Имантаразы

ИМАНДЫЛЫҚ ІЛІМІ – ТӘРБИЕНІҢ ТҰНЫҒЫ

erm_8531

Осы аптаны иісі мұсылманның қасиетті мерекелерінің бірі Құрбан айтпен бастадық. Ағайын-жамағаттың арқа-жарқа болып, ақ тілек ақтарысып, дұға жасағаны өз алдына ғибрат. Осы күндері «Астана ақшамы» газетінің редакциясы елорда ақсақалдары мен дәстүрлі дінімізді насихаттап, бабалар ұстанымына беріктік танытып жүрген бірқатар азаматтардың басын қосқан. Дөңгелек үстел басындағы әңгіме-дүкенде исламның жастар тәрбиесіндегі орны, жат ағымдармен күрес жолдары, қазақ алыптарының ғибраттары және өзге де өзекті дүниелер сөз болды. Біз қаузаған мәселелерге сіз де көз жүгіртіп көріңіз, құрметті оқырман!

Қонақтар:
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ – ҚР Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, академик;
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері, публицист:
Омар ЖӘЛЕЛ – филология ғылымының кандидаты;
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН – филология ғылымының кандидаты, айтыс ақыны;
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы;
Марат БЕКТАЗИНОВ – «Нұр Астана» орталық мешітінің найб имамы.

Тілші: Қазіргі қоғам тәрбиесі мен Исламның ізгі амалдарын, яғни имандылық шарттарын, ізгілік иірімдерін қалай қабыстырып жүрміз? Төл дінімізбен қауыштық десек те, осы мәселе кемшін сияқты ғой.

Өмірзақ Озғанбаев: Елімізде, ислам әлемінде ұлық мереке тойланып жатыр. Соңғы жылдары Қазақстанда бұл мерекеге үлкен мән берілуде. Құрбан шалу кезіндегі көріністердің барлығы – төл дініміздегі, ата-баба дәстүріндегі құндылықтар. Айт намазында да азаматтардың, әсіресе, жастардың көп болуы халқымыздың ата-баба дініне бет бұрғанын көрсетіп отыр. Және айта кетерлігі, өткен жылы осында отырған азаматтар қасиетті Меккеде, нұрлы Мединада болған кезімізде біздің төрт жарым мың отандасымыз өздерінің қажылық парызын орындады. Бұл да үлкен көрсеткіш деп есептеймін.

Дін – халықты имандылыққа, ізгілікке тәрбиелеп келе жатқан үлкен өркениет. Біз, әрине, ұзақ жылдар бойы «Құдай жоқ», «Дін – апиын» деген қағидаларды ұстанып, бағытымызды басқа жаққа бұруға, құдайсыздыққа талаптандық. Соңғы жылдардағы тәуелсіздік өзіміздің ата дінімізге, құндылықтарымызға, мәдениетімізге, тарихымызға үлкен бетбұрыс жасатты. Осыған мүмкіндік берген дербестігіміздің жиырма бес жылдығы қарсаңында Астананың символы «Бәйтеректің» түбінде бас қосып, осындай ұлт мүддесіне қатысты мәселелерге тағы да бір ой жүгіртіп, пікір жарыстырып отырмыз.
Ұрпақ тәрбиесінде Ислам дінінің үлесі ерекше деп есептеймін. Себебі, асыл дінімізде көптеген құндылықтар бар. Өкінішке қарай, бір ұрпақ сондай құндылықтардан көз жазып қалды. Жаратушы Ұлы Алланың, оның жердегі ұлық діні дүниеге келген Меккеде, оның нығайған жері Мединада пайғамбарымыз Мұхаммед ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Бұл қасиетті Құран кітабымызда да, ардақты пайғамбар хадистерінде де ерекше айтылады. Енді біз де мұны өз тәрбие құралдарымызда пайдалануымыз қажет деп есептеймін.
Исламның ұрпақ тәрбиесіне қатысты мысалдарын былай айтуға болады:
«Мекке менен Медина жердің ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып кетеді үйдің іші»
дейді Шал ақын. Қандай орынды айтылған және ата-анасын, адамның қос әулиесін ардақтауы айрықша мәрмәр шаруа. Біз егер ұрпақ тәрбиесінде жастарды ата-анасын қадірлейтін дәрежеге жеткізе білсек, бұл – жетістік.

