Әлеумет

ДІҢГЕГІ МЫҚТЫ ОТБАСЫ

нарман5

«Менің түсінігімде отбасы дегеніміз – қиындық кезінде әрдайым бір-біріне сүйеу болу, қандай жағдайға да қарамастан бірге болу деген сөз. Әр отбасының діңгегі мықты болса, еліміздің де тұғыры берік болады. Мұны шаңырақ құрған әр жас түсіне білуі қажет» дейді бізбен әңгімесінде дәрігер-нефролог Орынгүл Нарманова.

«Мерейлі отбасы» байқауында Қанат пен Орынгүл Нармановтар «Шуақты отбасы» аталымында жеңімпаз атанған еді. Дәрігерлік мамандықты таңдаған ерлі-зайыптылар расымен де талай адамды емдеп жазып, оларға шуақты көңіл сыйлады.

Қанат мен Орынгүл 1985 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітірген. «Екеуміздің таныстығымыз да қызық. Менің әкем Жақсыбай Майданов елімізге танымал уролог-дәрігер. Ол кісі менің дәрігерлік оқуды таңдауыма ықпал етті. Онымен қоймай, музыкадан хабарым болғанын қалады. Әкемнің сөзін екі етіп көрмеген мен институттың халық аспаптар оркестріне жазылдым. Бір күні оркестрдің кезекті сабағында ту сыртымнан біреудің қарап тұрғанын байқадым. Жалт қарасам, домбыра мен асатаяқ ұстаған жігіт жылы жымияды. Екеуміз тез тіл табысып кеттік. Кейін институттағы дәрістен де, оркестрдегі оқудан да бірге қашатын болдық (күлді). Кейін Қанат мені көріп тұру үшін амалсыздан оркестрге жазылғанын мойындады» дейді Орынгүл Жақсыбайқызы жастық шағын бір шолып.

Орынгүл Жақсыбайқызы институттың беткеұстар студенті болыпты. Оқуда да озат, қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысатын ол бірде институт атынан олимпиадаға қатысуға Шымкентке аттанады. Сол жерде болашақ жары Қанаттың отбасымен танысады. Қос ғашық институт қабырғасында жүргенде шаңырақ көтереді.

– Шымкент десе шоршып түсетіндер сол кезде де болды, – дейді жымиып Орынгүл апамыз. – Менің Шымкентке күйеуге шығатынымды естіген құрбыларым шала бүлінді.  «Ол жаққа келін болсаң, басыңа орамал байлайды да үйде отырғызып қояды. Таңнан кешке дейін сол үйдің жұмысынан бел жазбайсың. Оқыған еңбегің жайына қалады» деп, небір сөздерді желдіртті. Бірақ Қанат тұрғанда, маған қандай қиындықтар да қорқынышты емес еді. Қателеспедім де.

«Жақсыдан жақсы туады» демекші. Нармановтар отбасының тұңғышы Әсел де құрбыларының алды. Ол – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының  түлегі. Анасына тартып Әсел де оқуды үздік бітірді.  Ағылшын тілін еркін меңгерген ол министрлікке жұмысқа тұрды. Кейін Ғалымжан атты жігітпен бас қосып, ата-анасына Аянәлі атты сүйкімді жиен сүйдіріп отыр.

Қанат пен Орынгүлдің екінші қызы Алтынай да ерекше бала болып өсті. «Бірде қасиетті Түркістанға сапарымда Тайқазанның түбіне барып, Алладан маған перзентімнің ақыл-ойы кемелді, аяқ-қолы сау болуын сұрап, медет тілеп едім.  Осы тілегім қабыл болып, Алтынайым өте ақылды қыз болып туды. Өзі нәзік болса да сабағын кілең беске оқыды. Өз күшімен әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарының біріне грантқа түсті. 2011 жылы биология бойынша өткен дүниежүзілік олипиадада қола медальді жеңіп алды» дейді анасы мақтанышпен. Осы медальді Алтынайдың өңіріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тағып берген екен. Жүлдені ұсынарда Президент: «Алтынай, олипиадада жеңу қиын болды ма?» деп сұраса керек. Сонда  кішкентай қыз мүдірместен: «Жоқ. Оп-оңай» деп жауап беріпті. Қазір Алтынай шетелде оқуын жалғастырып жүр.

