Қала тіршілігі

Электронды әкімдік уақытыңызды үнемдейді

Бұрын көпшілік бір жапырақ анықтама қағаз үшін ұзақ-сонар кезекке тұрып, бар уақытын зая кетіретін.

Ал қазір электронды­ әкімдік іске қосылғалы астаналықтар біраз мемлекеттік қызметтер түріне үйден шықпай-ақ, қол жеткізетін болды.

Жұртшылыққа элек­трон­ды қызмет көрсетудің жүйесі екі қауіпсіздік саты­сынан тұрады. Оның бірі – веб­-пор­талға (www.e.astana.kz) қосылу каналының қорғалуы болса, екіншісі – идентификациялық номер (ЖИН) арқылы берілетін тап­сы­рыс­ты қосымша растауға арнал­ған арнайы электронды сандық қол­таң­ба­лар (ЭСҚ). Электронды сандық қол­таң­баны қазірден бастап электронды үкіметтің e.gov.kz сайтынан, сондай-ақ, қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады.

«Веб-порталды құрудағы басты мақсат – тұрғындарға аса қажетті, сұранысы жоғары мемлекеттік қыз­мет­тердің қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың уақытын үнемдеу. Қызмет көрсетудің жеделдігі сондай, азаматтар кез келген уақытта интернет арқылы қажетті анықтама қағаздарына тапсырыс беріп, қажетті мәліметтерін жылдам ала алады», – дейді Астана қаласы әкімдігінің Мем­ле­кеттік қызметтер көрсету сапа­сы­ның сақталуын бақылау жөніндегі бөлімінің жетекшісі Руслан Бешеев.

Бүгінде электронды әкімдік арқылы мем­ле­кет­тік тұрғын үй қорынан тұр­ғын­ үйге немесе жеке тұрғын үй қоры­нан жергілікті орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, 18 жасқа дейiнгi балалары бар отбасыларға мемлекеттiк жәрдемақылар тағайын­дау,­ балабақшаға балаларды кезекке қою немесе мектепке дейінгі бала­лар ұйымдарына жолдама беру үшін мектеп жасына дейінгі (7 жасқа дейінгі) балаларды тіркеу, Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу және есепке алу сынды бас-аяғы 19 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады. Биыл электрондық мем­лек­еттік қызметтер тізіліміне Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының II, III, IV санаттағы кәсіпорындарға қоршаған орта эмиссияларына рұқсат беру және әкетілетін және әкелінетін мәдени құндылықтардың болуы туралы сертификат беру қызметтері қосылмақ.
Бүгінде электронды әкімдік қыз­ме­тін­ пайдаланушылар қатары күннен күнге көбейіп келе жатқан көрінеді. Электронды портал қызметін күніне орта есеппен 50-60 адам пайдаланып, шамамен 120 мемлекеттік қызмет түрін алады екен.

Электронды әкімдік арқылы көп­­ші­­ліктің ең көп пайдаланатын қызметі балаларды балабақшаға есепке қою екен. Биыл сегіз айдың ішінде осы арқылы 12 440 балдырған мектепке дейінгі мекемеге кезекке­ қойыл­ған. Жалпы электронды қыз­мет түрлері тұрғындарға өте қолай­лы.­ Әсіресе, уақыты үнемі жетпей жүретін астаналықтар үшін тиімді. Е-әкімдік қызметін пайдалану күр­де­лі де емес. Веб-порталға электронды сандық қолтаңба арқылы тір­кел­сеңіз жеткілікті. Осылайша, басты бетті ашып, ондағы өзіңізге қажетті қызмет түрін таңдайсыз. Меди­ци­налық препараттарды іздеу, тұрғын үйге, балабақшаға тіркелу қызмет­те­рі­нің бәрі қаз-қатар тізіліп тұр. Ком­му­ни­ка­циялық төлемдердің түбіртегін де осы беттен тауып аласыз.

Ал егер электронды порталдың қызметінің сапасына байланыс-ты немесе қандай да бір қызмет түрін ала алмай жатсаңыз, онда 55-66-55 телефонына қоңырау шалуыңызға болады. Бүгінде электронды әкімдік порталына жаңа бағдарламалар енгізіле бас­талыпты. Осыған байланысты ара-кідік техникалық ақаулар кездесуі мүмкін, бірақ, бұл уақытша жағдай дейді мамандар.

Мемлекеттік мекемелердің қызметін автоматтандыруға және қызметкерлер жұмысының ашық­ты­ғын­ арттыруға мүмкіндік беретін жобаны Астанада айына 4 мыңға жуық адам пайдаланады екен.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button