Кенжеболат Жолдыбай: Алдымен Өмекеңнің сөзін жалғай кетсем, тәуел­сіздіктің жиырма бес жылы ішінде біз жаңа, дербес мемлекет құрдық. Ол мойындалды, қалыптасты деп те жатырмыз. Бірақ, менің ойымша, біз әлі де қалыптасу үстіндеміз. Бүгінгі күні жаңа заманның, жаңа елдің, жаңа азаматтарын қалыптастыру қажет. Және осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Біреу білім беруде, біреу басқа да тіршіліктерін жасауда. Әйтеуір, мақсат біреу ғана.

Өмекең дұрыс айтты, біз бұрынғы жетпіс жыл бойы қандай жағдайда өмір сүрдік. Діннен, адамның ең қажет нәрсесінен өзімізді өзіміз айырып тастағандай күйге ұшырадық. Мұны сол кездегі саясаттың әсері десек те, жүрегінде иманы бар адам оны сақтап қалып жатты. Оны ата-аналарымыздан, кейбір қариялардан көрдік те. Соның әсерінен болса керек, тамырымызды сақтап қалдық. Осы тұрғыдан жаңаша тәрбиені қолға алу – өте маңызды және қажетті. Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы шыққан «Тәрбие» деген мақаласы бар. «Рұм халқын мықты қылған – тәрбие. Ескендір хакімді данышпан қылған – Сократтың тәрбиесі. Нейронды залым қылған да – Аристотельдің қате тәрбиесі. Істің ұқыптылығы, ауызбіршілік те – тәрбиеден» дейді онда автор. Міне, адамды түзейтін де, бұзатын да – тәрбие. Ал діни тұрғыдағы тәрбиенің маңызы өте зор. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жастармен жұмысын да қос қолдап қолдаймын.

Қазақта «Жаман адам – құдайшыл, тамағы жоқ адам – оразашыл, жұмысы жоқ адам – намазшыл» деген сөз бар. Адам қиыншылыққа тап келсе, құдайшыл болып кетеді. Бәріне Құдайды кінәлайды. Кейбір адамдар бар, мешітте ұйықтайды, мешітте түнейді. Өйткені, басқа жұмысы жоқ оның. Былайша айтқанда, ол – қоғамның масылы. Бірақ өзін дінмен бүркемелейді. Ал біздің мақсатымыз – діннің пайдалы екенін айту. 

Ал бұқаралық ақпарат құралдарының діни тәрбие бағытындағы орны қандай дейтін болсақ, барлығы керемет, төрт құбыласы тең деп айта салуға ертерек. Дейтұрғанмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Әсіресе, соңғы кездері осы мәселеге айрықша көңіл бөлініп отыр. Мұны үлкен жұмыстың басы деп есептеймін. Әсіресе, діни басқарма БАҚ-пен тығыз байланыста десем, қателесе қоймаспын. Десе де, бүгінгі күні біз көтеріп отырған тақырыпты насихаттау мәселесінде әлеуметтік желінің мүмкіндігі толықтай пайдаланылмай келеді. Есесіне, кері ағымдағы күштер бұл тұрғыда белсенділік танытып отыр. Мүмкін, осы тақырып бойынша тұрақты журналистер пулын ҚМДБ-ның жанынан жасақтау қажет шығар. Жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өз саласы бойынша білікті журналист мамандарды дайындау мәселесімен айналысып жатса да құба-құп. Жаңадан құрылған министрлік бұл ұсынысты қолдайды деген сенімдемін.

Тілші: Тәрбиенің бір жемісі көркем мінез емес пе? Ислам ұстанымдары да мұны құптайды. Алайда, дәл қазіргі таңда құбылаға қарап тізе бүккен жастардың арасынан осы қасиетті байқау қиындау…

Марат Бектазинов: Дін мәселесіне келетін болсақ, дін дегеніміз дәрет алу мен жайнамаздың арасындағы діни рәсімдердің жиынтығы емес. Дін – бүтіндей адам баласын екі дүниеде де бақытты қылатын Алла тағаланың бізге берген керемет қағидасы, ережесі, мейірімі. Кезінде Мұхаммед пайғамбарымыздан сахабалар келіп сұрайды: «Я, Расулалла! Дін дегеніміз не?» деп. Сонда пайғамбарымыз: «Дін дегеніміз – көркем мінез» деп жауап берген екен. Шын мәнінде, діннің жалпы мақсаты – адам баласының бойындағы жақсы қасиеттерді кемелдендіру, өзін жетістікке жеткізу.

