Білім

Білімді жастың болашағы жарқын

«Күш – білекте емес, білімде» дейді дана халқымыз. ХХІ ғасыр – ақыл-ой, білім-ғылым, инновация мен креативтілік негізінде үнемі өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. Егемендік алғалы білім саласында ауыз толтырып айтарлықтай тың жобалар жүзеге асты. Ал биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылуда. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.

[smartslider3 slider=454]

Ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектеп салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру және басқа да мәселелер жалғасын тапты. Жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұлттық жоба бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы туралы айтқанда, біз бұл құжатты білім беруді дамыту тұжырымдамасымен бірге қарастыруымыз керек. Бұл құжатты жыл соңына дейін бекіту жоспарланып отыр. Ұлттық жобаға сәйкес елімізде толық жинақталған ауыл мектептерінде жан басына қаржыландыру біртіндеп енгізілетін болады, педагогтердің еңбекақысын арттыру мәселесі қаралады. Ұлттық жоба 4 негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Оның ерекшелігі – ол нақты және ең маңызды міндеттерге бағытталған. Егер 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламамен салыстыратын болсақ, онда бұл жерде іс-шаралар 10 есе аз. Бірақ бұл проблемалар аз шешіледі дегенді білдірмейді. Дәл осы жерде мемлекет негізгі қол жеткізуге болатын және ең қажетті міндеттерге баса назар аударады» деді Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов.
Сонымен қатар, министр бір жарым жыл ішінде педагогтердің құқықтарын бұзғаны үшін 200-ден астам түрлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Балабақшамен толық қамтылады
Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95 пайызға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100 пайызға жетеді.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізілетін болады. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертіледі. «Қазіргі өркениетке ұмтылған қоғам талабына сәйкес, еліміз дамыған елдерімен иық тіресіп тұру үшін білімді, зерделі, өз бетімен іс-әрекет ете алатын, қоғамнан өз орнын таба алатын шәкірттерді дайындау – ұстаздың міндеті. Ұлы педагог В.А.Сухомлинский ойын ойнамай, бала толыққанды дамымайды деп жазған. Ойынға да басқа оқыту формалары сияқты арнайы психологиялық қағидалар талап етіледі. Мектептегі оқушы өмірінің көп бөлігі 45 минуттық сабақта өтеді. Міне, осы кезде оқушы тек білім алып қана қоймай, шығармашылықпен айналысуы керек. Осы тұрғыдан ұлттық жоба ұрпақ үшін пайдалы дер едім. Себебі қазіргі балалар қолдарындағы гаджетке телміріп роботқа айналып барады. Бір-бірімен сөйлесу, бұрынғыдай дене қозғалыстарын жасай отырып ойнау деген түсінік атымен жоқ» деді елордалық мұғалім Дина Жайсаңбаева.
12 жылдық білім
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Жоба шеңберінде 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.
«Елімізде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің алғашқы сатылары 2011-2014 жылдары қолға алынған болатын. Осы жылдардан бастап мектептерде оқулықтар жаңартылып, жаңа стандартқа икемделе бастады. XXI ғасырдың зерек жастарына жаңаша ойлау мен өзгеше жүйеде білім беру бүгінгі таңның басты талабы екенін ескерсек, бұл өзгерістер толығымен қолдауға ие болары сөзсіз. Барлық оқыту бағдарламаларын жаңартып, базаны жетілдіру, ұстаздарды қайтадан даярлықтан өткізіп, бағалаудың жаңа түрін енгізу қадамдары толығымен нәтижелі жүзеге асты. Әрине, алғашқыда жаңа бастамаға қарсы ата-аналар қатары аз болған жоқ. Бірақ қазір көпшіліктің көзі 12 жылдық білімнің маңыздылығына жетті. Мысалы, шетелдерде 12 жылдық білім беру әлдеқашан басталып кеткен» деді білім саласының сарапшысы Бауыржан Садық.
Қауіпсіз мектеп
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Бала қауіпсіздігі мәселесінің маңызы зор. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Ол үшін балабақша мен мектептердегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет. Президент өз Жолдауында: «Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын» деген болатын. Бүгінде аталған жұмыстарға байланысты, қажетті іс-шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде.
Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп модернизацияланып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Тегін техникалық білім
Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Еңбек нарығында жұмысшы мамандарға деген сұраныс арта түскелі қашан. Экономика мен өндіріс саласы қарыштап дамыған сайын өз ісін жетік білетін мамандардың да ауадай қажет екені белгілі. Ал бұл сұранысты қанағаттандыру үшін бірқатар құзыретті органдар маңызды жобалар мен бағдарламаларды іске қосты. Соның бірі – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы. Осыдан төрт жыл бұрын қолданысқа енгізілген бастаманың нәтижесінде қазақстандық жастардың тегін білім алуына мүмкіндік туды. Жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған болатын. Оның тәртібі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағытында айқындалған. Ұлттық жоба аясында бұл бастама қайта жаңғырып, 2025 жылға қарай жастардың 100 пайы­зы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.
Ал бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ұлттық жоба шеңберінде Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) және 2 озық ЖОО құрылатын болады. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық жоба аясында білім саласына бірқатар өзгерістер мен жаңартулар енді. Ал жобаның қаншалықты нәтижелі болары – уақыт еншісінде.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button