Әлеумет

Індет цифрлы дәуір әлеуетін аңғартты

Жылдар бойы естіп келген цифрландыру туралы аңызымыздың ақиқаты бір жылда-ақ ашыла салды. Індет еліміздегі цифрландыру мен ақпараттандыру жүйесінің мүшкіл халін көрсетіп, көп жылғы былықты әшкереледі. Басымызға күн туғанда еліміздің шалғай аймақтарының әлі де ғаламтордан мақұрым жатқанын, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау көрсету салаларына да цифрландырудың иісі жетпегенін білдік. Дегенмен қолымыздан келгенше қайрат қылып, жоқтан бар жасағанымыз да өтірік емес. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бағдарламаны қайта қарауды тапсырды. Осылайша коронавирус ұйықтап жатқан «Цифрлы Қазақстанды» қайта оятты.Жыр болған 42500

Интернеттің әлегі ақысыз еңбек демалысына кетіп, жұмыссыз қалған азаматтарға өтемақы беруден басталды. Биліктегілер eGov порталы арқылы өтініш қалдыруға кеңес берді. Бұл хабарды естіген жұрттың бәрі жапатармағай порталға ағылып, бір сағатта 15 млн адам кіріп, сайтты істен шығарды. Кейін 42500.enbek.kz сайты ашылды. Бірақ ол да мұндай ауыртпалықты көтере алған жоқ. Бір жалақы алып, бір несиесін төлеп жүрген жұрт қауіпті індетке қарамастан ХҚКО-ға ағылды. Telegram-ботқа жолы болған 2 млн адам өтініш беріп үлгерген. Осы науқан кезінде еліміздегі интернет пайдаланушылар 3 есеге өскен. Мамандардың айтуынша, карантинде халқымыздың 40 пайызы күн сайын 7 сағатын ғаламторда өткізіпті. Өйткені басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы мобильді тарифтер су тегін. Интернеттің арзандығы жағынан әлемде 3-орындамыз. 2018 жылы Қазақстандағы цифрлы сауаттылық 77 пайызды құраған. Жоспар бойынша биыл 80, әрі қарай 85 пайызға жетпек еді. Бірақ сарапшылар пандемиядан кейін ғаламтор пайдаланушылардың саны күрт өсетінін, электронды қызметтер үшін арнайы орталық ашпаса болмайтынын айтып жүр.

Онлайн білімді де алдық

Интернеттегі проблемалар ақпараттандыру жүйесінде де қайталанды. 42500 теңгенің жыры бітпей жатып карантиндегі балалардың онлайн оқитыны белгілі болды. Жалғыз Қазақстан ғана емес, дүние жүзіндегі 1,5 млрд оқушы онлайн білім ала бастады. Қашықтан оқуды COVID-19 әкелмесе де, біз оған 10 шақты жылда көшіп қалар едік. Себебі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша e-learning және kundelik жобалары жүзеге асырылған. Өкінішке қарай, 30 млрд теңге бөлінген бұл электронды оқыту жүйесі аты бар, заты жоқ дүниеге айналғанына көзіміз жетті. Пандемия кезінде қашықтан оқыту мәселесі алдымыздан көлденең шыққанда, миллиардтап ақша бөлінген e-learning жүйесінің ізін де таппадық. Сонда жұмсалған қаржының далаға кеткені ме? Күнделік платформасының да жүктемеге жүйкесі шыдамады. Ғаламторы жоқ 1200 мектеп платформаларға қосыла да алмады. Ата-ана мен мұғалім әбігерге түсіп, жыларман болды. Ең күлкілісі ғаламторсыз отырған шалғайдағы ауыл балалары тапсырманы пошта арқылы алса, ғаламтор жылдамдығы әлсіз аймақтар WhatsApp желісі, телеарналардағы видеосабақтар арқылы оқыды.
Иә, індеттің әкелген қиындықтары көп болса да, коронавирус онлайн платформалармен жұмыс істеуді үйретті. Дәл қазіргі қашықтан білім беруде мұғалімге камерасы бар компьютер, жылдам интернет және планшет керек болса, оқушыға телефон мен ғаламтор ғана керек. Болашақта қабат-қабат мекемені тұрғызып, не болмаса оны жалдаудың қажеті де болмай қалуы мүмкін. Өйткені бөлменің бір бұрышына үстел мен тақта қойып, сабақ өте алатынымызға көз жеткіздік. Яғни бізге қажетті жабдықтардың экономикалық мүмкіндігі әлдеқайда азайды.