Тарихшылардың айтуынша, пайғамбар заманында он адам дінге бет бұратын болса, соның тоғызы Мұхаммед пайғамбарымыздың көркем мінезіне тәнті болып, еріксіз дінге келген екен. Діннің ең бірінші міндеті тәрбие болғандықтан, осылай жалғаса береді.

Енді жастар мәселесіне келер болсақ, Аллаға шүкір, қазіргі таңда біздің елімізде, соның ішінде бас қалада дінге бет бұрған жастарымыздың көптігі қуантады. Осы мәселені ескере отырып, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ҚМДБ жанынан арнайы жастар ісі бөлімін ашты. Қазір барлық облыста жастармен жұмыс істейтін мамандар бар.

Ата-ана мәселесіне келсек, жұмақ – ата-ананың табанының астында. Ата-ананың ризалығы – Алланың ризалығы. Сондықтан, осы мәселені жастар арасында көбірек насихаттағанымыз абзал. Құранның көптеген жерінде «Маған ғана құлшылық қылыңдар, маған ғана сиыныңдар және ата-анаға жақсылық жасаңдар» деп, өзіне құлшылық етумен қатар, ата-анаға деген мейірімді өзімен қатар қояды. Намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа барумен пара-пар ата-ананың разылығын тану – Ислам дінінің берік қағидасы. Әрине, ата-анаға деген құрметті жастар арасында жиі насихаттасақ, қарттар үйіндегі қараусыз қалған қарттарымыз, тағы басқа олқылықтар болмас еді деп ойлаймын.

Соңғы кезде менің шәкірттерімнің өзін өзіме қарсы қойып қоятын ақындар пайда болды. Осының бәрі қайдан шығады? Мен бір шәкіртпен жұмыс істесем, олар он адам болып менің шәкіртіммен жұмыс істейді. Бұл – қауіпті мәселе. Және менің шәкірттерімнің көбі – жазба ақындар, мінберде жүрген азаматтар. Бәрі деп айта алмаймын, ішінара кетіп жатқандар бар өзге ағымға. Олардың сөзі айналасына өтімді. Ертең әдебиетіміз бен мәдениетіміз басқа ағымға кетіп қалатын болса, оны қайтару қиын болады.

Тілші: Исламды қазақтан, қазақты исламнан ажыратып ала алмаймыз. Өйткені, бабаларымыз асыл дінді дәстүрімен үйлестірген, қабыстырған. Алайда, бүгінгі исламның баба жолынан ажырап, алшақтап бара жатқаны байқалады. Тіпті, аға буынның кейбірі жастардың имандылыққа жаппай бет бұруынан қорқа бастағанын айтып жатады. Бұл – жат ағымдардың Қазақстанға ғана емес, жарты әлемге дендеткен қорқынышы. Енді біз жастарымыздың діндарлығын қолдай түсуіміз керек пе, әлде, аз-маз «тежеу» керек пе?

Омар Жәлел: Халықтың көңілі деген өте нәзік. Келген қауіпті бірден сезіп қояды. Қазақ халқы ислам дініне әу бастан сын көзбен қараған. Қазақта «Жаман адам – құдайшыл, тамағы жоқ адам – оразашыл, жұмысы жоқ адам – намазшыл» деген сөз бар. Адам қиыншылыққа тап келсе, құдайшыл болып кетеді. Бәріне Құдайды кінәлайды. Кейбір адамдар бар, мешітте ұйықтайды, мешітте түнейді. Өйткені, басқа жұмысы жоқ оның. Былайша айтқанда, ол – қоғамның масылы. Бірақ өзін дінмен бүркемелейді. Ал біздің мақсатымыз – діннің пайдалы екенін айту. Ислам дінінің социологиясы өте жақсы дамыған. Онда Шәкәрім атамыздың үлесі өте зор. Мәселен, ол «Шын ақылмен таппаған дін – дін емес, жындылық» дейді. Жастардың жынданып жүргендігі сол, ақылмен таппағандықтан дінді. Әйтеуір, жұрт барып жатыр мешітке, олар да баруда, жұрт жығылып жатыр сәждеге, олар да жығылуда. Қазіргі замандастарымыз «Бұлай дін ұстағанша, еліміздің атына кір келтіріп, ата-анасын зар илетіп, отбасын ойрандап Сирияға аттанғанша, дін ұстамаған жақсы» дейді. Дұрыс айтады. Біз осыған назар аудармай жүрміз.

