Мәселе

Өзбектер кетіп еді, зауыттар қаңтарылды

Құрылыс салдырып жатқан бір досым «жұмыс тоқтап қалды, кірпіш зауыттары жабық» деп бір тынып алды да, «солардың неге тоқтап қалғанын білесіз бе?» деп өзіме сұрақ қойды. Пандемияға байланысты десем, оның да әсері бар. Дегенмен қара жұмыс істейтін өзбектер індет жайлаған соң еліне кетіп еді, Қазақстанда көп өндіріс орны қаңырап бос қалды. «Жаңағы кірпіш зауыттары да жұмысшысының жоқтығынан тоқтап тұр. Неге соны қазақ жігіттері істемейді» деп кейіді.
Сенгің келмейді. Себебі қазір жұмыс таба алмай жүрген жігіттер қаншама, «тауықсыз да таң атады», Қазақстанда қара жұмыс өзбекке ғана қарап қалмаған шығар деп ойлап, Алматыда үй салдырып жатқан танысыма хабарласып, «осындай жағдай бар ма?» деп сұрадым.
– Бар болғанда қандай. Екі айлық карантин аяқталған соң, Алматыдағы 7-8 кірпіш зауытына бардым. Бәрінің жұмысы тоқтап тұр. Өзбектер кеткен екен, қазақ жігіттер «жұмыс ауыр, жалақысы төмен» деп келмей қойыпты.
Сауда орталықтарының, әуежайлардың маңында иісмай, сағат сияқты қымбат бұ­йымдарды арзанға сатып жүрген жігіттерді үнемі көремін. Бірде солардың бірінен суыртпақтап сұрағанымда, өзі үлкен бір супермаркетте күзетші болып істейді екен. Қожайынның көзі тайып кетсе, әлгінің өзі жымқырып, оны сырт­қа шығарып, арзанға сатады екен. «Оның не енді? Бұл ұрлық қой, тапқаныңды арамдап» десем, «аға, ауылда жұмыс жоқ. Қалада жалақым төмен, 70 мың теңгемен қатын-баламды қалай асыраймын?» дейді. Міне, біздің жігіттер аңсайтын жеңіл жұмыстың сиқы осы. Ал ауылда айына 150-180 мың теңге беріп мал бақтыратын адам таппай жүргендер жетерлік.
Қазақстанда «өзбектерге істетсең арзан істейді», «үйді өзбектер арзан салады», «екі өзбек қыруар жұмысыңды тындырып тастайды» деген сөзді көп естиміз. Құрылыс орындарына, үй салдырып жатқандардың маңайына барсаң, түйтіңдеп бірер өзбек жүреді. «Шанхай», «Артем», орталық базарда сауда жасап тұрғандардың дені – басқа ұлт азаматтары. Ал Қазақстанда өндірілген тауарлар туралы айт­пай-ақ қояйық. Керек болса, іш киімге дейін Бішкек пен Бейжіңнің өнімі. Соған қарап «Құдай-ау, Қазақстанда тым құрыса іш киім тігетін 100 әйел жоқ па?» деп күйіп кетесің.
Шыңжаңдағы ұйғыр­ларда бір қасиет бар. «Бір тамса да бикеме тамсын» дегенді өмірлік ұстаным қылған олар мүмкін болса өз ұлтының өнімін сатып алып, ұйғырлардың саудасын жүргізуге тырысады.
Қазақстанда жыл сайын ондаған өндіріс орны, зауыттар салынады. Оған мемлекет қаржылай көмек көрсеткенмен, жыл өтпей жатып соның көбі ­банкрот болып жабылып қалады екен. Былайша айтқанда, Қазақстанда өтірік зауыт құру да ақша жасаудың бір тәсіліне айналған сияқты. Мемлекеттің берген қаржысынан пайдаланып, өндірісті дамытайын, ауылдастарымды жұмысқа алайын деген ниет болмаған соң, орта, шағын бизнес қалай дамиды?! Оның үстіне, ішкі өндірісті дамытудан гөрі импортқа көбірек иек сүйейтін еліміз осыдан бұрын отандық өндірушілердің мүддесін қорғап, өз өнімімізді нарыққа шығаруға баса назар аударған жоқ.
«Өзбек істеген жұмысты қазақтар неге атқармайды?» десең, көп адам «қазақ жалқау» деп соғады. Бұл – ұшқары айтылған пікір. Көңіл қойса, қазақ азаматтарының қолынан келмейтін жұмыс жоқ. Қазіргі мәселе – жастардың көбі жан қинамай көп ақша тапқысы, оңай олжаға кенеліп, бір-ақ күнде миллионер атануды армандайтын сияқты. Бірақ «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, терлемей табар тиын жоғын көп жастар ескере бермейді. Яғни сана мен салтқа да сілкініс керек-ау…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button