Білім

Ермековтің есімі – ерен жауапкершілік

Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарына ел-жұрт үшін ерен еңбек еткен есіл ерлердің есімін беру жақсы үрдіске айналып келеді. Соңғы жылдары Астанада көптеген көше мен мектеп атауға ие болды. Атап айтқанда, былтырдан бері осы күнге дейін 70-ке жуық көшеге көрнекті тұлғалар мен жер-су аттары, 20-ға тарта мектепке, 2 мәдени ошаққа белгілі адамдардың есімі берілді. Астанадағы іргелі білім беру ошағының бірі саналатын №38 мектеп-лицейге қазақтан шыққан тұңғыш математик-профессор, Алаш зиялыларының соңғы тұяғы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлімхан Ермековтің ардақты есімінің берілуі ұжым мүшелерін қуанышқа кенелтті. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп сүйіншілесек те артықтығы жоқ.

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, драмашы, ұлттық әдебиеттің классигі Ілияс Жансүгіровтің: «Өз елін, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?» деп жырлағанындай, ұзақ уақыт бойы өз ерлерімізді елеп-ескермей, жаттың жақсысына жармасып, сөзіне тамсанып келдік. Ол халқымыздың кінәсінен, еліміздің ездігінен емес, күніміздің біреуге қараған кіріптарлығының салдары еді. Талай асылымыз бен жасынымызды жер қыла жамандап, атын атамақ түгілі, есімін де ескермей, елеусіз қалдырдық. «Әр заманның тұсында бір сұрқылтай» демекші, елдің тізгін-шылбыры жаттың қолында болып, соның айтқанына көніп, айдағанына жүріп, жетектегі аттай өмір сүрдік. Кешегі темір тегеурінді кеңес-совет заманының идеология шыр­мауынан шыға алмай, қағынан жеріген құландай өз көсемдеріміз бен шешендерімізден жерініп, ата-бабаларымыздың өсиетін тәркі еттік. «Жат жарылқамайды, өз өлтірмейді» деген ұлағатты сөздің қадіріне жетіп, қасиетін бағаламай, жаза бастық. «Күлшелі бала күліп жейді, жапырағын жұлып жейді» деп жат жұрттың қас-қабағына қарадық. Олар бізге тәуелді мен тәуелсіздік ұғымдарының аражігін ажыратып, үғындырып бергендей болды. «Өзіңді-өзің жаттай күт, жат жанынан түңілсін» деген қазақтың мақалындай, дербес ел болмай, көсегеміз көгермейтіні ақиқат еді. Екі тізгін, бір шылбыр қолымыз­ға тиіп, тәуелсіз ел атанған сәттен бастап етек-жеңімізді жинай бастадық. Еліміздің шаруашылық, мәдениет, ғылым, білім, тіл, ішкі-сыртқы саясат сынды алуан қырлы мәселелерін ешкімге жалтақтамай, өзіміз шешетін дәрежеге жеттік. Мектебіміз Әлімхан Ермековтің аяулы есімін алған мезетте тебіренбеген жан кемде-кем болды. Ер еңбегі еленбей қалмайтынына көзіміз әбден жетті. Әлекеңнің ұлы рухы жаңа буын, жас ұрпақпен көзге шалынбайтын аса нәзік сәулелер арқылы қауышқандай күй кештік.