Имам Раббани: «Егер адамның ақидасы дұрыс болмаса, ол шайттанның әскеріне айналады» дейді. Қазіргі уахабистердің шайтанның әскеріне айналып отырғаны, ақидаларының дұрыс еместігінен. Олардың ақидалары өздерін қолдамағандарды өлтіріп, мүлкін тәркілеуге мүмкіндік береді. «Кімде-кім бізді қолдамаса, оларды өлтіруге болады. Олар мүшіріктен де жаман» дейді. «Кімде-кім ақидасы дұрыс болып, бірақ амалы дұрыс болмаса, ол діннен шығып кетеді» дейді. Ал шын­дығында, ақидасы да, амалы да дұрыс бо­лып, ахлағы дұрыс болмаса, ол дін пайда бермейді.

Неге мінезі берік адамнан кеңес өкіметі қатты қорықты? Өйткені, өкімет орнағанға дейін үш жүз сексен көтеріліс болған екен, олардың денін ишандар басқарған. Өйткені, олардың мінезі дұрыс болған, жалған дүниеге сатылмаған, пара алмаған. Міне, содан бастап, медреселерде ахлақ, яғни мінезді түзеу іліміне тыйым салынған.

Абай атамыз неге мықты? Ол Ахмет Риза медресесінде оқығанда осы ахлақ ілімінің иелерін жатқа соққан.
«Физули, Шамси, Сәйхали,
Науаи,Сағди, Фердоуси,
Қожа Хафиз – бу һаммасы
Мәдәт бер шағири фәрияд»
дейді. Бұлардың бәрі – ахлақ ілімінің иелері. Мұны дінде «тасауф» дейді, біз сопылық ілімі деп жүрміз. Мінезді түзету ілімі деген – осы.
«Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хуснизән мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мумин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ»
дейді Абай тағы. Біз қайдан, не іздеп жүрміз? Бәрі мөлдіреп тұр ғой мұнда.
Иман – жаңғақтың сырты сияқты. Кешегі зұлымдық жасап, әйелдердің қарнын жарып жүргендердің бәрі «Лә иләһа, ил Алла» деп айтады. Ал сол жаңғақтың ішінде ядросы бар, яғни, өзегі, дәні. Ол жоқ болса, құр жаңғақ. Сол жаңғақтың ішіне бойлататын мінез түзету ілімі – ахлақ. Егер адам иманды тілмен ғана айтып қоймай, жүрекке енгізсе, ол мұсылманнан мүмінге айналады. Мүмін – иман келтіруші, шынай мұсылман. Біз осы қағиданы ұстанып, айнымауымыз керек. Сонда ғана нәтижесін көреміз.

Құранда «Худжрат» деген сүре бар. Сонда бәдәуилер Мұхаммед пайғамбарға «Біз мүмін болдық» деп айтты дейді. Сол кезде Алла тағала пайғамбарымызға уәһи түсіреді. «Ей, Мұхаммед, оларға айт, Сендер тек қана мұсылман болдыңдар, әлі мүмін болған жоқсыңдар, имандарың жүрекке кірмеді» дейді. Махамбет те: «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деген. Міне, бұл өте қауіпті, өйткені, ол біреу пара берсе немесе қорқытса, дінін сатып жібереді. Мәселен, біреу иогова, біреу кришнайт, біреу басқа да жат ағымдардың жетегінде кетіп қалып жатыр. Неге? Өйткені, иманы «тілде бар да, ділде жоқ». Мәшһүр Жүсіп атамыз: «Мұсылманшылық неден болады? Уағдаға опалы болумен болады» дейді. Бұл – уәдеге адалдық.

…Белгілі ақын Есенғали Раушанов Германияға барып келген соң: «Ей, аңғалдық, аңғалдық, алтынның үстінде отырып, біреудің күмісіне таңғалдық» деп айтыпты. Мен де өзіміздің аңғалдығымызға жаным күйеді. Біздегі мұсылмандық ілімі деген тұнып тұрған тәрбие ғой.

