Имантаразы

«ДІН МЕН ДӘСТҮР» ДЕР КЕЗІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ҚҰНДЫ ЕҢБЕК

DSC_0005

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты кітабы қазіргі қазақ қауымы алдындағы өзекті мәселе, өткір тақырыпқа арқау болған екен. Яғни, кітапта дін мен дәстүрдің қалыптасуы, тығыз байланысы жайлы жазылған.

Діннің не екені жалпы халыққа белгілі. Ал, дәстүр дегенді біз қалай түсінеміз? Кітапта осы жайлы мынадай анықтама беріліпті. «Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді». Дәстүр деген сөздің этимологиясы, бүгінгі тілмен айтқанда, Конституция деген мағынаны білдіреді екен.

«…Сонау 751 жылдан, яғни, қазақ даласына ислам дінінің сәулесі келген жылдан бастап дін біздің рухани тірегімізге айналды. Сол бір кездегі қытайлар мен арабтар соғысында біздің ата-бабаларымыз арабтар жағына шықты. Пұт дінінен бас тартып, ислам дініне бет түзеген заманнан бері қазақтың ұлы даласына асыл дін – ислам келді. Алайда, ислам дініне дейін де даламыздың өз заңдары, қағидалары, наным-сенімдері болды. Олар шым-шымдап сіңген шариғат дәстүрлерімен бітеқайнасты. Осылайша жалпы шариғатқа қайшы келмейтін қағидаттар, ортақ бір қосынды дәстүр пайда болды». Кітапта осылайша түсіндірілген екен. Меніңше, бұл – дұрыс болжам, ақиқатқа ең жақын тұжырым. Осылайша, ұлы далада шариғат пен дала заңдары қосындысынан пайда болған қазақ халқының дәстүрі қалыптасты. Мінеки, екі жүз жылдан астам уақыт бойы біз сол дәстүр салған ізбен жүріп келеміз. Алайда, айтуға тиіс бір ақиқат бар. Ол ақиқат кешегі жетпіс жыл бойы бізді төмпештеген идеологияның қазақтың ошағынан дінді алып кетсе де, дәстүрді өшіре алмауы. Шынын айтқанда, дін мен дәстүр – егіз ұғым. Сол дәстүрдің сақталуының арқасында біз жетпіс жылдың ішінде өзіміздің мұсылман екенімізді ұмытпадық.

Жаңа кітаптың да «Дін мен дәстүр» деп аталуы – ұлтымыз үшін өзекті мәселе, іргелі қағидат. Дін мен дәстүр ылғи да бір болуы қажет. Оның біреуі сетіней бастаса, екіншісі де сетінейді. Кешегі кеңестік кезеңде бізді жетпіс жыл бойы дінімізден айырмақ болды. Соның салдарынан дәстүріміздің де шаңырағы шайқала бастады. Біздің дәстүрімізде қазақ қонағына арақ құюшы ма еді? Жоқ, құймайтын. Ал, жаңағы жетпіс жыл ішінде қазақтың дастарқанынан арақ ажырамайтын жағдайға жетті. Осының салдарынан қос қанатынан айырылған ұл-қыздарымыз қылмысқа барып, бүкіл дәстүрді де, дінді де аяққа басты. Дін мен дәстүрдің іргесі сөгілмей тұрған кешегі ХІХ-ХХ ғасырларда бізде суицид деген болып па еді? Әрине, болған жоқ. Мұның бірінші себебі, шайқалмай тұрған дініміз бар еді. Әрбір үйде намаз оқитын аузы дуалы адамдар болды. Екіншіден, сол дінмен бітеқайнасқан дәстүріміз бұзылмай тұрды. Жетпіс жыл бойы бізді дін­нен ажыратып еді, дәстүріміз де бұзылды. Яғни, қазақ даласында болмаған, көз көріп, құлақ есті­меген, сұмдық қылмыстар, індет­тер көбейді. Суицид келді бізге қазір. Қазақтың жастары өз өміріне балта шауып жатыр. Бұл – сол кешегі үстемдік құрған құдай­сыз идеологияның салдары. Ер­жан қажы Малғажыұлының бас­тама­сымен шыққан бұл кітапта осы мә­селелер өте жақсы айтылады.

ХХ ғасырға дейін қазақ даласында жезөкшелік деген болып па еді? Болған жоқ еді. Дінімізден ажыратып, дәстүрімізді қиратқан кезде жезөкшелік те шыға келді. Дәстүрсіз, дінсіз отбасыдан шық­қан жеңіл жүрісті қыздар бүгінде жезөкшелікке салынды. Бұл нені көрсетеді? Бұл – біздің бүгінгі да­ламызда дін мен дәстүрдің сұйы­луының салдары. Кешегі дінсіз, дәстүрсіз қоғамның бүгінгі салдары, соның көріністері. Қазақ дала­сында болмаған құбылыстар етек алды. Етек алып қана қойған жоқ, жағамызға жармасты. Бұған жем­қорлық, қызтекелік, наша­қор­лық, араққұмарлық, ұрлық-қар­лық­ты да қосуға болады. Бір анадан туған бауырлардың бір-бірін ақша үшін өлтіріп жатуы жаңалық болмай қалды. Мұның ешқайсысы да дәстүрі мен діні бұзылмаған бұрын­ғы қазақ қауымында болмаған еді.

