Қала мен Сала

Газдандыру: қажетті құжаттар тізімі қысқарады

Елорданың экологиясына да, қала тұрғындарының өміріне де оң әсерін тигізетін көгілдір отын мәселесі – бас шаһардың басты проблемаларының бірі. Әсіресе, үйіне газ кіргізу үшін құжат жинау бойынша тұрғындар әкімдікке жиі жүгініп жатады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.

[smartslider3 slider=3064]

– Осыған дейін газға қосылу үшін міндетті түрде құжаттың 8 түрі талап етіліп, іс бірнеше айға (6 айдан аса) созылып кететін. Енді осыған байланысты құжаттар тізімін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Бұл шара Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында қабылданады. Бұған дейін Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерінің, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және т.б. қатысуымен Үкіметте арнайы кеңес өтіп, газға қосылу бойынша құжаттар тізімін қысқарту мәселесін қарастырдық, – деді А.Көлгінов.

Елорда әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда бас қаладағы Сарыарқа және Алматы аудандары толықтай газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынып, квартал ішіне желілер тартылды.

«Қазіргі кезде қала бойынша 14 мың абонент газға қосылды, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттар алды, сол сияқты 3,5 мыңнан астам (25%-дан астам) үй газға қосылды. Осыған қатысты бірқатар жеңілдіктер қабылданып, мұқтаж санаттағы тұрғындардың газға қосылуы үшін әлеуметтік көмек бөлінді. Оның мөлшері 413 мың теңгеге дейін ұлғайды. Қала тұрғындарының бәріне тегін түрде есептегіштер беріледі, сондай-ақ пайызсыз кредит беру бағдарламасы да бар.

Жазда Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын тарту жұмысын бастаймыз. Мәселен, «Ильинка» (Үркер), «Өндіріс», «Пригородный», «Телман» елді мекендері, «Family Village», «Garden Village» шағын аудандары және т.б. Сол сияқты «Шұбар» шағын ауданында жобалау жұмысы жүріп жатыр. Есіл және Байқоңыр аудандарында алдымен жеткізуші газ құбырын, ал келесі жылы квартал ішіне желілер саламыз.

Сонымен қатар ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де бас-аяғы 13 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. Ал ЖЭО-3 құрылысы қайта жанданды, құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қамтамасыз ету үшін 3 газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр» деді әкім.

Қолға алынған шаруалардың бәрі қаланың экологиясын жақсарта түседі. Газдандыру жұмысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button