Жаңалықтар

Елбасы – елорда архитекторы

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Елбасы және ел мұраты: тұрақтылық, жасампаздық, сабақтастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Елбасының үзеңгілестері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысқан алқалы жиында елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бұл атаулы мерекенің маңызын, Елбасының елді дамытудағы еңбегін атап өтті.– Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз елі­мізді қалыптастырып, мемлекетіміздің саяси тұрақ­тылығы мен ырыс-ынтымағының мызғымас кепілі ретінде халықтың зор ықыласына бөленіп келеді. Елбасы негізін қалаған ішкі және сыртқы саясатының нәтижесінде жас мемлекетіміз бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан дамып, халықтың әл-ауқаты артты. Нұрсұлтан Әбішұлының сая­си ерік-жігерінің арқасында елордамыз Алатаудан Арқаға көшірілді. Қала тек сәулетімен ғана емес, дәулетімен де әлемге танылды. Елордамыздың дүние жүзіне танымал болуына Тұңғыш Президентіміздің қосқан үлесі орасан зор.
«Елбасымыз – елорданың архитекторы» деп айтамыз. Тұңғыш Президенттің бастамалары нәтижесінде елордамыздың ірі халықаралық саяси-экономикалық, рухани-спорттық шараларға төрі ұсынылып, әлем алдындағы татулық пен бірлікті насихаттайтын келбеті де қалыптасты. Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымы саммиті, Азияның қысқы ойындары, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі және басқа да көптеген халықаралық шаралар елордамызда өтті. «Астана» экономикалық форумы, Еуразиялық медиафорум және Әлем діндерінің құ­рыл­тайы дәстүрлі түрде өткізі­ліп келеді. Елордамыз – халық­­аралық деңгейдегі үлкен-үлкен шаралардың бастамашысы» деді Бақтияр ­Мәкен.
Қала әкімінің орынбасары тәуелсіздігімізді бекітудегі Елбасымыздың ерен еңбегіне тоқталып, Тұңғыш Президент пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саясатындағы сабақтастықты атап өтті. Астанамызды Елбасының есімімен атау ұсынысы тарихи шешім болғанын айтып, жиырма жылдық кезеңде елорданың даму көрсеткіштеріне тоқталды.
– Тұңғыш Президент күнін атап өту – мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуындағы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегіне, еліміздің тәуелсіздігіне көрсетілген құрмет екенін мәлім етті шаһар басшысының орынбасары.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button