Жаңалықтар

Халық қалаулылары кәсіпорындарды аралады

Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясына дайындалу аясында ха­лық қалаулылары елордамыздағы «LED Solution» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі мен «Тәкенов» жекеменшік кәсіпорнында болып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Мәслихаттың алдағы сессиясында «Елордадағы шағын және орта бизнесті қолдау және дамытудың жай-күйі мен барысы туралы» мәселе қарастырылмақшы. Осыған орай, Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшы­сының орынбасары Рыскүл Қауға­баева бас шаһардағы кәсіп­керлік ны­сандарын депутаттармен бірге аралады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда бас қалада 165 мың адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп жүр. Яғни, экономикалық белсенді халықтың шамамен 40 пайызы шағын және орта бизнес-пен айналысуда. Олар 1 трлн 52 млрд теңгенің өнімін шығарды және қызметтерін көрсеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,6 пайызға артық.
Жалпы, шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту кез келген ел эко­но­микасының негізі еке­ні бел­гілі. Бұл ретте дамыған елдер­дің тәжі­рибелері көрсетіп отыр­ғандай, ша­ғын және орта бизнесті қалып­тас­тыру мен дамыту экономи­каны нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды.

Президент Н.Назарбаев Қа­зақ­­стан халқына Жолдауында: «Жа­пония, Германия, Бельгия, Ита­лия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіп­орын­дары санының 90 пайыз­дан астамын құрайды, көптеген да­мыған елдерде олар жалпы ішкі өнім­нің 50 пайыздан астамын бе­реді. Сондықтан да біздің шағын жә­не орта кә­сіп­керлікті дамытудың түбі­рінен жаңа идеологиясын түзуі­міз қажет. Бұл кәсіпкерлік ортаның бас­та­­машылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек» деп айтқан болатын. Расында да, бүгінгі таңда әрбір іскер қазақ­стандық осы ортаға кірігіп, инно­вациялық экономикадағы өз орнын табуға тиіс. Осыған орай, отандас­тарымыздың бастамашы­лы­ғына кең өріс ашу үшін елімізде барлық жағдай жасалды, кәсіпкерлер ендігі жерде осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып жүр.

Қаламызда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сол бойынша 6 мыңнан астам кәсіпкер қамтылған. Елорда әкімдігі жанындағы Астана қаласын жеделдетілген индуст­риалды-инно­ва­ция­лық дамыту жөніндегі үйлес­тіру кеңесі бағдарламаны іске асыру барысында жалпы сомасы 38 911,5 млн теңгені құрайтын 195 жобаны мақұлдады. Оның ішінде жоғарыда аталған кәсіпорындардың да жобалары бар.

Депутаттар осыдан кейін «LED Solution» ЖШС-не ат ба­сын тіреді. Мекеме басшысы Қаны­­бек Ай­тақов мұнда қаладағы өнеркә­сіп­тік кәсіпорындарда, спорт ор­та­­лық­тарында, медицина­лық ме­кеме­лерде, көшені жа­рықтанды­ру­да және басқа салаларда қолданыла­тын сапалы свето­диодты өніммен қазақстандық на­рықты қамтамасыз ету бойынша жоба енгізілгенін айтты. Соның нәти­жесінде осы мекемеде 20-дан астам жұмыс орыны ашылған. Кәсіпорын жылына 60 мың дана светодиод шығарады екен.

Бұдан кейін қалалық мәслихаттың депутаттары елордадағы «АстанаЭкоСтандарт» және «СтальЦинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болды. Бұл кәсіп­орындар да ауқымды жұмыстар атқаруда. 2011 жылы қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік өнім­дерін өсіру үшін «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС жеміс-көкөніс өнімін өндіру және өңдеу» жобасы іске қосылған болатын. Міне, содан бері аталмыш кәсіпорын қала тұр­ғындарын жылдың төрт мезгі­лінде де көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Елорданың азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған бұл жоба іске қосылғалы бері жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Соның нәтижесінде қа­ладағы жұмыссыз азаматтардың ең­бекке орналасып, «екі қолға – бір жұмыс» табуларына мүмкіндік туды.

Ал, «СтальЦинк» ЖШС шыға­ратын металдық өнім құрылыста, өнеркәсіпте, машина және вагон құрастыруда, жиһаз құрылысында кеңінен қолданылады. Аталған жоба 2011 жылы іске асырылған болатын. Содан бері мұнда 46 жұмыс орны ашылыпты. Бүгінгі күні жобалық қуаттылыққа шығу кестесіне сәйкес, кәсіпорындағылар тегіс жұмыспен қамтылған. Осылайша, біз қала әкімдігінің елордада кәсіпкерлікті тұрақты және серпінді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасап жатқандығына куә болдық.
Нысандарды аралауға Астана қаласы мәслихатының хатшысы С.Есілов, мәслихат депутаттарымен бірге елордалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ұжымдарда келелі мәселелер кеңінен сөз болды. Олар алдағы уақытта өтетін дөңгелек үстелде және қалалық мәсли­хаттың сессиясында талқы­ланатын болады.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button