Басты ақпаратҚала тіршілігі

Көше саудасына – 1000 орын

Жан бағу үшін жайма базарларды жағалап, көшелердің қалтарыс-бұлтарысында тұрып, жабайы саудадан нәпақа табатындар жоқ емес. Бірақ қалай болса солай жайрап жататын тауарлардың қала сиқын қашыратыны белгілі. Санитарлық тазалық сақталмайтын орындардан иістеніп, бұзылып кеткен тағамдарды алсаңыз, оның ауру тудырмасына кім кепіл? Осындай жайма базаршылардың жолын кесіп, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін «Көше саудасына арналған 1000 орын» жобасы жүзеге асырылуда.

630 павильон қызмет көрсетуде

2016 жылдан бері қолға алынған жоба бойынша бүгінде қаладағы 630 орын жеке кәсіпкерлерге жалға беріліпті. Павильондардың 228-і көкөніс пен жеміс-жидек сататын орын болса, қалған 208-і фаст-фуд, 75-і азық-түлік, 50-і гүл, 11-і газет-журнал, 2-еуі кәдесый саудасын дөңгелетуде. Сонымен қатар, бірен-саран аяқ киім жөндеу, тұрмыстық қызмет көрсету сияқты дүңгіршектер тағы бар. Осы жобаның арқасында қала қазынасына 1,1 млрд теңге инвестиция құйылған.
«Astana» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясы «Көше сау­­да­сына арналған 1000 орын» жо­­басының жетекшісі Сәкен Әділбековтің сөзінше, бір жылға жалға берілетін жердің шаршы метрі 20 мың теңгеден басталады. Егер жердің көлемі 20-30 шаршы метр болса, онда жалға алушы шаршы метріне 16 мың теңге төлейді екен. Жалпы, жалға берілетін жердің ең көлемдісі – 50 шаршы метр, ал ұзақ мерзімі – 7 жыл. Саудагер павильон айналасындағы 5 метр жердің тазалығын өз міндетіне алады. Сонымен қатар, оларға қойылатын тағы бір талап – павильондар, келісімшартта көрсетілгендей, ағаш яки темір материалдармен тұрғызылуы тиіс және орнынан қозғауға ыңғайлы болуы шарт. Өйткені ол мемлекеттің жері болғандықтан, онда кез келген уақытта жерасты кәріз жүйесін немесе кабельдерді ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізілуі мүмкін.

Жер конкурс, аукцион арқылы беріледі

Бизнес бастауға ниетті кез келген қала тұрғыны аталмыш жоба бойынша жұмыс істеуге құқылы. Ол үшін ең алдымен жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуі тиіс. Онымен қоса, банк­тен есеп-шот ашуы қажет. Одан кейін жеке куәлігі мен Салық комитетінен қарызының бар-жоғы туралы анықтама сұралады. Осы және өзге де тиісті құжатты тапсырған соң кәсіпкер өзіне ыңғайлы жерді алуына мүмкіндігі бар. Бірақ ол жерге басқа да үміткерлер көз тіксе, кәсіпкерлер арасында конкурс өткізіледі. Конкурстың нүктесін қоятын комиссия мүшелері – аудандық әкімдік қызметкерлері мен қалалық мәслихат депутаттары және «Атамекен» ҰК» АҚ кәсіпкерлер палатасының өкілдері. Олар ең алдымен үміткердің мемлекет алдындағы қарызының бар-жоқтығына баса мән беретін көрінеді. Егер конкурсқа қатысушының 1 теңге қарызы болса, басқаларға жол беріп алуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, комиссия үміткерлердің құжаттарына, ондағы ұсынылған қызмет түрінің бастағалы отырған жұмысына сәйкес келуін мұқият қарайды. Ал белгілі бір орынға үмітті кәсіпкерлер саны 4-еуден асса, онда ол жер аукционға шығарылады.
– 20 кәсіпкер бір жерді алуға ниет білдірсе, комиссияның шешім қабылдауы қиын. Ал аукцион арқылы үлестірілетін орындар кәсіпкерлердің сол жерден қанша табыс табуды жоспарлап отырғанына байланысты болады, – дейді жоба жетекшісі.
Мысалы, аукционға қойылған орыннан кәсіпкерлердің бірі айы­на 500 мың теңге табыс табуды көздесе, енді бірінің жоспары 3 миллион теңге болуы мүмкін. Демек, сол жерді жалға алуға екіншісінің мүмкіндігі көп деген сөз. Сонымен қатар, жобаның ережесіне сәйкес, кәсібін бастауға ниеттілер 50 АЕК көлеміндегі кепілдік жарнаны төлегенін растайтын банк белгісі қойылған төлем құжатын конкурсқа қатысу үшін басқа құжаттармен бірге өткізеді. Егер конкурстан өтпей қалған жағдайда, қаржы иесіне қайтарылады.

Жаңа жобаның әлеуеті зор

Алдағы уақытта құжат тапсыру, конкурс, аукцион жүйелерінің барлығы электронды түрде жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта «Көше саудасындағы 1000 орын» жобасының электронды платформасы, яғни блокчейн жүйесінің жобасы әзірленіп жатыр екен. Егер бұл жүйе сәтімен жүзеге асса, оның кәсіпкерлер үшін өте тиімді екенін айтады мамандар. Мысалы, үміткерлер бұрынғыдай тек таңнан кешке дейін ғана емес, тәулік бойы құжат тапсыруға мүмкіндіктері болмақ.
– Денсаулығына, отбасының қауіпсіздігіне әркім өзі жауапты. Сондықтан кез келген адам тұтынатын дүниелерінің сапалы болғанын қалайды. Бұл тұрғыда «Көше саудасына арналған 1000 орын» жобасының пайдалы жақтары өте көп. Атап айтсақ, қала көшелерінде тәртіп орнады. Бәсекелестік күшейіп, заңды түрде сауда жүргізетін кәсіпкерлер саны артты. Келісімшарт негізінде санитарлық талап та қатаң сақталады. Мысалы, балмұздақ сататындар арнайы қолғап киіп, нормаға сай тоңазытқыштар қояды. Сонымен қатар, алдағы уақытта мобильдік қосымшаның көмегімен павильондардағы QR кодтар арқылы қызмет көр­сетуші кәсіпкер туралы барлық ақпаратты алуға болады, – дейді Сәкен Әділбеков.
Оның айтуынша, бұрыннан заңды түрде кәсібін дөңгелетіп жүрген бизнесмендер ережеге сәйкес, «Көше саудасына арналған 1000 орын» жобасы бойынша үлестірілетін орындарды конкурс пен аукционға қатыспай-ақ бірден келісімшартқа отыруға мүмкіндіктері бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «жабайы сауданы тастаймын, заңды бизнес бастаймын» десеңіз, осы жобаға жүгінген жөн.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button