Жаңалықтар

Кампустық желі іске Қосылды

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушылары мен студенттері енді еліміздің түкпір-түкпіріне еркін телефон шалып, ғаламторды қалағанынша пайдалана алатын болды. Күні кеше «Астанателеком» ҚТО осы университетте заманауи кампустық ақпараттық желі құрылысын аяқтады.

Қазіргі заманғы заманауи технология адамдардың да жұмысын жеңілдетті. Бұрын студенттер алыстағы әке-шешесінен хабар алу үшін сөйлесу пункттерінде кезекке тұрушы еді. Қалтасындағы соңғы ақшасын қағып, телефонға төлейтін. Ал ғаламторға еніп, қажетті ақпаратыңды алу дегеніңіз тіптен күрделі іс болатын. Мұндай желі кітапхана секілді санаулы орындарда ғана бар-тын. Оның өзі ұзын-сонар кезек әрі ғаламторға кіру бақыты бірер сағатқа ғана созылады.

Ал қазір ше? Студенттер енді жатақханадағы бөлмесінен ұзап шықпай-ақ, үйіне, туған-туыстарына телефон соға алады, компьютерімен ғаламторды еркін шарлай алады.

≪Астанателеком≫ ҚТО-ның арқасында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті 4 студенттік жатақханасына, оның әр бөлмесіне, 2 оқу ғимаратына 500 іD TV және іD Phone байланыс нүктелерін іске қосып алды. Жылдамдығы да жақсы – 50Мбит/с .

Аталған байланыс желісі әмбебаптығымен, барлық ақпарат түрлерін (дыбыстық, бейнеақпарат, мультимедиа және телеметрикалық) бір мезгілде таратуымен ерекшеленеді.

Кампустық желі құрылысының жобасы туралы әңгіме алғаш рет өткен жылдың 6 желтоқсанында ≪Қазақтелеком≫ АҚБасқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев пен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевтың өзара кездесуінде қозғалған екен. Осы кездесуде кәсіби-тәжірибелік байланысты арттыру, заманауи ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласында білікті мамандар дайындау, студенттік жатақханалар мен университет ғимараттарындағы ғаламтор ресурстарының сапасын жақсарту жөніндегі екі жақты меморандумға қол қойылған.

Қос тараптың келісімі негізінде іске қосылған жоба профессор-оқытушылар құрамына, студенттерге заманауи телекоммуникациялық, ақпараттық технология мүмкіндіктерін оқу үдерісінде кеңінен қолдануға мүмкіндік беріп отыр.

Кампустық желі құрылысының аяқталуына байланысты университетте өткен жиында ≪Астанателеком≫ ҚТО бас директоры Ермек Қуанышбеков өзі басқарып отырған мекеме қазіргі заманғы байланыс технологиясы саласындағы тың жаңалықтарды қолданысқа енгізуге әрдайым әзір екенін, осы бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жалғаса беретінін атап өтті. ≪Инновациялық технологиялар білім сапасын жақсартып қана қоймай, өскелең ұрпақтың бiлiктілігін ұштап, шығармашылық қабiлетiн арттырары сөзсіз. Сондықтан біз енгізіп отырған жоба отандық білім берудің сапасын көтеруге тірек болатынына сенімдімін≫ дедіЕрмек Болатұлы.

Университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев аталған жобаның болашақ мамандардың сапалы білім алуына негіз болып, ақпараттық байланыстар арқылы білім, ғылым, кәсіби біліктілік бағытында тәжірибе алмасуды жетілдіруге ұйытқы болатынын айтты.

Ең бастысы, заманауи желі студенттердің оқуына үлкен көмек болғаны анық. Олар өзіндік жұмыстарды, рефераттарды, қажетті ақпараттарды алыстан іздеп әуре болмайды. Тіпті желілердегі ішкі байланыстар арқылы университеттің кітапханалық қорын ақтарып, дәрістерді тыңдап, зертханалық ізденістерге қол жеткізе алады екен.

Жатақхананың әр бөлмесінде телефоны бар студенттер байланыс пен ғаламтор желісіне он айға небары 7 мың теңге, яғни айына 700 теңге ғана төлейді.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button