Мәдениет

«ДАРА ДАРЫН – ДҮКЕНБАЙ»

Дукенбай Досжан

Бейсенбі күні ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжанның дүниеден өткеніне бір жыл толуына орай «Қанатты қаламгер», «Құдіретті қалам иесі» кітаптарының тұсаукесері болып өтті. Жазушы шығармаларының ой-қырына үңілген «Қанатты қаламгер» монографиясының авторы Ақтөбе гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Алпысбай Мұсаев болса, екінші кітап қаламгердің жары, жазушы Сәуле Досжанның «Құдіретті қалам иесі» естеліктерден тұрады.

Қазақ жазушылары арасында Д.Досжанның шығармалары әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылып, 7,7 млн данамен таралған. Соның нәтижесінде, еліміздегі ең оқырманы көп жазушы атанған. «Мұхтар жолы», «Абай айнасы», «Алыптың азабы», «Абақты» секілді деректі шығармалары арқылы Дүкенбай Досжан тұлғатану бағытында өзіндік соқпақ қалдырған еді. Тәуелсіз еліміздің рухани саяси өмірін, отаншыл сана мен оған қарсы келетін кеселді күштердің тартысы жайында «Ақ орда» романын жариялап үлгерді.

Кітаптың тұсаукесерінде сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин «Дүкенбай Досжан қазақты «қараңғы» деп үкім шығарған кешегі кеңестік кер заманның өзінде де «Отырар», «Фараби», «Жібек жолы» шығармалары арқылы ұлы даланың төсінде жұлдызды шаһарлар бол­ғанын, өркениет таңы дүниеге шығыстан атқанын айдай әлемге әйгіледі» дейді.

«Барынша ақкөңіл, кең­қолтық азамат еді. Баяғы қазақы мінездің көшінен түсіп қалған жұрнақ секілді. Бүгінгі күннің қақаң-сұқаңымен де, өсек-аяңымен ісі жоқ-тын. Кісіге жақсылық жасауға бейім, жапа шексе, көбіне адалдықтан, аңқаулықтан жапа шегетін. Жан баласына жамандық тілемейтін. Ешкімге залалы жоқ, шуағы мол. Бар білетіні – жазған шығармалары еді. Еңбекқор, көп оқып, көп тоқитын ғұлама-тын» дейді қа­ламгер жайындағы естелігінде Мырзатай Жолдасбеков.

Оқырманға ой салар кітап­тардың тұсаукесерінен соң қазақ қауымының аталы тарихы мен баталы шежіресін ғасырлар қойнауынан тірнектеп тауып, бүгінгі ұрпаққа ұластырған тарихи прозаның керуенді көшін негіздеген санаулы саңлақ тұл­ғаның бірі де бірегейі болған Дүкенбай Досжанның рухына арнап ас берілді.

Қуат Қиықбай

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button