Экономика

Индустрияландыру картасы: Елорданың үлесі – сегіз серпінді жоба

Индустрияландыру апталығының үшінші күні – 1 шілде аймақтардың қосқан үлесіне арналады. Осы орайда, соңғы үш жылда аймақтарда Индустрияландыру картасы бойынша 537 кәсіпорын ашылып, жаңа 142 өнім түрі шығарыла бастағанын айта кеткен жөн. Оған Астанамыз да айтарлықтай атсалысты.

Астанада сэндвич-панель шығаратын «Кровля НС», дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм-Астана» зауыты, «Абу Даби Плаза» көп функционалды кешенінің құрылысы, Есіл-Нұра арнасын қайта жаңғырту 2010-2014 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына қосылған. Сонымен қатар Ұлттық ғарыш агенттігінің даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «KazSat» жерсерік арқылы байланыс және хабар тарату жүйесін, ғарыш аппараттарын жинау-сынақтан өткізу кешені құрылысын, Жерді қашықтықтан барлау-бақылау жүйесін жасауды еліміздің инновациялық мега-жобаларының қатарына жатқызуға болады.

Еліміздің әкімшілік орталығы екендігіне қарамастан, Астананың өнеркәсіп, өңдеу салаларында алғашқы бестіктен көрінуі көп нәрсені аңғартады. Мәселен, алғашқы тоқсанда Астанада өндеуші кәсіпорындардың өндірген өнімінің мөлшері 62,2 пайызға артты. Ал елімізде бұрын-соңды игерілмеген 142 жаңа өнім арасында Астанада шығарылатын «Тальго» жолаушылар вагондары, локомотив пен электровоз, жарықдиодты шам, фотоэлектрлік модуль өндірісі бар.

Индустрияландыру картасы туралы тарата айтсақ, тек былтырдың өзінде жаңа өнеркәсіп орындары 913,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Ал өңдеуші салаға соңғы кездері іске қосылған кәсіпорындар 8%-дай үлес қосып отыр. Экономиканың негізгі көрсеткіштерінің бірі – еңбек өнімділігі химиялық өнеркәсіп салаларында 1,8 есе, машина жасау, фармацевтика мен жеңіл өнеркәсіп 1,3 есе, түрлі минералдық өнімдерді шығару өндірісінде 1,2 есе артты. Соңғы үш жылда іске қосылған 537 өндіріс нысаны 2,1 трлн теңгенің өнімін өндірді, 40900 адамды жұмыспен қамтыды.

Әлбетте, мұның бәрі бес жыл бойғы үздіксіз, ыждаһатты жұмыстың арқасында атқарылып отыр. Артқа қарайласақ, ауқымды реформалардың жүргізілгеніне көзіміз жетеді. Мысалы, экономиканың басым бағыттарын дамыту бойынша салалық бағдарламалар, бизнесті қолдау, аймақтарды дамыту бағдарламалары, Индустрияландыру картасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды. Елуге жуық заңға өзгеріс енгізілді, «Индустриалдық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы», «Еркін экономикалық аймақтар туралы», «Қуат тиімділігі мен қуат үнемдеушілік туралы» сынды тұралап қалған тұстарға қозғау салған жаңа заңдар күшіне енді. Инвесторларды тарту, экспорттаушыларды демеу, инновациялық технологияларды, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірқатар батыл шаруалар қолға алынды.

Әсіресе, нақты өндіріске негізделген экономика құрудың көп деңгейлілігін айрықша атап өткен жөн. Мәселен, отын-энергетика, пайдалы қазбалар, металлургия, көлік-логистика саласындағы стратегиялық маңызды ірі жобалар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жетекшілігімен жүзеге асырылуда. Оған балама ретінде мемлекет ел ішіндегі және Кедендік Одақ, Орталық Азия сияқты таяудағы тұтынушы нарықтарына лайықталған шикізаттық емес саладағы өнеркәсіптерге, импортты алмастыратын өнім өндіріп, шетелдегі озық технологияларды елімізге трансферт жасағысы келетін шағын және орта бизнес субьектілеріне қолдау көрсетуде. Ондай қаржылай көмектен постиндустриалдық кезеңге өту жолында коммерцияландыру кәдесіне жарайтын ғылыми-технологиялық ізденістер де тыс қалмайды.

Әділ АЛАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button