Жаңалықтар

ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін ендірді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды. Қазақстанда бұрынғы кеңестік кеңістікте алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізілуі, мемлекеттік лауазымдардың саяси және әкімшілік болып бөлініп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру жөніндегі шаралар іске асырылды. Осының арқасында 2000 жылдардың басында Дүниежүзілік банк Қазақстанды ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың көшбасшысы деп таныды.

 Қазақстан тәуелсіздік жылдары өзінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси дамуында нақты жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында ұзақ мерзімдік басымдылықтарының бірі кәсіби мемлекет құру деп белгіленді. Жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет және біздің мемлекеттің алдында тұрған басқарудың тиімді құрылымын құру ісіндегі міндеттерді іске асыру көбінесе мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру және нығайту болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев елді тиімді басқару үшін мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс негізгі қасиеттерді атап көрсетті.

Мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болуы керек.

Мемлекеттік қызметте өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмауы керек.

Мемлекеттік қызметші заң талап­тарымен толық сәйкестікте өмір сүруі керек.

Кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай жұмыс істеуі керек.

Қазақстандық мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстай білуі керек.

Мемлекеттік қызметші ұжымға басшылық жасамас бұрын, бағына білуді үйренуі, өз қызметкерлерінен талап етіп отырғанын өзі орындай білуі керек.

Егер мемлекет мүддесіне нұқсан келіп жатқанын немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерін көрсе, дереу араласып, ша­ралар қолдануы керек.

Бұл қасиеттердің түпкі мағынасы – жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оны тәжірибеде қолдана білу, әділдік, адалдық, белсенді өмірлік позиция. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының маңыздылығын сезінуі және өз елінің ұлтжанды азаматы болуы керек.

Мемлекеттік қызмет үшін беделдің функционалдық және мәртебелік маңызы бар. Ол халықтың және мем­лекетпен жүргізілетін басқарушылық қызметінің тиімділігін бағалау критерийлерінің сенімділік деңгейінің көрсеткіштері болып табылады.

Мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру үрдісі атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байла­нысты.

Мемлекеттік қызметтің оң имиджіне ұсынылатын негізгі қағидалар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс Кодексінде белгіленген. Онда: «Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне және моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды»,– делінген.

Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет, сондықтан да, кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал. Әсіресе, қазіргі таңда, жаңа ақпараттық технологиялар мен БАҚ еркіндігі туған шақта мұндай қасиет болу керек. Мемлекеттік қызметші болуға үміткер адамдар халық алдында жауапкершілікті сезіне білуі үшін мемлекеттік қызметтің беделін көтеру керек.

Мемлекеттік қызметшінің имиджін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени аспектілерді көздейді. Мемлекеттік қызметкердің оң имиджін қалыптастыру – қиын және ұзақ үрдіс. Мемлекеттік қызметкердің жұмысы мен өзін-өзі ұстауы баршаға анық. Оның беделі – мемлекет беделінің бір бөлігі. Мемлекеттік қызметкерлердің және жалпы биліктегі мемлекеттік органдардың барлық басшыларының жұмысына қарап халық билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Осыдан мемлекеттік қызметкерлердің мойнына жүктелген үлкен жауапкершілікті байқауға бо­лады.

Бүгінде мемлекеттік қызметтің бірыңғай мемлекеттік биліктің заң шығаратын, іске асырушы және соттық салаларға бөлінуіне қарамастан барлық ұйым түрлеріне бірдей негіз бен ұстаным құрудың қажеттілігі анықталған. Осы негізде Елбасымыздың «Қазақстан-2030» атты Қазақстанға Жолдауында «Жаңа генерация шенеунігі – ол ұлттың қызметшісі, патриотты әрі әділ, өз ісіне адал кәсіпші», – деп атап өтті. Қоғамның қазіргі мемлекеттік қызметтен күтетіні де осы.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғамдық үрдістерді реттеуге, мемлекеттің біртұтастығын қамтамасыз етуге және Қазақстан Ре­спубликасы азаматтарының мүдделерін жүзеге асыруға икемделген.

Осы бағыттағы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік қызмет жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болды.

2011 жылы 21 шілде күні Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі жаңа моделінің Тұжырымдамасы қабылданды. Бұл Тұжырымдама мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындап, оны рәсімдеуге және әрі қарай дамытуға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге негіз болады.

Мемлекеттік қызметшілердің халыққа қалтқысыз қызмет етуін жан-жақты жетілдіру бағытында қабылданған бұл Тұжырымдама шет елдердің мемлекеттік істері туралы ең озық әдістерін таңдап, жаңа қазақстандық модель құрастырылған.

