Басты ақпаратЕл тынысы

Елорда – мемлекеттің жүрегі

Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, азаттықтың алтын арқауы жалпақ жұртымызды айқын болашаққа, кемел келе­шекке жұмылдырып, даму жолындағы ұлттық мақсат-мүдделерімізді бір арнаға тоғыстырды. Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Астана­ның 25 жылдығына орай ағымдағы жылдың сәуір айында қызметіне кіріскен Түркия Респуб­ликасының Қазақстан Республикасындағы Тө­тенше және өкілетті ел­шісі Мустафа КАПУДЖУ мырзаға жолығып, сұхбат­тасқан едік.

– Мустафа Капуджу мырза, еліміздің астанасы биыл 25 жылдығын атап өтеді. Елордамыздың дамуы, сәулеті, мәдениеті, өркендеу жолдарын қалай бағамдар едіңіз?

– Қалада көгалдандыру жұмыстары ұдайы жүргізіледі, осы мені қуантты. Орталық саябаққа барып біз де осы іске атсалысып, ағаш отырғыздық. Көгалдандыру арқылы қаланың ауасы тазарады, денсаулыққа пайдалы әрі елорда көркейе түспек. Тек, халық саны өсіп жатқандықтан, алдын ала жоспарланып, инфрақұрылымның құрылуы пайдалы болуы мүмкін. Астанада тұрып жатқандар қаланың дамуымен қатар соңғы екі жылда кептелістің едәуір көбейгенін айтады. Мен тұратын резиденция мен елшілік арасындағы жол – 10 минуттық жер, ал Mega Silk Way-ға бару үшін 20-30 минуттан астам уақыт кетеді. Үлкен қалалармен салыстырғанда Астанадағы кептеліс соншалықты үлкен емес деп айтуға болады, бірақ осы мәселені шешудің жолдарын қарастырып, тиісті шаралар алынса, елордалықтардың өмірі бұдан да жақсара түсетініне сенімдімін. Анкарадағы көше кептеліс­терін жол асты, жол үсті жолдарын салу арқылы шешуге тырысты. Бірақ маған жаяу жүргіншілерге арналған жер асты жолдарына қарағанда жер үстіндегі жасыл ағаштары бар жарық көшелермен жүрген әлдеқайда ұнайды. Сосын биік, зәулім үйлерден гөрі қаладағы көгалдандырылған гүлзарлар, парктің көп болғаны қалаға ерекше көрініс сыйлайды.

Айта кету керек, Түркия мен Қазақстан арасындағы дип­ломатиялық қатынастарға 31 жыл толыпты. Тамыры ортақ тарихымыз бен мәдени, рухани байланысымызға негізделген түрік-қазақ бауырластығының 31 жылдан астам уақыт бойы нығайып келе жатқаны, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың барлық салада дамып жатқаны қуантады.

– Әлемдік экономиканың болашағы туризммен анықталады. Екі ел арасындағы туризм арқылы қарым-қатынас мәселелері қаншалықты шешілген?

– Екі ел арасындағы туризм секторына қатысты ешқандай проблема жоқ деп ойлаймын. Пандемия кезіндегі коронавирус инфекциясына байланысты шектеулер алынған соң, қазіргі таңда Türkiye Hava Yolları, Астанадан Анталияға, Анкараға, Ыстанбұлға тікелей әуе рейсін көбейтті. Екі ел арасындағы рейс саны ұлғаюда. Әрине, бұл екі елдің туристік қарым-қатынасының дамуына үлкен септігін тигізеді.

– Урбанизация үрдісінде сіздердегі үлкен шаhарлардан жас елорда нені үйренуге болар еді?

– Астана – тыңғылықты, өзіндік қарқынмен дамып келе жатқан қала. Үлкен шаhарлар секілді инфрақұрылымы жағынан, жалпы орнықты даму жолымен келе жатыр. Өйткені халық саны артқан сайын инфрақұрылымы да күшейе береді. Инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын барынша жетілдіріп, жеделдетіп жоспарлаудың қала тұрғындарының тіршілігі үшін өте маңызды екенін айтқым келеді. Елордада бұл жұмыс­тар онсыз да жүргізіліп жатқанын көрудеміз. Бұл алдағы уақытта елордада кездесетін қиыншылықтарды болдырмай, алдын алуға көмектеседі. Астана – күннен күнге тез өсіп келе жатқан қала. Сондықтан су мәселесі болсын, электр энергиясы немесе интернетпен қамтамасыз ету болсын, барлығын ертерек жоспарлаған маңызды. Мысалы, қаладағы кептеліс туралы айтсақ, осындай инфрақұрылым жүйелі дайындалса, көше жолдары реттеліп, халық кептелісте көп тұрып, уақытын жоғалтпайды. Мұны  жоспарлы түрде жасау болашақта урбанизацияға қатысты мәселелерді шешеді. Мысалы, қазір Ыстанбұлдағы біздің бір проблемамыз: халық саны соншалықты көбейгеннен кейін үйлерді қалпына келтіру, адамдарды басқа жерге көшіру немесе ескі үйлерді жер сілкінісіне төзімді үйлермен ауыстыру әлдеқайда қиын. Алдын ала жоспарлап, жүзеге асырса, әлдеқайда жеңіл болады деп ойлаймын. Астана қаласы – қазір өсіп келе жатқан қала. Басқаша айтқанда, урбанизацияда инфрақұрылымдық инвестицияларды болжамға сәйкес, яғни жоспарланған халық санына, электр қуатына, суға, интернетке, трафикке дейін жоспарлау өте маңызды. Халық өскен сайын қала ластануы мүмкін. Бірақ елордада мұны дұрыстауға мүмкіндік бар, себебі қала Сарыарқаның төсінде орналасқан, үнемі самал жел есіп тұрады. Таза энергияны пайдалану, тұтыну экология үшін де, денсаулық үшін де өте маңызды. Біз де кезінде 80-жылдары Анкараның маңайында тұрған кезде көмір жағып, үйді жылытатынбыз. Ауаның ластануынан бірнеше күн үшін жұмыс орындары тоқтатылып, сыртқа шықпауға тырысатынбыз. Сосын табиғи газға көшіп, ортақ жылыту жүйесі тұрақты жұмыс істеп, бұл мәселені шештік.

