Жаңалықтар

«КОНСТИТУЦИЯ КӨШЕСІН МЕРЕКЕЛЕГЕНБІЗ»

Оразгүл АСАНҒАЗЫ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Сарыарқаның салқар төсіндегі байырғы Ақмоланың Астанаға айналуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатымен, көрегендігімен жүзеге асты. Бұл тарихи өңірдің ел кіндігі, Еуразия белдеуі екенін дәлелдеудің ең бір төте жолы-тын. Астана – егемендік алған елдің, оның Тұңғыш Президентінің ең дұрыс һәм тарихи таңдауы. Және Конституцияда да солай көрсетілді.
Қазақта «Жерімнің аты – бабамның хаты» деген жақсы сөз бар, ендеше Отанымыздың жүрегін, астанамыздың тарихилығын таныту – әлемнің алдындағы, елдің алдындағы елордалықтардың міндеті. Бабадан бізге мирас болып байтақ жер қалды, бай тіл қалды, керемет салт-дәстүр қалды. Осыны жандандырып, жас ұрпақтың санасына ендіру – Қазақстанда өмір сүріп, қазақты басқарып, қызмет етіп жатқан әр қазақтың адам алдындағы, құдай алдындағы парызы. Біз бүгін пайда болған халық емеспіз, тарихи халықпыз.
Елбасы осы өңір Астана болардың алдында Целиноградты аралап, сапарлап келді. Сонда журналистерге берген сұхбатында бұл қалада қазақша атаулардың кемде-кем екенін қынжыла айтқан еді. Дуалы ауыздан шыққан бұл сөзді жүзеге асыру сол кездегі саладағы азаматтардың үлкен міндеті болды. Араға көп уақыт салмай, бір аптаның ішінде шаһардағы жиырма жеті көшеге тарихи жер-су атаулары, қазақтың нартұлғаларының есімдері берілді. Содан бастап біртіндеп көшелер қазақшалана берді…
2006 жылдан Тілдерді дамыту басқармасына қызметке бардым. Сол тұста қалалық ономастикалық комиссияның құрамы жаңарып, Астанадағы үлкен мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, жазушы-ақындар, Парламенттің қос палатасының депутаттары қатарымызды толықтырды. Елбасының «Ғасырлар тоғысында» атты қазақ тарихын он үш кезеңге бөлген кітабында ұлтқа еңбек еткен, терін сарқып, қанын төккен талай тұлғаның есімі бар. Комиссия мүшелері сол есімдермен жыраулардың, батырлардың, шешендердің, ұлт зиялыларының, Алаш арыстарының тізімін жасап, Астана көшелеріне берді.
Сол тұста Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне сұхбат берген, сонда «Көшелерге адам аттарын бере беруге әуестенбеу керек. Қазақ жерге, суға ат қоюға шебер болған, Жасыбай, Бурабай, Көкшетау… қандай керемет, әуезді атаулар. Осылар да елорда көшелерінен көрініс табы керек» деп айтқан. Міне, содан кейін қазақ даласының төрт бұрышындағы жер-сулардың, тарихи оқиғалар өткен аймақтардың аттарын бере бастадық. Өйткені, Астана – бар қазақтікі. Енді мұнда қай түкпірден келген қазақ та өз өңірінің тұлғаларын былай қойғанда, тарихи атауларын кездестіреді. Бұл – сол кездегі Ономастикалық комиссия мүшелерінің еңбегі. Олардың ішінде қазір Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Нұрғожа Ораз, Хангелді Әбжанов сынды азаматтар ортамызда.
Бір айта кетерлігі, көше атауларын қазақшаландыруда Тілдерді дамыту басқармасы аудан әкімдіктерімен, Білім басқармасымен бірлесіп, ересен еңбек етті. Көше мерекелерін ұйымдастырды. Бұрыннан бар көше атауларын зерттеп, зерделеп, сол бағытта жұмыс істеп жүрген тарихшыларды шақырдық. Мәселен, алғаш аты ауыстырылған көшелердің бірі – Кенесары көшесі. Бастапқыда Карл Маркс деп аталған. Сонда жұртшылық арасында «Кто такой Кенесары?» дегендер болды. Міне, осындай сөздерді тудырмас үшін, хан Кенені барынша насихаттап бақтық, таныттық. Сол кезде ғой өзге ұлт зиялыларының «Орыстар мені кешірсін, алайда, Кенесарыға жететін орыста қолбасшы жоқ» деген орыс тарихшысы Павловтың тасқа басылған сөзін айтқаны.
Сарыарқа ауданы әкімдігінде қызмет етіп жүргенде ұйымдастырған ең үлкен шараларымның бірі – Конституция көшесінің мерекесі еді. Үлкен ауқымда атап өткенбіз мұны. Конституцияның ең бірінші бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» дейді. Осыны көпшілікке ұғындыра отырып, сол көшеде жастары тоқсаннан асып, жүзге жеткен үш қарияға кәсіпкерлер шапан жауып, сый-сияпат жасаған. Конституция күні Білім күнімен тұспа-тұс келеді ғой. Осыған орай, мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерге, көп балалы отбасындағы жеткіншектерге түрлі тартулар жасадық. Игі іске №1 мектеп-лицей ұжымы белсенді атсалысты. Ондағы көп оқушының есімдері де тарихи болып келеді екен – Әлихан, Мұқағали, Әлия… Бұл маңызды шарадан көшедегі еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, өнер, спорт салаларынан жетістігі бар азаматтар да тыс қалған жоқ.
Мұның бәрі Ата Заңымызға деген құрметіміз, сыйымыз, Конституциямыздың бізге берген мүмкіндігі, артықшылығы. Ал, Ата Заңымыздың арқасында халық өзінің ниетімен, өзінің пейілімен руханиятын жаңғыртты, тарихын танытты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button