Ал Нармановтардың үшінші қызы  Ғазиза – 14 жаста. Өзі өнерлі. «Остров Денс» ансамблі құрамында еліміздің талай қаласын өнерімен тәнті етіп жүр. Қазірдің өзінде «Айгөлек», «Шаттық» республикалық конкурстарының жеңімпазы болып үлгеріпті. Тіпті, халықаралық байқауларда да топ жарғаны бар. Ата-анасы Ғазизаның болашағынан үмітті.

Қанат пен Орынгүл үлбіреген үш қыздан кейін көптен күткен ұлды болды.  Тайыр қазір 5 жаста. «Өзі кішкентай болса да патриот болып өсіп келеді» дейді ата-анасы.

«Балаларыңыздың бәрі жақсы оқиды екен. Жеткен жетістіктері де мақтан етерлік. Мұндай озат балаларды тәрбиелеудің құпиясы неде?» деп сұрадық біз Орынгүл Жақсыбайқызынан. «Ең бастысы, балаңның қандай салаға бейім екенін дер кезінде тани білу керек.  Көп ата-аналар баласынып, оның айтқан ұсыныс-тілегін тыңдай бермейді. Қандай жағдай болсын, баланың жүрек қалауына үн қосып, қажет кезінде ақыл-кеңес  беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсете білу қажет. Мысалы, біз басында Алтынай шетелге барып оқимын дегенде, қиналдық. Қай ата-ана  да баласының көз алдында жүргенін қалайды ғой. Бірақ қанша қиналсақ та баланың көңілін қимадық.  Шүкір, үмітімізді ақтап, қазір Оңтүстік Кореяның KAIST университетінде үлгілі студент болып жүр. Арманы – кәріліктен «құтқаратын» дәрі ойлап табу» дейді  ол.

Орынгүл Жақсыбайқызының өзі «Астана» медицина университетінің профессоры, медицина ғылымының докторы, бүйректі ауыстыру бойынша операциялардың үйлестірушісі. Өз саласында осындай жетістікке жеткеніне қарамастан ол ана екенін, біреудің жары екенін ешқашан ұмытқан емес. Қыздарын үй шаруасындағы барлық  іске үйретті. Тіпті, кесте тігу, тоқыма тоқудан бастап, қонақ күту,мерекелерді ұйымдастыруға да бейім етіп тәрбиеледі.

Ал Қанат Нарманов болса, оқу бітіргеннен кейін Шымкент қаласына жолдамамен жол тартады. Сонда нейрохирург-дәрігер ретінде бірталай жетістікке жетті. Кейін Астанаға көшіп келгенде нейрохирург мамандығын компьютерлік томографияның дәрігерлігіне ауыстырды.

Кандидаттық және докторлық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін ол өмірін жұбайына демеу болуға арнады. «Қазіргі таңда еліміз бойынша 2 мыңнан аса адам бүйрегін ауыстыруға кезекте тұр. Сондықтан дәрігер ретінде Орынгүлдің еңбегі халыққа әлдеқайда керек» дейді Қанат Нарманов.

…Нармановтар отбасында грамоталар мен алғыс хаттарға арналған ерекше альбом бар. Отбасы мүшелерінің әр жылдардағы жетістігі осында қатталып тұр. «Кез келген адамға жетістік оңайлықпен келмейді. Бұл – талай жылдардағы маңдай тер, ерен еңбектің нәтижесі. Еңбек етсең ғана мақсатыңа жетесің, қиындықтарды жеңесің. Біз қиналған сәттерімізде осы альбомды ақтарып, кез келген қиындық бізге берілген уақытша сынақ екенін, тек қиындықтар арқылы жетістікке жететінімізді ұғынамыз. Ең бастысы, ауыртпалыққа мойымау керек. Оның артында міндетті түрде бір жақсылық тұрады» дейді Орынгүл Жақсыбайқызы.  Бұл да бір Нармановтар отбасының өзгеге өнеге етер құндылығы болса керек.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button