Жаңа Тұжырымдаманың қабылдануы мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сапалы жаңаруларға деген қажеттіліктен туып отыр және бірінші кезекте «мемлекеттік қызмет» ұғымын жаңғыртуды көздейді. Мемлекеттік қызмет «ұлтқа (қоғамға) қызмет ету» ұғымының синонимі болуға және мемлекеттік қызметтерді тұтынушы болып табылатын халыққа бағытталуға тиіс.

Елбасымыз қабылдаған Тұжырымдаманың маңызы өте зор. Тұжырымдама Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделін рәсімдеуге және оны әрі қарай кәсібилендіруге бағытталған заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу үшін негіз болады. ҚР мемлекеттік қызметі жүйесін дамыту мемлекеттің Тәуелсіздік жылдардағы рөлінің өзгеруі, саяси жүйенің, экономиканың, қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру үрдістерімен тығыз байла­нысты. «Қазақстан-2030» стратеги­ясында айқындалған мемлекеттік қызметті дамытудың басымдықтары осы Тұжырымдамамен Қазақстан Ре­спубликасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделін қалыптастыру үшін негізге алынған. Бұл, әрине, мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін арт­тырып, оларға қойылатын талап күшейтіледі деген сөз. Тұжырымдаманы іске асыру 2011 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі аралыққа есептелген және мынандай екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде /2011-2012 жылдар/ мемлекеттік қызметке орналасу және мемлекеттік қызметтің кадр резервін қалыптастыру рәсімдерін жақсарту; мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау жүйесін енгізу және тағы басқа талаптардан тұрса, екінші кезеңде /2013-2015 жылдар/ мансаптық жо­спарлау жүйесін енгізу, кәсіби даму мен оқытудың дара жоспарла­рын енгізу, мемлекеттік қызметтің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру: мемлекеттік қызметті кәсібилендіру жөніндегі ұзақ мерзімді шаралар жүзеге асырылатын болады. Әрине, сөз жоқ, Тұжырымдаманы іске асыру мемлекеттің функцияларын тиімді орындауға және халыққа сапа­лы мемлекеттік қызметтер көрсетуге қабілетті мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді қамтамасыз етеді.

Жаңа модельде мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі екі кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуді енгізу жолымен түбегейлі жетілдіретін болады.

ҚР мемлекеттік қызметінің Тұжырымдамасының жаңа моделін қалыптастыру 2012 жылға қарай үш корпусқа негізделген мемлекеттік лауазымдардың жаңа тізілімін бекітуді көздейді. Жұмыс істеп жатқан мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді басқарушылық корпусқа және атқарушылық корпусқа бөлу лауазымдық критерий бойынша жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік қызметке орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады. Онда мемлекеттік қызметкердің меритократия қағидаты, яғни, жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау негізгі қағидат болып табылады. Жаңа модельде мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі екі кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуді енгізу жолымен түбегейлі жетілдірілетін болады. Яғни, қызметке алынған мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби деңгейі қазіргі қойылып отырған талаптарға сай келуі, келмеуі тексеріледі. Мемлекеттік қызметкерлердің атқарып отырған жұмыс сапасын бағалау жүйесі енгізілетін болғандықтан, белгілі лауазым иесі қызмет барысында салғырттыққа жол берген жағдайда тиісті пікір қалыптасып, шара қолданылады.

Оның үстіне, бірінші деңгейде мемлекеттік қызметшілердің жал­пы мінез-құлық стандарттарын айқындайтын нормативтік-құқықтық акт дайындалады. Екінші деңгейде әрбір мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері үшін мейлінше нақтыланған мінез-құлық қағидалары мен нормалары әзірленеді. Осының барлығы, түптеп келгенде, мемлекеттік қызметкерлердің халық арасында беделін көтеру қажеттілігінен туған талаптар. Білікті, білімді, әдепті, сабырлы, шыншыл, отансүйгіш, ұлтжанды қасиеттері мол азаматтардың мемлекеттік қызметтерді атқарып, халыққа қызмет етуіне қол жеткізу үшін тиісті іс-шаралар жүргізіле бермекші.

Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік қызметі Тұжырымдамасының жаңа моделі аясында қызмет ету. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік қызмет жөніндегі заңдардың сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік құрылым қызметкерлерінің кәсібилігін арттыруға және ең ба­стысы, мемлекеттік қызметшілердің мүдделерін қорғауға бағытталады.

Астанада бүгінгі күні 64 мемлекеттік орган бар. Оның ішінде жергілікті атқарушы мемлекеттік мекемелер саны – 28, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық құрылымдарының саны – 36.