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – сан қырлы талант иесі. Ол ғалым-ұстаз ретінде ЖОО мен техникалық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Ұлы математика курсы» атты еңбегін жазып, оқу құралы етіп ұсынды, ғалымның математикалық терминдерді қазақы ұғыммен астастыра беруі, оның шәкірт түсінігіне оңай, ұғынықты ықпал ететінін өмір өзі дәлелдеді. Белгілі жазушы Әнес Сарай: «Ахаңның жазуы (төте жазу) қазақтың миына сәйкестендіріліп жасалған, миына құйылып тұрады» деп жазғанындай, Әлімхан Әбеуұлының жасаған математикалық терминдері де қазақ баласына сондай ұғынықты әрі түсінікті болды. Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – энциклопедиялық білім иесі, ол өз заманында саяси, ұлттық, мемлекеттік мәселелерге де білек сыбана атсалысты. Қазақ тарихындағы ең атышулы, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасып келген екі дау бар. Ол – жер дауы және жесір дауы. Алаш қайраткерлерінің басты ұстанымы жерге байланған автономия құру болатын. Жерсіз ұлт, мемлекет болмайтынын, болашақ жоғын Алаш зиялылары өте жақсы түсінді. Құнанбай қажы Өскенбайұлының: «Халық өседі, жер өспейді» деген сөзінің маңызы мәңгілік өзекті болып қала береді. Біз мемлекеттік дербестікке қол жеткізгеннен бері территориялық (жер) дау­дан аманбыз. Бүгінгі әлемде 9-орынға ие болып отырған қазақ мемлекеті жер көлемінің аумағын негіздеп, іргетасын қалап, бекітіп берудегі Алаш қайраткерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. 1920 жылы тамыз айын­да Кремльде В.Ленин мен ­И.Сталиннің қатысуымен үлкен жиын өтеді. Оған әйгілі Алаш зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұрсынов, М.Дулатұлы, т. б. қатысты. Осы жиналыста қазақ жерін тұтастандыру жөнінде 29 жастағы Әлімхан Ермеков 7 сағаттай баяндама жасап, қазақ жерлерін тарихи, саяси, шаруашылық, демографиялық, мәдени-тұрмыстық тұрғыдан нақты фактілермен, бұлтартпас мысалдармен дәлелдеп береді. Соның нәтижесінде Ақмола, Семей губерниялары мен Қостанай уезінің Ресейдің Челябі облысына қарап кеткен қазақ жерлері республикаға қайтарылады. Сол уақытта қазіргі қазақ жерінің тұтастығы мен шекарасын шегендеудегі Әлімхан Әбеуұлының еңбегі аса зор серпіліс туғызды. Бүгінгі таңда еліміздің мәдениет, ғылым, білім беру мекемелеріне Алаш қайраткерлері есімдерінің беріле бастауы тәуелсіз еліміздің білім беру саласына соны серпін беретіні дау туғызбайды. Қаламыздағы іргелі білім беру ошағының бірі саналатын №38 мектеп-лицейге Әлімхан Ермековтей біртуар тұлға есімінің берілуі ұстаздар ұжымы мен оқушылар қауымы үшін мақтаныш әрі жауапкершілік жүктейді. Мектеп-лицей жаратылыстану-математика бағытындағы білім беретін ұйым қатарында болғандықтан, ұлы ғалымның еңбектерін басшылыққа ала отырып, тың бастамаларға ұйытқы болады деп үміт артамыз. Мектебімізде Әлімхан Әбеуұлының есімін ұлықтау мақсатында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Мектептің өнерпаз оқушыларының ұйымдастыруымен концерт беріліп, онда өнерлі балалар ән-күй орындап, Әлімхан Әбеу­ұлына арнаған өлеңдерін оқып берді. 9 «Ә» сынып оқушысы Хамит Сәкен Алаш ақыны С.Торайғыровтың «Таныстыру» өлеңін оқып, көпшілікті риза етті. Ол өлеңінде ақын Әлімхан Әбеуұлының Әлихан Бөкейханнан кейінгі екінші тұлға екенін айтып, күллі қазаққа жар салады. Бұл өлеңді естігенде толқып-тебіреніп, тұла бойыңды жігер билеп, шабыттанасың. Ол өз өлеңінде Әлімхан Әбеуұлы халқының жел жағына пана болған асқар таудай асқақ бейнесін өлеңмен өрнектеп, жастарға үлгі-өнеге етіп суреттейді. Салтанатты жиынның соңында мектеп басшысы Қ.Мұқанов мектептің тұтас қабырғасына ойып салынған Әлімхан Әбеуұлының алып мүсіні қашалған ескерткіш тақта барельефтің шымылдығын айқара ысырып, сүйіншілеп тұрып ашып берді.

Мектеп-лицей ұжымы – мұғалімдер мен оқушылар зор жауапкершілікпен болашаққа нық қадам жасады, осы үшін сөзде, істе, тілде бір болу – мақсат.

Мәулетқали РАХЫМБАЕВ,

Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

ҚР білім беру ісінің үздігі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button