Жаңалықтар

«Халық банкі» қарттарға құрмет көрсетті

Көктемнің жарқын мерекесі  – Наурыз мейрамын «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Астана өңірлік филиалының қызметкерлері елордалықтармен бірге қарсы алды.

Ұлыстың ұлы күнінде «Қазақстан Халық банкі» АҚ Астана өңір­лік филиалы да «Қазақ елі» мо­нументінің алдына ақшаңқан киіз үй тігіп, ата-баба салтымен бас ша­һар тұрғындары мен қала қонақ­тарына арнап мерекелік дастархан жайды.

Халқымыздың сүйікті мейрамына айналған жыл басы – Наурыз тойы күні Тәуелсіздік даңғылының бойына орналасқан «Қазақ елі» монументі маңына ағылғандар аз болмады. Олардың арасында еңбек ардагерлері мен қариялардың қарасы көп болды. Ұлыстың ұлы күніне арналған думанда «Қазақстан Халық банкі» АҚ Астана өңірлік филиалының директоры Нұрлыбек Ержігітұлы Сейдахмет қазына қарт­тарымыз – ақсақалдарымыз бен Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, жалпы мерекені тамашалауға жиналған барлық ағайынды Наурыз мейрамымен құттықтап, оларға айрықша құрмет көрсетті.

Наурыз – достықтың, ынтымақ пен ырыстың, берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпы жұртшылыққа ортақ болып, ұлыстардың ұйытқы болуымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналып келе жатқанын тілге тиек еткен Н.Сейдахмет дастархан басына жиналған жамағатқа жақсылық, дендеріне саулық, отбастарына береке-бірлік, ынтымақ пен ырыс тіледі. Үлкендер жағы банк ұжымына шынайы алғыстарын жеткізіп, бата берді. Сөйтіп, мерей­лі мерекеде киіз үйге бас сұққан әр адам қымыз бен наурыз көжеден дәм татып, дастарханға төгілген бауырсақтан, сондай-ақ, жент, ірімшік, құрт секілді басқа да ұлттық тағамның алуан түрінен ауыз тиді.

Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйдің іші халқымыздың күн­делікті тұрмысқа қажетті құрал-саймандары мен оюлы бұйым­дарына толған. Қолдан өрілген қамшы мен үкілі домбыра төрден орын алған. Одан әрі қатар-қатар ілінген сауыт, ертоқым, өрнекті белдіктер көздің жауын алады.

Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі ежелден халықтық мереке болатын. Бұл мереке әр уақытта хал­қымызда іргесі сөгілмеген бір­ліктің, еңселі ерлік­тің, ырыс пен бақ-бе­ре­кенің мере­кесі болып саналатын.
Жалпы, биыл­­ғы жыл – «Қа­зақ­стан Халық бан­кі» үшін ерек­­ше жыл. Бұ­­­ған дейін ха­­барлаға­ны­­мыз­дай, биыл «Қа­зақ­стан Халық банкі» АҚ-ның құрыл­ғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай, үстіміздегі жылдың басынан бері әр ай сайын банктің мерейтойына орайластырылған шаралар жалғасын табуда. Мәселен, қаң­тар айында банктің Астана қа­лалық филиалы «Алау» мұз айды­нында «Халық старт» акциясын ұйымдастырып, оған осындағы мектеп оқушылары, балалар үйлерінің тәрбеленушілері қатысты. Әртүрлі жарыстарда жүлдегер деп та­нылған балалар сый-сияпатқа ие болып, мәре-сәре күйде тарқасса, осындай игі шараның бірі ақпан айында елордамыздағы «Тілеп Қобыз» сарайында жалғасты. Бұл жолы «Халық өнері» бағ­дар­ла­масы аясында банктің демеу­шілігімен аталмыш сарайдың «Көк түркілер» фольклорлық ан­­самблі көпшілікке өз өнерін ұсын­­ды. Концертке ар­найы шақы­­рыл­­ған қонақтар қата­рын­да банк клиенттері: ардагерлер мен зей­­нет­­керлер, мектеп мұға­лімдері мен ақ халатты абзал жандар, яғни меди­­цина қыз­меткерлері болды. Көп­­шілікті мерейтойымен ортақ­та­суға ша­қырған «Халық банкінің» бас­шы­лығы осындай игілікті шараларды алдағы уақытта да жалғас­тыратынын жеткізді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button