істедім. Жетекшім,  екі тілде еркін сөйлейтін,  бір айтар мінезі бар Жұмагүл деген апай болды. Обалы нешік, бар білгенін айтып, үйретіп отыратын ұстаздық қасиеті де мол еді. Қажетті жерінде қатаң талап та қоя білетін. Әлеуметтік сала болғандықтан ба, әлде халықтың ең бір «күйіп» тұрған мәселесі денсаулық болғандықтан ба, баспасөз қызметіне жер-жерден  хаттар легі тоқтаусыз, үсті-үстіне келіп жатады.

Одан қалды журналистердің сұрақтарына жауап беру, оған лайықты маманды тауып сөйлету секілді сан алуан мәселелер алдымызда самсап тұрады. Соның бәріне екі маман қал-қадерімізше үлгеріп, «әрбір хаттың артында адам тағдыры тұрғанын» түсініп, мүмкіндігі келгенше өз жұмысымызды тыңғылықты атқардық. Міне, сол кезде баспасөз қызметінің қаншалықты салмағы бар екенін, оған көпшіліктің айрықша маңыз беретінін ептеп болса да түсіндім.
Бүгінгі таңда біздің елімізде мемлекеттік мекеме болсын, жеке компания болсын, сондағы жұртшылықпен арадағы байланысты сабақтап отыратын баспасөз қызметі жайлы екі түрлі пікір қалыптасқан. Алғашқысы, олар жайлы жылы сөз айтылса, екіншісінде жағымсыз пікірдің ұшы қылаң береді. Бұл жерде мәселенің мәні тереңірек. Біздің мемлекетте көп шенеуніктер баспасөзден бойын аулақ ұстап, неғұрлым бейтарап болғанды қалайды. «Артық бірдеңе айтып қойсам, ертең қалай болады» деген қолпылдақ қорқыныш та басым. Осының баспасөз қызметіне тигізіп отырған салқыны мол. Өйткені, маманның басшысынан асып, артық ақпарат беруге құқы да жоқ. Сондықтан оған түсіністікпен қараған жөн. Расы керек, елімізде сөз бостандығы, өз ойын ірікпей айту, жариялық деген ең бір өзекті дүниелер әлі де болса шабан дамуда. Сосын біздегі мемлекеттік мекемелердегі баспасөз қызметінде жұмыс істейтіндердің дені – жастар. Олардың кәсіби біліктіліктері де кейде кемшін түсіп жатады. Күнделікті газеттің тапсырмасымен бір маңызды ақпарат алу үшін көп жағдайда баспасөз хатшыларына көбірек жүгінеміз. Мүмкіндігі болса, сол арқылы басшылыққа шығып, әлгі ақпаратты нақтылай түссек дейміз ғой. Оған біздің арадағы «байланысшымыз» журналистерден өз басшыларын аулақ ұстап, әйтеуір, артық пікір айтпаудың жолын ұстанып, «есіктің ар жағынан» сөйлескендей қалып танытатын жағдайлар да болып тұрады. Бұл енді таза қызметтік этикаға байланысты. Сондықтан, осындай кемшіліктерден арылу қажет.
Айталық, кезінде АҚШ-тың президенті болған Билл Клинтонның бұрынғы баспасөз хатшысы Ди Ди Майерс: «баспасөз хатшысы тиімді жұмыс істеу үшін журналистердің қолы оған жететіндей болуы керек, ол әр нәрседен хабардар болуы керек және демократия жағдайында баспасөздің ерекше маңыз алатындығына оның сенуі керек» деп айтқан екен. Бізде де осы салада тәжірибесі мол, өз міндетін ұршықтай иіріп отырған қаламы қарымды журналистер жетерлік. Осы тарапта «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Қоғаммен байланыс менеджері Қонақбай Саттаров ағамыздың айтқан ойы да орамды.
– Ұлттық компанияларда БАҚ-пен жұмыс істеу, негізінен, қоғаммен байланыс құрылымдарының еншісінде. Олардың қызмет аясы, әрине, баспасөз хатшыларынан әлдеқайда ауқымды. Басы ашық бір ақиқат, еліміздегі компаниялардың журналистерге ашықтығы, ақпарат ұсынуға әзірлігі дабыл қағатындай дәрежеде емес. Тек ерекшеліктерін ескеру қажет.
Ұлттық атом компаниясы мысалында айтар болсам, Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарының бәрі дерлік стратегиялық нысандарға жатады. Сол себепті барлық ақпаратты жайып салу мүмкін емес. Журналистер де оны талап етпеуі керек. Осы орайда бізге келіп түсіп жататын тілшілер сауалдарының орашолақтығына назар аударғым келеді. Көпшілігі өнеркәсіп тақырыбымен атүсті ғана таныс, компанияның бағыт-бағдарын жете біле бермейді. Кейде, тіпті, бізге қатысы жоқ сұрақтармен мазалайтыны бар.
Тағы бір ескеретін жайт, сұрақтарға берілетін жауаптар арнайы құрылымдармен келісіледі. Бұл – саланың ерекшелігінен туындайтын талап. Оған қоса, бірлескен кәсіпорындардың қызметіне қатысты ақпаратты кейде инвесторлармен келісу қажет болады. Ол да біршама уақытты талап етеді. Сондықтан қалам ұстаған ағайынның компаниялардың баспасөз қызметіне түсіністікпен қарағанын қалар едік.
Орайы келгенде айта кетер бір мәселе, бізде өнеркәсіп тақырыбында қалам тартып жүрген журналист көп емес. БАҚ-тағы азды-көпті ақпараттарды екшеп, талдау жасаған дүниелер жоқтың қасы. Ал анда-санда бір көрініс беретін шолу (сараптамалық емес) материалдарда дерек пен дәйектен гөрі сұлу сөзді ойнату басым. Нәтижесінде таңдалған тақырып ашылмай қалып жатады. Сондай-ақ, компания тарататын баспасөз баяндарын сол қалпында ұсыну етек алған. Ондағы баяндалған оқиғаның маңызы мен мәніне оқырман назарын аудару немесе басылымның ерекшелігіне қарай өз сөзімен баяндап беру ескеріле бермейді, – дейді баспасөз қызметінің білгір маманы.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button