Жаңалықтар

БІРЛІК ҰЙЫҒАН ЕЛДЕ БЕРЕКЕ БАР

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Адамзат баласы қауымдасып, бір мекенге топтасып өмір сүруге бейім жаратылған. Бұлай өмір сүрудің де өзіндік хикметі бар. Егер қайсыбір қауымның өмір тіршілігінде бірлік, ынтымақ, имандылық, өзара келісім, ортақ түсінік, тағы басқа құндылықтар басты орынға қойылса, сол халықтың берекесі артып, ғибратты ғұмыр кешеді.

gallery_6150_4_2125981

Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла береке нәсіп етеді. Ынтымағы ыдыраған елден ырыс та кетеді. Біз мұндай жағдайды алыстағы елден емес, жақындағы көршілерімізден-ақ көріп отырмыз.
Еліміздегі мешіттер мен медреселердің, діни оқу орын­дарының жұмысын қада­ғалап, бақылап-басқарып отыру міндеті маған жүктел­геннен кейін жамағатты діни саладағы кейбір нәзік мәсе­лелерге әр­дайым байыппен, сабыр­мен қарауға шақы­рамын.
Дін тек бірлік пен бейбітшілік орнаған елде қанат жаяды. Мұны әсте ұмытпауымыз қажет. Бүлік бар жерде береке кетеді. Ондай ортада дінді ұстану былай тұрсын, адамның күнделікті өміріне қауіп төнбей ме?
ХХІ ғасыр осындай күйге душар болған миллиондаған халықтың бүгінгі мазасыз өмір тіршілігіне куә. Алла Елшісінің «Көпшілікпен бірге болыңдар, бөлінуден сақтаныңдар» деп бұйы­руында үлкен ғибрат бар. Мұндайда халқымыз «Бөлін­генді бөрі жейді» демей ме?!
Дін – адамды Алланың дана­лыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуға, ізгілікке бастайтын ұлы жол. Имандылық –адамға екі дүние­нің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелеп, жақсылыққа үндейді, адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды.
Дін – бүкіл әлемде адам­дардың рухани дүниетанымын байы­тып, жер бетіндегі адамзат қауымының игілікте өмір сүруіне ықпал ететін қуатты күш.
Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемле­ке­ті­міздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз.
Алла Тағала Қасиетті Құранда «Маида» сүресінің 2-аятында адамзат баласына «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…» деп бұйырған.
Біз халықтарды бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыруда діни тұлғалардың айрықша рөлін ескеріп, имам­дардың әлеуетін, қабілеті мен тәжірибесін арттыруға баса назар аударып келеміз.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, мәселен, отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді сауапты амалдарға да мән береді.
Президентіміз жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беретін, сонымен қатар жаңа тарихи жағдайларда ұлтымыздың дамыған мемлекеттердің отыз­дығына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» жоспарын жария­лады. Бұл бағдарлама күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын болады. Осы құжатта әлеуметтік көмек, сапалы білім беру, сапалы медициналық көмек сынды халыққа қажетті мемлекеттік қолдаулар айтылды. Сапалы білім алған, дені сау адам елдің игілігі мен өркендеуіне көбірек үлес қосатыны даусыз.
Осы тұрғыда Елбасымыздың бастамасын қолдау мақса­тында мүфтият тарапынан имамдардың діни және зайыр­лылық сауаттылығын арттыруға баса мән берілуде. Қазіргі таңда көптеген имамдарымыз діни білімдерімен қоса зайырлылық білім алуға көптеп талпыныс білдіруде. Халқымызға сапалы қызмет көрсету – имамдарымыздың басты міндеті.
Мемлекет басшылығы еш­қашан жеті рет өлшеп, бір рет кеспей шешім қабылдамайды. Басшыға бағыну – кәміл мұ­сыл­манның бір парызы, ал басшылық қашанда халықтың игілігіне жарайтын шешімдер қабылдайды. Сондықтан қазіргі таңдағы қоғам ішінде туындап жатқан түрлі мәселелерге кең түсіністікпен қарап, ел ішінде тыныштықты, ауызбірлікті сақтап ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу, әрбір мұ­сылманның міндеті болып табылады.
Қазіргі күні біздің қоға­мымызда жер мәселесіне қа­тысты жұртшылық тарапынан туындаған алаңдаушылықтарға байланысты Жер кодексінің жекелеген баптарына Елбасымыз мораторий жариялағандығы дүйім жұртқа мәлім. Сондықтан жер мәселесін Президент айтқандай ақылға салып, қоғамдық талқыдан өткізіп оңтайлы шешім жолын ұсы­нуымыз қажет.
Әрбір адамның жаны, өмірі өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда құлдай еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз һәм мұсылмандық міндетіміз.
Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында еңбек етіп келеміз. Өйткені, халықтың иманы мен руханияты артса, еліміз де өркендейді.
Бейбіт заманды басты бай­лығы санаған халқымыз қа­шанда татулықты тұғырына айналдырған.
Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қай­раткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.
Халқымызда «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген қанатты сөз бар. Алла Тағала барша адамға Құран кәрімде Хужурат сүресінің 10-аятында «Шын мәнінде, мүмкінде ағайындар. Сондықтан да ағайын арасын түзетіңдер…» деп бұйырған.
Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.
Бүгінде қоғам діннің адам­гершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да парасатты адамның асыл парызы емес пе? Ендеше, ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болайық, бауырлар!
Алла Елшісінің: «Берген қол алған қолдан жоғары» деген өсиетін негізге ала отырып, әрдайым мемлекетімізден қол жайып сұрай бермей, біз мемлекетімізге не бере алдық, Отан үшін не істедік деген сұрақтар әрбір мұсылманды мазалауы қажет.
Еліміздегі әрбір кәсіп немесе мамандық иесі өз саласы бо­йынша ең сапалы түрде қызмет етер болса Елбасымыз меже етіп көрсеткен дамыған отыз елдің қатарына енуіміздің ауылы алыс емес екендігі – бар­шамызға белгілі жайт.
Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Жер бетінде тыныштық орнап, қашанда тату ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мұсылмандық мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай! Әмин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button