Жаңалықтар

«Болашақ» өндіріс ошақтарына барады

Астанадағы «Рэдиссон» қонақ үйінде «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ашылды. Жәрмеңкеде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– Бүгінде қанша түлек жұмысқа орналастырылды?
– Бұл жәрмеңкеге 600-ге жуық түлек қатысуы мүмкін. Олардың дені бакалавр бағдарламасын тәмамдаған. Ал, магистратураны бітірген мамандардың барлығы бүгінде жұмыспен толық қамтылып отыр. Себебі, оларға сұраныс жоғары. Айта кетейік, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне мұнай-газ және энергетика саласының жетекші компаниялары қатысуда. Біз іргелі зерттеу жұмыстарын өткізіп, «Болашақ» бағдарламасы 20 жыл ішінде елімізге қаншалықты пайда әкелгенін анықтап көрмекпіз. Қолға алынған мерзім ішінде оның тиімділігі әлі бірде-бір рет зерттелген емес. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің өз еліне нендей материалдық және материалдық емес пайда әкелгені, шынымен де, үлкен жұмыс болмақ. Оның нәтижесін қыркүйек айында жариялаймыз.

– Осы күнге дейін қанша адам «Болашақ» стипендия-сына ие болды?
– Жиырма жылдың ішінде 9532 адам «Болашақ» стипендиясын алды. Еліміздің жетекші салаларында 5760 түлек еңбек етуде. Бағдарлама бойынша тек бай-бағландардың ғана балалары білім алады деген – бос сөз. Болашақтықтардың 80-90 пайызы – өңірлерден, қарапайым отбасылардан шыққандар. «Болашақ» түлектерінің бәрі мемлекеттік қызметте деген пікір де жаңсақ. Бүгінге дейін шетелден білім алған 6 мыңға тарта түлектің 11 пайызы ғана мемлекеттік қызметте. Елу пайыздан астамы жекеменшік компанияларда жұмыс істейді.

– Қанша түлек жұмыссыз жүр?
– Қазіргі кезде Қазақстанда жұмысқа орналаспаған 85 түлек бар. Алайда, олар дипломдарын әлі алмаған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жүріп, оқуды тастап кеткен жастар да бар. Осы мәселеге қатысты 27 іс сотқа жіберілді. Оның 20-сы біздің пайдамызға шешілсе, жетеуі әлі қаралып жатыр. Заң бойынша ондай азаматтар республикалық бюджеттен оқуы мен шәкіртақысына кеткен шығынды өтеуі тиіс. Соттың шешімімен оған 10-15 жыл беріледі. Ал, кепілдікте тұрған үй-жайлар шығынды өтеудің ең соңғы шарасы ретінде қарастырылады. Түлектердің басым бөлігі Астана және Алматы қалаларында жұмыс істеп жатыр. Біз бұл үрдісті өзгертіп, оларды аймақтарға жіберіп отыруды көздейміз. Бүгінгі түлектердің 60 пайызы – техникалық мамандар. Демек, олардың еңбек нарығы Астана мен Алматы емес. Ондай түлектер өңірлерде жұмыс істеп, еліміздің өндірістік әлеуетін көтеруі тиіс. Біздің ендігі мақсатымыз да – сол. Техникалық білімі бар «Болашақ» түлектерін жинап, өндіріс ошақтарына жіберетін боламыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button