Жаңалықтар

Байжігіт МӨЛДЕКОВ: Еттің сапасы қатаң бақылауда

Елімізде мал етіне қатысты бақылау күшейгені белгілі. Осыдан бір ай бұрын Қарағанды облысында бірнеше тұрғынның күйдіргі ауруын жұқтырып, екі адамның өлімі тіркелгені белгілі. Мамандар ветеринарлық бақылауды сақтап, кез келген орыннан малдың етін сатып аларда сақ болу керектігін айтуда. Осы ретте елордадағы ет мәселесіне байланысты Астана қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Байжігіт Мөлдековпен әңгімелескен едік.

000000000000000000

– Байжігіт Құрбанбекұлы, Астанада еттің сапасына ба­қылау қалай жүргізілуде?
– Астана қаласы бойынша 14 ішкі сауда орнында мал өнімдеріне ветеринарлық-санитарлық сараптама жүр­гізуге арнайы лицензия­лары бар бір мемлекеттік және жекеменшік зертханалар бар. Аталмыш зертханаларға жауапты мемлекеттік ветеринарлық дәрігерлер бекітілген. Олар қолданыстағы «Ветеринария туралы» заңға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарлары­нан алынатын өнімдерге берілген арнайы ветеринарлық ілеспе құжаттарын тексереді. Өнiмдерді ветеринарлық-санитарлық зертханада арнайы сараптамадан өткізіп, әрі қарай сатуға жіберуге рұқсат береді. Егер қадағалаудағы тауардың сапасына күдік туын­даған жағдайда, өнiм базар әкім­шілігінің жауапкершілігімен санитарлық тоңазытқышқа қойылып, республикалық вете­ринарлық зертханаға адам ден­саулығына қауіпсіздігін тексерту үшін жіберіледі. Зерт­­хана нәтижелері бойынша ауытқу байқалса, Қазақстан Респуб­ликасының заң талаптарына сәйкес шаралар қолданылады.
– Елордаға ет қайдан әке­лінеді?
– Басым бөлігі Астана қала­сының азық-түлік белдеуіне кіретін Ақмола облысы, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарынан күнде­лікті жеткізіледі.
– Осы ретте Ауыл шаруа­шылығы басқармасы сырттан келетін мал етіне сақтық шараларын қалай жүргізуде?
– Айта кетейін, Астана қала­сының Ауыл шаруашылығы басқармасы қалалық Ішкі істер департаментімен және аумақтық ветеринарлық инспекциясы арасында қаладағы ішкі сауда орындарына жануарлардан алынатын өнімдерді ветеринарлық құжаттарсыз тасымалдаудың алдын алу мақсатында бірлескен меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, Астана қаласында мал ұрлығының алдын алу және ветеринария мәселелері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын бірлесіп атқару мақсатында «Мал ұрлаудың алдын алу жөніндегі жоспар» бекітілген.
Елдегі ветеринария саласын­дағы қалыптасқан жағдайға байланысты Ішкі істер департаментімен бірлесіп, қалаға кіру бекеттерінде күшейтілген бақылау жүргізілуде. Яғни, Астана қаласының рубеж бекеттеріне аптасына 2 рет шығатын 4 жедел топ құрылған. Олар Қарағанды, Көкшетау, Астрахан, Павлодар рубеж бекеттері.
– Заң бұзушылықтар кездесе ме?
– Өткен айда аталған бекет­терде заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 10 жеке тұлға әкімшілік жазаға тартылды.
Атап айтқанда, шілде айының қорытындысы бойынша Павлодар және Қарағанды тас жолын­дағы рубеж бекетінде 316 бас ұсақ мүйізді малды және 2 жылқыны заңсыз тасымалдау деректері анықталып, мал иелеріне әкім­шілік шара қолданылды.
Сонымен қатар, қала аумағында жануардан алынатын өнімдері белгіленбеген орындарда сатудың алдын алу бойынша тұрақты түрде рейд жүргізілуде.
– Қала базарларында ветери­нарлық-санитарлық талаптар қаншалықты сақталады?
– Мемлекеттік ветеринарлық дәрігерлер қала базарларын күнделікті бақылау кезінде бір­неше бұзушылықтарды анық­тады. Мәселен, ветеринарлық анық­тамадағы мөр таңбасы мен ұшадағы мөр таңбасының сәйкес келмеуі, ветеринарлық ілеспе құжаттарды беруге құқығы бар ветеринарлық дәрігер­дің аттес­татталған дәрігер­лер тізімінде болмауы және авто­көліктердің талаптарға сәйкес келмеуі сияқты мәселелер кездеседі.
Жыл басынан бері ветеринария саласында заң талаптарын бұзғаны үшін 102 әкімшілік іс қозғалған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы
4 200 000 теңгені құрайды.
– Астанада арнайы мал сою орындары бар ма?
– Ветеринарлық дәрігерлер елордадағы 7 ет сою орнын күн­делікті қадағалайды. Сату үшiн сойылатын жануарды вете­ри­нарлық тексеру жүргiзбей союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен органдарына ветеринарлық-санитарлық сараптама жасамай өткiзуге жол бермейді. Астана қаласы аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын союға арналған Алаш тас жолы бойында «Айсу» ЖШС, «Агро Өнім Астана компаниясы» және «Нурбереке-555» мекемесі бар.

Әңгімелескен:
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button