Қаладағы мемлекеттік органдар ұсынған мәліметтерге сай, 2012 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Астана қаласының жергілікті атқарушы орган­дарында мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 808 бірлікті құрайды, нақты саны 770 адам, олардың 15-і саяси мемлекеттік қызметшілер, 755-і әкімшілік мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде «D» санаты бойынша – 95, «DO» санаты бойынша – 545, «Е» –115.

Жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің 403-і (51%) әйелдер, оның ішінде 3 әйел саяси мемлекеттік қызметші.

Астана қаласы бойынша әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 36, мемлекеттік қызметшілердің орташа еңбек өтілі – 8,5 жылды құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің 97% жоғары білімді, оның ішінде 3 ғылым докторы, 13 ғылым кандидатта­ры ғылыми дәрежесі бар. 1 мемлекеттік қызметші «Болашақ» стипендиясының түлегі.

2012 жылдың І тоқсаны бойын­ша жергілікті атқарушы органдарға қайта тағайындалған мемлекеттік қызметшілердің саны – 49, мемлекеттік қызметтен босатылған қызметшілер саны – 32 адамды құрады. Жергілікті атқарушы органдарда 2 мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметші еңбек етеді.

Жергілікті атқарушы органдарда 7-ден астам ұлт өкілдері қоян-қолтық қызмет атқарып жатыр. Оның ішінде: қазақтар – 686 (91%), орыстар – 36 (4,5%), украиндар – 12 (1,5%), татарлар – 7(1%), немістер – 4 (0,5%), кәрістер – 2 (0,3%), белорустар – 2 (0,3%), өзге ұлт өкілдері – (0,7%) құрайды. Үстіміздегі жылдың І тоқсаны бой­ынша Басқармаға бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға тағайындауға келісім беру үшін 284 құжат келіп түсті. Оның ішінде: 108 жоғары лауазымдарға келісім: «С-О» санаты бойынша – 65, «С-R» санаты бойынша – 18, «D» сана­ты бойынша – 3, «D-O» санаты бойынша – 15, «Е» санаты бойынша – 7. 89 тең лауазымдарға: «С-О» санаты бойынша – 46, «С-R» санаты бойынша – 24, «Е» санаты бойынша – 4, «D» санаты бой­ынша – 5, «D-O» санаты бойынша – 10 және 41 төменгі лауазымдарға келісім: «С-О» санаты бойынша – 14, «С-R» санаты бойынша – 17, «D-O» санаты бойынша – 7, «Е» санаты бойынша – 3.

10 әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға ауысу тәртібінде тағайындауға келісім беруден бас тартылды.

2012 жылдың І тоқсаны бойынша Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында 31 бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшін 12 конкурс өткізілді.

Конкурсқа қатысушылар саны – 81, олардың 33-і әйелдер (41%). Қатысқан барлық үміткерлердің білімдері жоғары. Конкурс қорытындысы бой­ынша 28 үміткер мемлекеттік қызметке қабылданды, 3 әкімшілік мемлекеттік лауазымдар бос күйінде қалды.

Қазіргі уақытта Астана қаласы бой­ынша әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадр резервінде 135 адам тіркелген, оның ішінде: «С-О» санаты бойынша – 67, «С-R» санаты бойынша – 14, «D» санаты бойынша – 17, «D-O» санаты бойынша – 31, «Е» санаты бойынша – 6 адам.

Әкімшілік мемлекеттік қызметке орналасуына байланысты 25 адам, мерзімінің өтуіне байланысты 22 адам кадр резервінен шығарылды.

Шенеуніктің басты қағидасы – халыққа қызмет ету. Оны ешуақытта ұмытпауы керек. Яғни, мемлекеттік қызметке келгендердің барлығы қарапайым халыққа қызмет етулері тиіс. Халықтың игілігіне жұмыс істеп, елге қолайлы жағдай туғызуы керек. Мемлекеттік органға шағымданған, жүгінген кез-келген адам, мемлекет көрсетуге тиісті қызметтің барлығын еш сергелдеңсіз, дер кезінде және са­палы түрде алуы тиіс.

Мұны мемлекет басшысы Н.Назарбаев та «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі, халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан, біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады»,-деп бірнеше мәрте қадап-қадап айтты. Елбасының айтқан бұл сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс. Мемлекеттік қызметші әрдайым халыққа жақын болуы керек.

«Ұлық болсаң, кішік бол» демеуші ме еді халық.

Ерлан ӘБЕН,
ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi Агенттiгiнiң
Астана қаласы бойынша Басқарма басшысы –
Тәртiптiк кеңес төрағасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button