Қоғам

Күйзелістен қалай шығасыз?

«Сен күйзелістесің бе? Сені ешкім түсінбейді ме? Сен алдыңа қойған мақсаттарыңа жете алмайсың ба? Сенің табысты адам болғың келсе, біздің семинар-тренингімізге келіп өз өміріңді өзгертіп, табысқа кенеліп шығасың…» деген түрлі психологиялық практиктердің семинарларына шақыртуларды көріп, естіп жатамыз. Шынымен, күйзелісте жүрген адам үшін осындай мотивациялық сөздерді естіп, мүмкін өзгеріп, өмірінің мәнін тауып, табысты болуы мүмкін. Бірақ барлық жағдайларда емес. Себебі кей жағдайларда бұл деструктивті ағымдардың жетегіне кетіп қалуымен сипатталуда.

Дін адам өмірінде маңызды орын алады. Адам алғашқы қауымдық кезеңнен бастап айналадағы құбылыстардың себептерін білуге талпынған, әлем, өмір мен өлім, өмірдің мәні сияқты сұрақтарға жауап іздей отырып, ақылдан тыс бір құдіретті күштің бар екендігіне сенген.
Дін айналасындағы жан ұғымы ерте даму кезеңдердің өзінде-ақ денеден бөлек құдіретке ие түсініктер қалыптасқан. Жан дегеніміз – адамның, жан-жануарлардың (кейде өсімдіктердің де) бойындағы тіршілік қуаты. Діни дүниетанымда адамдарға жан беруші және оны алушы – Құдай. Бұл – барлық діндерге ортақ түсінік. Демек, жан иесі – Құдай. Ислам философиясында жан Алланың нұры немесе Алланың нұрынан жан пайда болады дейді. Қалай болғанда да жан адамға қатысты емес, ол Алла әмірімен болатын іс деп ұғынған. Жанның тәнге тұрақтаған кезі «жалған» өмір болса, тәннен бөлініп «ұшып» кеткен соң, ол «мәңгілік» ғұмыр кешу деп, о дүниеде жаратушы сұрақтарына жауап беретін де жан дейді. Философия тарихында жан туралы көптеген ғұламалар пікір айтқан. Мысалға Аристотель жан тәннің формасы десе, грек философы Плотин жан тәннің формасы емес, ол ақыл иесі дейді. Оның айтуынша, ақыл – тәнде емес, жанда. Ибн Сина өсімдіктер жаны, хайуанаттар жаны және адамдар жаны деп жіктеген, оның дүниетанымында «ақылсыз жан» деген түйсінік хайуанаттар жаны болса, ақылды жан иесі адам дейді. Мұндай жағдайда өсімдік жанның хайуан жанына, одан адам жанына өтуі немесе керісінше болуы мүмкін емес. Жанның бір денеден екінші денеге ауысуы – будда дініндегі түсінік. Жан мифологияда, көркем өнерде де түрлі образдарға негіз болғаны бізге белгілі.
Жан туралы ұғымды толықтыратын ғылымның тағы бір саласы психология болып табылады. Себебі психология грек тілінен «жан туралы білім» деп аударылады, ал теориялық негіздемесіне сәйкес адамдар мен жануарлардың мінез-құлқы мен психикалық процес­терін зерттейтін ғылым болып табылады. Психика – бұл тірі өмірдің пәндік әлеммен өзара байланысының жоғары түрі, олардың өз ниеттерін жүзеге асыру және ол туралы ақпарат негізінде әрекет ету қабілеттері. Психика арқылы адам қоршаған ортаның заңдылықтарын көрсетеді. Яғни психология жан туралы ғылым десек те болады, бірақ психология тәжірибесінде (практикасыда) жан ұғымы тек адамның жанын емдеу деген ұғымда ғана қолданылып, қарастырылады. Мұндай екі жақтық психологтардың діни ұғымдарды тереңірек түсінуге алып келіп, дін психологиясының шығу себепкері болды.
Дін мен психологияның үйлесімдігі ретінде қарастыруымызға болатын елімізде танымалдылыққа ие болып дамып келе жатқан ­психо-тренингтер, семинар, курстар аз емес. Олар адам өмірін жеңілдету, яғни күйзелістер мен қиындықтарды төтеп беру үшін мотивациялар мен кеңестерді берушілер деп қарастыра аламыз. Әлем елдерінде мұндай семинар, тренингтер бізге қарағанда әлдеқайда ерте дамып, өзіндік бір жүйеленіп, заңдастырылған болса, елімізде ондай тәжірибе мен тәжірибелі мамандардың тапшылығының әсеріне даулы мәселелерге себеп болуда. Мәселен, қандай да бір психологиялық білімі жоқ әлеуметтік желілер арқылы оқырмандарына ақыл айтып, үлгі болу тенденциясы көбіне әйел қауымына тән болып жатыр. Мұндай үлгілі мотиваторлардың өзі шетел психологтарының семинар, тренингтерінен үйренгенін қазақ дәстүрі мен дәстүрлі қазақтың діни сенімдерін исламмен ұштастырып, кейде дінге қайшы әрекеттерімен көзге түсіп жатады. Мысалға алсақ, Ж. есімді қазақстандық белгілі блогер, өзін рухани практик ретінде таныстыратын мотиватор исламдағы қазіргі өмірдің жалған екендігі туралы ұстанымды буддизмнің жанның ауысуы карма, сансара туралы түсініктерді ұластырып, бір ойға келтіріп, екі дінді де бір етіп шатастырып жатады. Рухани практик ретінде психологиялық тренинг курстарды жүргізу барысында Жанар аталмыш психологтар З.Фрейд, В.Франкл, Э.Фромм, т. б. ғалымдардың тәжірибесі мен еңбектеріне сүйенеді.
Рухани практика бұл ең алдымен адамның өзін-өзі бақылау және жеке басында болып жатқанын тек өзі ғана шешуі керек деген ұстанымнан тұрады. Елімізде психология, нумерология деген атпен тренинг курстарды өткізіп жүрген келесі Қ. есімді азаматша – елге танымал тұлға, блогер және әлеуметтік желі психологы. Мұндай танымалдылыққа ие тұлғалар өзін психолог деп айтқанмен, көпшілігі психологиялық білім иелері емес. Бірақ оған қарамастан, психо-тренингтерге халықтың белсенді қатысуын көреміз.
Мұндай «психолог-мотиваторлар» өздерінің тәжірибесін дін емес деп, ешқандай діни-нанымды дәріптемейтінін айтса да, діни тақырыптарды үстірті болсын айтып, тіпті біршама кеңестер береді. Осындай әлеуметтік желідегі танымалдылықты пайдаланып, тыңдармандарына өзіндік діндер тұрғысынан қайшылыққа толы рухани дүниені дәріптеп жатқанын тіпті өздері, сірә, байқамайды.

Н.ДИХАМБАЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін
зерттеу орталығының теолог-маманы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button