ЖаңалықтарҚала мен Сала

ЭКСПО – ЕЛ МЕРЕЙІ

1-1511110032059E

Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі уақыттың ішінде талай қиын белестерді артқа тастап, дамудың даңғыл жолына түсті. Ел болып еңсе түзеген де бір абырой екен, елордамызда қаншама рет әлемдік деңгейдегі шаралар өтті. Әлемнің мүйізі қарағайдай айтулы тұлғалары арнайы ат басын бұрып, мәртебелі мейманымыз болды. Тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында әлем елдері Қазақстан деген кең-байтақ отанымызды тани бастады. Күн санап асқақтаған абырой-беделіміз ақыры бізге «Expo-2017» сияқты халықаралық бірегей көрме өткізуге қолымызды жеткізді. Біле білгенге бұл да үлкен бақыт!

Бұған дейін мұндай көрме Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп келген екен. Көрмені өткізу мәртебесіне әлеуеті зор, көшбасшы дәрежесіне көтерілген шаһарлар ие болды. Осыдан-ақ көрменің мәртебесін сезіну қиынға түспейтін сияқты.
«EXPO көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация-ны игереді» деген еді Елбасы Астана қаласында «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде. Иә, еліміз бұл көрмеге «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсынуының өзіндік сыры бар. Өйткені, қазіргі әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Қазақстан осы көрмені өткізу арқылы әлемнің қажеттілігін өтеуді басты орынға қойып отыр. Міне, сондықтан да Қазақстан «жасыл экономикаға» бет бұрды. Екіншіден, еліміздің географиялық орналасу жағдайы, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігі, сондай-ақ, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуеті де әлемнің баламалы қуат көздеріне деген сұранысын өтеуге толықтай жол ашып тұрғандай. Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатқан «EXPO-2017» көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге ыңғайлы жағдайда салынып жатыр. Мұның бәрін көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарына жоғары бағасын берді. Көрмені лайықты дәрежеде өткізетінімізге сенімдері зор. Сол себепті көптеген елдер Қазақ елінің баламалы энергия тақырыбына деген қызығушылығын қызу қолдайды. Бұған қоса, еліміздегі саяси тұрақтылық, еркіндік сияқты басты құндылықтарымызға да әлем елдері айрықша мән береді, жоғары бағалайды. «Әлемнің бірегей көрмесі Қазақстанда өтуі тиіс» деп кезінде өз дауыстарын біздің елімізге беруі де сондықтан болса керек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, дүниежүзілік маңызы зор көрме бұған дейін Шығыстың және Батыстың жоғары деңгейде дамыған қалаларында өтіп келген еді. Енді Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір іспеттес жаңа да, әсем қала, болашақтың қаласы – Астанада өткелі тұр. Бұйырса, Шығыс пен Батыстың үздік әлемдік үрдістері, жоғары деңгейде дамыған технологиясы, инновациялық жетістіктері Астана төрінде тоғысады.
Еліміз әлем жұртшылығының назарын «Болашақтың энергиясына» бұдан бұрын да аударып келген. Мәселен, 2012 жылдың маусымында Астанада өткен «Болашақ энергиясы» халықаралық симпозиумы бүкіл әлемнің назарына қайта жаңартылатын энергия көздерін күшейту мәселелерін ұсынған еді. Бұл тақырып айтулы көрмеде жаңа, толыққан қырынан көрініс табады. Күннен күнге дамып жатқан заманауи технологияларды тиімді пайдалануды одан әрі жетілдіру арқылы біздің дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділігімізді айтарлықтай төмендету мүмкіндіктері паш етіледі. Осылайша біз қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғап қана қоймай, көптеген жұмыс орнын құрып, сатып алу қабілеттілігін арттыра алатынымыз дәлелденеді. Бұл айтуға оңай болғанымен, жүзеге асыру үшін үлкен күш, мықты инновациялық білім қажет. Бір айта кетерлігі, еліміздің ондай мүмкіндігі жоғары. Біздің тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін «EXPO-2017» көрмесінің ең басты маңызы да осында.
