Саясат

Елді елең еткізген

ҚАРАЛЫ КҮН ЖАРИЯЛАНДЫ

Иран елінің Ахваз қаласына террорлық шабуыл жасалып, 30-ға жуық адам қаза болды. Бұған қоса, 60-тан аса тұрғын түрлі деңгейде жарақат алды.

Қанды шабуыл өткен сенбі күні әскери шеру кезінде болды. Трибуна артында әскери киім киген белгісіз біреулер айналасына оқ жаудырған. Хузестан провинциясы губернаторының мәліметі бойынша төрт адам шабуыл жасап, олардың үшеуі оқиға орнында мерт болса, қалған біреуі ауруханада көз жұмған. Дегенмен көп ұзамай бұл әрекетті «Аль-Ахвазия» мен ДАИШ содырлар тобы өз мойнына алды.
«Ахваздағы теракт дұшпандардың Иран халқы мен мемлекетін жоюды көздейтінін білдіреді. Алайда мұндай қайғылы жағдай қайта бірлігімізді күшейте түседі» дейді ел үкіметінің хабарламасында. Бұған қоса, Иран үкіметі осы іске қатысы бар күдіктілер толығымен анықталып, тиісті жазасын алатынын мәлім етті.
Дүйсенбі күні Иранда жалпы аза тұту күні болып белгіленді. Ал терактіден қаза болғандарды жерлеу рәсімі Ахвазда өтеді.

БОСҚЫНДАРҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛМАҚ

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі мемлекеттің жеңілдіктерін пайдаланатын иммигранттарға қатысты федералды норманы қабылдауды ұсынады.

Бұл норма бойынша азық-түлік талондары, Medicaid бағдарламасы бойынша медициналық көмек алу секілді иммигранттарға арналған жеңілдіктер енді қиындай түспек. Сол сияқты АҚШ азаматтығын алу, Green Card мәселесі де қайта қаралады.
АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметіне сәйкес, бұл норма босқындар мен Құрама Штаттарға бас сауғалап келгендерге қолданылмайды. Дональ Трамп әкімшілігі бұл бастаманы әскери қызметкерлерге де қолданбауды ұсынып отыр.
Айта кетейік, былтыр Нью-Йорктегі қанды оқиғадан кейін ел президенті Green Card визалық лотереясынан бас тартатынын мәлім еткен.

ЕҢ АЛҒАШҚЫ ЖАНУАР АНЫҚТАЛДЫ

Археологтар Ақ теңіз маңайынан ең алғашқы жануардың ізін анықтады.

Ғалымдар оған Диконсония деген атау беріп отыр. Бастапқы зерттеу бойынша оның ұзындығы мен ені шамамен 1,4 метрді құрайды. Бұған қоса, тіршілік иесінің су жануары болғаны анықталды. Ал сүйектеріне талдау жүргізіліп, оның 558 миллион жыл бұрын өмір сүргені белгілі болды.
Бас маман Йохен Брокстің айтуынша, алдағы уақытта алғашқы жануар жайлы толығымен зерттеу жұмыстары жүргізіліп, анық-қанығы жарияланбақ. Сонымен қатар, осы арқылы жер бетінде өмір сүрген алғашқы жануар туралы дау басылатынын жеткізді.

Аян ӘБДУӘЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button