Тілші: Серікзат аға, енді сізден сұрасақ, төл дінімізді дамытуда айтыс ақындары ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосты деп айта аламыз. Десе де, кейбір сөз зергерлерінің соңғы жылдары кеудесінде иман болғанымен, сөзінде күмән бар сықылды ма? Ал ақынның сөзінің бұзылуы мұқым алашқа зиянын тигізеді.

Серікзат Дүйсенғазин: Негізі Құранда ақындарға байланысты түс­кен «Әш-Шуғара» атты сүре бар. «Ақындарға азғындар ереді, бірақ иман келтіргендерден емес» дейді. Сондықтан, Құранның өзінде ақындардың қоғамдағы рөлі анықталған. Қазір бізге келіп жатқан ағымдардың көбі алдымен ақындарды «ұстап» жатыр. Өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, бұл жерде ешкімді кінәлауға хақымыз жоқ. Дегенмен, кейбір ақындарымыз Тәңір дінін қайтадан әкелуді аңсайды.

Біздің басты мақсат – исламды дұрыс түсіндіру. Біз кезінде тізгінді босатып алдық. Екі тізгінді қатар ұстамағанның кесірінен әртүрлі ағымдар кіріп кетті елімізге. Оны тазалаудың өзі қазір қиын болуда. Мемлекеттік мәселеге дейін көтерілді. Оның зиянын көрдік.

Өзімнің түсінігімде, ақындардың бәрі бір бағытта жүруі керек. Олардың қоғамға әсері күшті болғандықтан, артынан көп адам ереді. Ақындар дегеніміз – айтыс ақындары ғана емес, жазба ақындары, журналистер де кіреді. Соңғы кезде, кейбір журналистердің басқа бағытта жүргенін байқап жүрмін. Олардың да ақындар сияқты қоғамға әсері күшті. Түрлі сайттар ашып алып, онда түрлі әңгімелер айтады. Оны өздері дұрыс деп ойлайды, сенеді.

Қазір үлкен буын өтіп бара жатыр. Көбі кеңестік сеніммен. Оларды түсінеміз. Сондықтан елге үлгі болатын ағаларымызды, қайраткерлерімізді пайдаланып, жастарды тәрбиелеуіміз керек. Уақыт өтеді, кетеді. Тек даналарымыздың сөзі қалады. Соны жеткізетін кімдер? Алдыңғы буын ағаларымыз, қайраткерлеріміз. Осы кісілердің және беделді ақындардың аузымен айтылғанда ғана жастарға пайдасы бар. Осы мәселеде бүгінгі басқосудың берері мол деп ойлаймын. Діни басқармаға өтініш ретінде айтарым, бабаларымыздың сөзін көп пайдалану керек. Абай, Шәкәрім аталарымыз керемет туындыларын хадистен алған. Соны өлеңге айналдырып, көркем формада әдемі жеткізген.

Соңғы кезде менің шәкірттерімнің өзін өзіме қарсы қойып қоятын ақындар пайда болды. Осының бәрі қайдан шығады? Мен бір шәкіртпен жұмыс істесем, олар он адам болып менің шәкіртіммен жұмыс істейді. Бұл – қауіпті мәселе. Және менің шәкірттерімнің көбі – жазба ақындар, мінберде жүрген азаматтар. Бәрі деп айта алмаймын, ішінара кетіп жатқандар бар өзге ағымға. Олардың сөзі айналасына өтімді. Ертең әдебиетіміз бен мәдениетіміз басқа ағымға кетіп қалатын болса, оны қайтару қиын болады.

Тілші: Тәуелсіздік алғаннан кейін төл мәдениетімен, дәстүрімен, дінімен, жалпы ұлттық құндылықтарымен қауышқан Қазақстанда исламға бет бұру өте үлкен серпінмен етек алды. Содан бергі уақытта дәстүрлі дініміздің ілгерілеуі мен дамуы жөнінде ой қозғасақ.