Астана – армандар орындалатын қала ғой, жасыл желегі мол жас шаһардың жаны да жаңалыққа құмар. Сондықтан EXPO-2017-нің үкілі үмітін Еуразия төрінен ақтауға, таңдап алған тақырыбын, яғни, өзінің арман-тілегін орындауға Астана жастық жігерімен, жалынды қуатымен ұмтылады. «EXPO-2017» көрмесі – тек Астана үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін экономикалық дамудың жаңа қадамы болады» деген Елбасымыздың сөзі санамызда сенімнің шоғын маздатып, келешекке бағыт алған үкілі үмітімізді еселей түсетіндей. Иә, ең бірінші, бұл көрме бізге таза энергия түрлерінің әзірлемелері мен енгізілуі саласында инновациялық серпіліс әкелуге мүмкіндік береді. Елбасымыз осы міндет үдесінен шығу үшін барлық өңірлерді, ұлттық холдингтерді, зерттеу институттары мен отандық, шетелдік әлеуетті инвесторларды қамтитындай болашақ энергиясын дамытудың 2013-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарын жасауды тапсырған болатын. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүруде. Болашақ энергиясын дамытудың нақты тетіктері қолға алынып, жүйелі жұмыстар бірінен соң бірі жалғасын тауып келеді.
Қарап отырсақ, осы ЭКСПО-ның басталуына да жылдан сәл асатын уақыт қалды. Бізге берілген мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта Есіл ауданындағы Қабанбай батыр, Хусейн бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелері арасында 173,4 гектар жалпы алаңға көрмелік павильонның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал оның айналасында сауда-ойын-сауық орталықтары, тұрғын үй кешендері, әлеуметтік-мәдени нысандағы объектілері, білім және де денсаулық сақтау орындары, тамаша саябақтары, әдемі гүлзарлары бар тым ерекше EXPO қалашықтың құрылысы бой көтеріп келеді. Көрменің көз тартатын өзінің айрықша символы – 120 метр диаметрлік шар пішінді ғимаратының да негізі қаланған. Мұнда Қазақстанның орталық павильоны орналасады екен. Оны халықаралық және корпоративтік павильондар айнала қоршап тұрады.
Болашақ көрме алаңында қызу жұмыс жасап жатқан компаниялардың бірі – «BI Group» холдингі. Компания көрме аумағындағы тұрғын үйлерді «жасыл» технология-сын жан-жақты қолданып, тұрғызып жатыр. Жүздеген мың пәтерлік тұрғын үйлер пайдалануға берілгенде тұрақты дамудың керемет үлгісі көрініс бермек. Әрі тұрғын үйлер сапасы халықаралық үлгіге толық сәйкес болады.
– «EXPO-2017» халық­аралық көрмесінің нақты аймағындағы біздің компания тек қана көрмелік павильондарды емес, сонымен қатар тұрғын үй ғимараттарын да салып жатыр. Бүгінгі таңда оның санын көбейтуге байланысты келіссөздер жүргізілуде, қосымша мыңға жақын пәтер салу жоспарланып отыр, – дейді BI Group холдингін дамыту бойынша басқарма төрағасының орынбасары Тасболат Абдуллин.
Оның айтуынша, тұрғын үй кешендері «BreeamLux» ғимаратының экологиялық тиімділігін бағалау үлгілеріне сәйкес келуі тиіс. Үйлердің құрылысын салған кезде екінші дәрежеде жасалған материалдар пайдаланылады. Тұрғын үй ғимараттары өте биік болмайды, 6-8 қабатқа дейін салу жоспарланған. Сонымен қатар, өрнектеу материалдары табиғи тастардан құралмақ. Құрылыс кезінде «жасыл технология» қолданылатын барлық тұрғын үйлер қоқысты жою вакуумдық жүйесімен, суды қайталап пайдалануға толықтай мүмкіндік беретін жарық беру құрылғыларымен және тағы басқа соны технологиялармен қамтамасыз етіледі екен. Тұрғын үй ғимараттарын пайдалануға беру алдағы 2016 жылдың ортасынан-ақ жүзеге асырыла бастамақ. Ал, 2017 жылы пәтерлерді тапсыру толықтай аяқталады. Көрме аяқталғаннан кейін қонақтарға берілген тұрғын жайларды еліміздің кез келген азаматы иеленіп, әлемдік озық үлгідегі, жоғары стандарттағы тұрғын үйдің қызығын көре алады.
Әрине, мұндай ғажайып кереметтердің бәрі еліміздің Тәуелсіздігі арқасында орындалып жатқан игі істер. Баянды елдің бағы мен бақытына бірге кенеліп, баршамызға бейбіт аспан астында ғибратты ғұмыр кешуге жазсын, ағайын!

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button