ЖаңалықтарҚоғамҚұқық

Кешірім кімдерге жасалады?

Елбасы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында заң аясында азаматтардың қай санатына кешірім берілетіні түсіндірілді. Белгілі болғандай, биыл 28 мың адамға кешірім беру жоспарлануда.

bribe_2

Айта кетейік, аталмыш заң азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына рақымшылық жасауды көздейді. Олардың қатарына кәмелетке толма­ғандар, жүкті әйелдер, кәме­летке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар, I, II және III топтағы мүгедектер, елу жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс жастағы және ол жастан асқан ер адамдар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдар, әскери және интернационалдық борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері кіреді.
Сонымен қатар, заң шең­бе­рінде сотталған адамдардың жекелеген санаттары үшін жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін айыппұлмен немесе бас бостандығын шектеумен ауыстыру немесе оны қысқарту рәсімін қолдану мүмкіндігі пайда болады.
Жиында рақымшылық жасау актісі қолданылмайтын азаматтар туралы да айтылды. Террористік және экстремистік қылмыс жасағандар, рецидивистер; өмір бойына бас бос­тандығынан айыруға жаза­ланған, сондай-ақ кешірім жасау тәртібімен өлім жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар, бұрын рақымшылық жасалған немесе кешiрiм жасалған және қайтадан қасақана қылмыстар жасаған адамдар; қылмыстық топтар құрамында қылмыс жасағаны үшін сотталған, сондай-ақ қыл­мыстық заңда белгіленген бір­қатар өзге де қылмыстар жасаған адамдар рақымшылыққа ілінбейді. Жалпы, алдағы алты ай ішінде 28 мыңға жуық адамға кешірім беріледі деп күтілуде.
«Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығын атап өту қарсаңында Мемлекет басшысы бастама жасаған рақымшылық жасау туралы заң жобасы аза­мат­­­тық және саяси құқық­тар ту­ралы халықаралық акті­нің қағидаттары мен БҰҰ-ның қылмыстық сот төрелігі сала­сындағы басқа да құжат­тарын іске асыруды жалғас­тыратын мемлекеттің жаңа саясатының жарқын үлгісі» дейді ҚР Парламенті Мәжілі­сінің депутаты Қанат Мусин.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button