Ағабек Қонарбайұлы: Елбасы 2006 жылы әлемдік дін көшбасшыларының құрылтайында көкейде жүрген мәселені көтеріп еді: «Бұқаралық ақпарат құрал­дары басқа діндегілердің қасиетті сезім­дерін қорлауды ұшындыра түссе, онда бұл журналистердің ерте ме, кеш пе өз нанымдарының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын болады. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Бұл – қарапайым қағида, өкінішке қарай, оны журналис­тер мен саясатшылар жиі бұзады». Рас, біз кейде Ислам, имам, мешіт деген ұлы ұғымдарды сенсацияға айналдырып, өз дінімізді, өз наным-сенімімізді қалайша қорлап жатқанымызды білмей де, сезбей де қаламыз. Жуырда беделді бір сайтта «Мешіттің бұрынғы имамына қатысты сот үкімі шықты» деген тақырыпта ақпарат жарияланды. Ол имамдыққа дейін де, кейін де бірнеше мемлекеттік қызметте болған, түрлі салада жұмыс істеген. Мұндағы бар мәселе имам сөзіне тіреліп тұрғандай. Бұрынғы имамдық қызметінің қазіргі жағдайына не қатысы бар деген ойлар да мазалайды. Дін қызметкері «сүрініп» не «түшкіріп» қойса, соны сенсацияға айналдырып, арандатушы ақпарат таратуға бейім БАҚ өкілінің бұл әрекетін өзінің ар-ұяты мен намысына қалдырып қойғанымызбен, жұрттың жадында жағымсыз ой ұялайды екен. Алғашқы жалған ақпарат, теріс пікір тудыратын жаңалық қашанда бұқараның назарында, санасында қалады. Жүз аргумент немесе жүз факті сол бір өтіріктің орнын баса алмай қалатын жағдайлар да болады. Сот үкімі шықпай жатып, қастерлі ұғымдарды, дін қызметкерлерін жақсылыққа «қимай», жамандыққа жол ашуымыз, асығыстықпен байыбына бармай, арандатушы ақпарат таратуымыздың соңы өзіміздің опық жеуімізге, кіршіксіз дінімізге күйе жағып қоюымызға әкеп соғады. Ислам – кемел дін. Кемшілік – пендеге тән. Алайда, пенденің аз-кем кемшілігін айдай әлемге паш ету абырой әкеле қоймас. Біреуді жамандыққа қисақ, мұсылманшылығымыз қайда қалмақ?!

Біздің айтайын дегеніміз – дін нәзік мәселе болғандықтан бұл тақырыпқа байсалды қарау ләзім, аса жауапкершілік қажет. Сенім – адамға қайрат беретін күш әрі пенденің ең әлсіз тұсы деуге болады. Біреудің сенімін қорлаудан артық қиянат жоқ шығар.

Діни көзқарастар қайшылығы пайда болғанда кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері екі жақтың пікірін бірдей ұсынамыз дегенді алға тартып, дауласып жүргендерді «шаршы алаңға» шақырып, ал енді «бірің өліп, бірің қал» дегендей, пікірталасты төбеден тамашалап тұрады. Екі жақ бір-біріне базынасын айтып, мәмілеге келсе мейлі-ау. Қос тараптың қолдаушы оқырмандары «шаршы алаң» сыртында (мақаланың астына пікір жазып) өзара «төбелесті» бастап кетеді.

Салдарын айта берсе – сұмдық. Ал БАҚ басшысы жауапкершіліктен бұрын сайттың немесе газеттің таныла беруін тілейтіні байқалады. Қаншама жүректер «жараланды», қаншама ғайбат сөздер айтылды, қаншама жақсы ойлар жаман сөзбен былғанды десеңші… Ақпарат саласындағы осындай үрейлі үрдіс онсыз да бөлінуге «бейім» тұратын бізді одан сайын бөлуге ықпал етіп жатқанын несіне жасырайық?! Ақпараттық кеңістікте айтыс-тартысты іздеп жүріп жариялаудың жөні осы ма?

«Жақсы сөйле немесе үндеме» деген пайғамбар өнегесі бар. Осы хадис түйсікте жаңғырып тұрса қанекей!

Тілші: Біраз мәселенің мән-жайына үңілдік, түйткілді дүниелерді де ой түкпірінен шығарған жайымыз бар. «Ақшамда» айтыл­ған ақиқатты» қорытындылауды оқырман алдына тоссақ…
Әңгімелеріңізге көп рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button