DamuMed-тің дәурені ­келер ме?

Жұртшылық үшін белгісіз болып келген DamuMed медициналық бағдарламасы енді ғана таныла бастағанда, дәрігерлер дауға қалып үлгерді. Коронавируспен сырқаттанған елорда тұрғыны Арай Ордабаева емханадан ем ала алмаған соң DamuMed қосымшасы арқылы дәрігер қабылдауына жазылмақшы болады. Бірақ ауыру тарихында Арай Ордабаеваны «шілдеден бері 4 рет дәрігерде емделген» деп көрсеткен. Бұған таңғалған науқас барлық қазақстандықтарға медициналық карталарыңызды тексеріңіздер деп әлеуметтік желіде дабыл қақты. Сайтқа кіргендердің бірі жүкті екенін, елде жарты жылдан бері тұрмайтын азамат дәрігердің қабылдауында болғанын біліп жағасын ұстады. Денсаулық сақтау министрлігінің тексерісінен кейін жарты жылда дәл осындай 13500 жалған дерек анықталған. Емделушілердің жеке мұрағатын рұқсатсыз толтыру дәрігерлерге не үшін керек? Өйткені гинеколог, офтальмолог сынды кейбір дәрігерлердің еңбекақысы қабылдаған науқастар санына қарай беріледі. Ал екіншіден бұған Үкіметтің коронавируспен күрескен емханаларға айрықша қолдау көрсетеміз деуі де себеп болуы мүмкін. Осылайша халық үшін онлайн емделудің қызығы ерте басылды.

Цифрлық сауаттылық

Соңғы жылдары әлем елдері бойынша интернеттің жылдамдығы жағынан 61-орыннан 66-орынға түскенбіз. Біздегі жылдамдық – секундына 41 Мбайт жуық. Әлемдегі орта көрсеткіш 75 Мбайт құрайды. «Цифрлы Қазақстан» жобасы 2017 жылы қабылданып, 3 жылда 80 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ендігі мақсат – осыдан сабақ алып, нәтиже шығару.
Олқылықтардың бетін ашқан карантин мүмкіндіктерге де жол ашты. Цифрлы дәуірдің жаңа баспалдағынан-ақ бұрынғы жиын-той азайып, халық саналы түрде әрекет етуге көшкен. Тіпті осы жылы «онлайн той» деген жаңа ұғыммен де қауыштық. Айтпақшы, жыл сайын мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, республикалық, халықаралық деңгейде өткізілетін конференциялар мен форумдар да онлайн жүйеге ауысты. Бір жағынан мемлекет бюджетін үнемдесе, бір жағынан билет, жататын орын, тамақ деген артық шығындарсыз да мазмұнды шаралар өткізуге болатынына көз жеткізді. Тағы бір байқағанымыз, онлайн сауда мен онлайн бизнес көбейген. Бұл да карантинге қарамастан қол қусырып жатпай еңбек етудің жаңа тәсілі. Халық цифрландыруға бейімделіп, онлайнға көше бастағаны сол еді, осы жаққа да әдеттегідей алаяқтар алдымен келді. Қоғамда әлі де цифрлық сауаттылықтың қалыптаспағанын пайдаланып, «Еgov порталынан қажетті құжаттарыңызды алып береміз» деп көпті тақырға отырғызғандар да кездесті. Ал ауылдағы ағайынға талшықты оптика желісі арқылы интернет жеткізіле бастағаны сол еді, зейнеткерлер «Салынып жатқан желі денсаулығымызға зиян екен. Тартпаңдар» деп шықты. Не керек, ел арасында цифрлық сауаттылықтың әлі де жетіспейтіні, түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүзеге аспағаны байқалып-ақ жүр.
Иә, карантиннен кейін әлем ғана емес, адамдардың өмір сүру дағдысы да өзгереді. Жұмыс берушілер қашықтан жұмыс істегендердің барлығын бірдей кеңсеге қайтармайды. Процесс онсыз да үзілмей тұрса, оларды ғимаратқа тығудың қажеті қанша? Онлайн оқу дәстүрлі оқумен бәсекеге түседі. Қысқасы, өзгеріске дайын болыңыз…

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button