Дәл қазіргі тәуелсіздік алған, дініміз түзелген, тіліміз шешілген, екі қолымыздағы құлдық құрсау алынған тұста біз күресті бастап жатырмыз. Соңғы жиырма жылдан бері дін мен дәстүрімізді қалыпқа келтіру жолында күрес басталды. Осылайша сонау жетпіс жыл бойы батпандап кірген кеселді, індетті мысқылдап шығарып жатырмыз. Алайда, оның шығуы, одан арылуымыз аз болып жатыр.

Міне, осы тұста «Дін мен дәстүр» деген кітапты Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қалың қауымға ұсынды. «Дін мен дәстүр» кітабы – өте дер кезінде ұсынылып отырған шығарма. Бұл кітаптың біз байқаған бірнеше ерекшелігі бар. Бірінші ерекшелігі – кітап дін мен дәстүрдің бірлігі жайлы тұжырымды, нақты мысалдар береді. Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне сүйенеді. Одан кейін ондаған ислам ғұламалары, олардың асыл сөздері арқылы та­қырыпты дәлелдеуі. Ал, дәстүрлік жағынан қазақтың ауыз әдебиетіне сүйенеді. Кешегі Иүгінеки, Бала­сағұн, Асан қайғы, Бұқар жырау, Шал ақын, Әбубәкір Кердері, Абай мен Шәкәрімнен бастап бүгінгі Мұқағалиға дейінгі қазақ халқының діни дәстүрін дәріптейтін жыр-өлеңдеріне, өсиеттеріне арқа сүйейді. Осы әдеби нұсқаларға сүйен­гендіктен де, кітап мейлінше әдеби тілге жақындап, қазақтың қабыл­дауына ыңғайлана түскен.

Тағы бір ғажабы, біздің дәстү­ріміз, қазақтың қандай ұждани қағидаттарды ұстанатыны ылғи да мақал-мәтелдерінен тайға таңба басқандай көрініп отырады. Осы ретте қазақтың күллі мақал-мәтел­дері мысалға алынған. Бұл да – халыққа түсінікті, ұғынықты. Кешегі дін мен дәстүрге шабуыл тұсында қызыл коммунистердің қолы жетпеген бір нәрсе бар. Әрине, тілімізді құртқысы келді. Бірақ жеке сөйлеу тіліндегі мақал-мәтелдерін, оның ауыз әдебиетін құрта алмады. Себебі, мыңдаған жылдар бойы әбден шыңдалған, өмірдің тәжі­рибесінен, сынынан өткен кәдімгі алтын заңдарға айналып кеткен мақал-мәтелдер жойылмады. Әрбір халықтың аузын ашып, тілін кесіп алуға олардың шамасы келмеді. Сондықтан да халықтың қолынан Құранды алса да, оның оқып отырған намазын ала алмады.

Ержан қажы Малғажыұлы осы кітапқа жазған алғы сөзінде: «Енді ұлт жадынан ұмытыла бас­таған имани құндылықтарды қайта жан­дандырудың реті келді. Бұл тұр­ғыда біз қазақ қоғамына тың­нан жаңа дүние әкеліп жапсырып жатқан жоқпыз. Бар болғаны ке­зінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға тырысудамыз» деп жазады. Біздің де мақсатымыз осындай болу керек. Үзілгенімізді жал­ғап, жоғалғанымызды түгендеп, дініміз бен дәстүрімізді қалпына келтіру баршамыздың міндетіміз деп білемін. Сайтан салтанатының сұрапыл салдарына қарсы тұрып, жастарымызға жәннаттай болып көрінген жабайы жаһандануға жол бермеуіміз керек.

Ұлт болашағы үшін бәріміз де күресуге тиістіміз. Ол күресті бала­бақша, мектептерден бас­тап жасағанымыз дұрыс. Сонда ғана біз ұрпағымызға ие бола аламыз. Ұрпағымызға ие болсақ, ұлт болашағына да ие боламыз. «Дін мен дәстүр» кітабы ұлт бола­шағына арналған кітап деп білемін. Сондықтан да бұл кітап әрбір қазақ отбасының төрінде тұрып, мұны оқыған әрбір адам дін мен дәстүрдің бітеқайнасқан бөлінбес дүние екенін білгені дұрыс. Сонда ғана дініміз бен дәстүрімізді дәріптеуге арналған игі бастама жалғасын табады деп білемін.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button