– Астанадан алған алғашқы және кейінгі әсеріңізбен бөліссеңіз? Елордалықтардың көше мәдениеті, қоғамдық орындардағы тұрғындар мәдениеті туралы не айтар едіңіз?

– Менің ресми түрде қызметке кіріскеніме енді ғана екі айдай уақыт болды. Сондықтан Астананың барлық жерін аралап үлгердім деп айта алмаймын, елорданы енді ғана танып-біліп жатырмын. Өзіндік келбеті бар Астананы әсем қала ретінде қабылдадым. Қалада жас буын көп, жастардың қаласы деуге болады. Кешегі соңғы қоңыраудан соң көшеде қыдырып жүрген әдемі жастарды көріп, қуандым.

– Қазақтың қандай салт-дәстүрі­мен таныстыңыз, тілін үйренуге талпындыңыз ба?

– Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, құндылықтары, тіршілігі біздің тұрмыс-тіршілігімізге қатты ұқсайды. Отбасы құндылығын алғашқы орынға қоятын қазақтардың өмір салты да бізге қатты жақын екенін байқадым. Қазақстанда отбасылардың басым бөлігінде көпбалалылар баршылық екенін байқадым. Сондай-ақ қысқа уақыт ішінде отбасында балаларының біліміне қатты мән беретінін аңғардым. Бұл дегенің Қазақстанның келешегі кемел, болашағы жарқын дегенді білдіреді. Қазіргі білім алып жатқан жастар 15-20 жылдан соң елінің көшін сүйрейтін, мемлекетті маңызды деңгейге жеткізетін азаматтар болатынына сенімдімін. Мемлекеттің бала оқытуға қатысты жүргізіп отырған саясаты маған қатты ұнады. Отбасы құндылығы мен заманауи білім алуды құстың қос қанатындай бірдей алып жүргені қуантады, бауырлас елдің болашағы жарқын боларына сенімім мол.

– Мустафа Капуджу мырза, Қазақстанның қай өңірлерін араладыңыз, алдағы кезде екі ел арасында қолға алынатын бірлескен жобалар бар ма?

– Алматыда болдым. Қалған өңірлерді енді араласам деген ойым бар. Осы маусым айының ортасында қасиетті Түркістанға, Шымкент қаласын көріп, жалпы оңтүстік өңірді араласам деймін. Айдың аяғына қарай Ақтауға бару да жоспарда бар. Түркістанда алдағы қазан айына қарай Түркияның бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз.

– Астананың қай жерлерінде серуендегенді ұнатасыз?

– Күн салқында елордаға келгендіктен, енді ғана қаланы аралап жүрген жайым бар. Жұмыстан соң күніне оншақты шақырымдай жаяу жүруге тырысамын. Оң жағалау мен сол жағалау ортасында орналасқан Ж.Тәшенов көшесіндегі елшіліктен сонау Д.Қонаев көшесіндегі Rixos қонақүйіне дейін жаяу барып келуді әдетке айналдырдым. Меніңше, қаланы тану үшін көлікпен емес, жаяу жүріп танысқан өте дұрыс деп санаймын. Қаланың асфальт жолдары тегіс, таза, жүруге қолайлы екенін айтқым келеді.

– Елорданың басты ерекшелігі қайсы, кемшін тұсы қандай?

– Отбасы құндылығын ұлықтайтын халықтың қонақжай, жайдары қалпы ұнайды. Ұлттық тағамдары да дәмді. Мен мысалы, етті онша көп жемейтін адаммын, дегенмен қазақтың ет тамағын асқан сүйіспеншілікпен жегенімді айта аламын. Қалада әртүрлі мейрамханалар, дәмханалар бар екен. Бұл маған өте ұнады. Мұндағы тамақтану мәдениеті, ұлттық тағамдармен қатар әлем тағамдары, тез дайындалатын тағамдары талғаммен ұсынылатыны ұнады. Қазақстанда сонымен қатар түрлі дизайнерлер ұлттық нақыштағы киімдер шығарып жатыр екен, бұл да ұлттық құндылықтың дәріптелуіне деген талпыныс деп ұқтым.

– Астананың 25 жылдығына қандай тілек айтар едіңіз?

– Елорда – мемлекеттің жүрегі. Астана – ең алдымен, ел азаттығының символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуы мен қол жеткен табыстарының, абырой-беделінің, береке-бірлігінің жарқын көрінісі. Қысқа уақыт ішінде осындай әсем қаланы салып, өркендетуге барын салған астаналықтардың ерлігін ерекше бағалаймын, құрмет тұтамын.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button