Денсаулық

МӘМС: елордалықтар қандай көмек ала алады?

2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатыны белгілі. Соның аясында елорда тұрғындарына екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлім етті.

Оның біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Яғни, мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, барлық азаматтар емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады; әлеуметтік маңызы бар аурулар осы пакет негізінде тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандар ғана пайдалана алады. Көмек қажет ететін азаматтарға паллиативтік қызмет (көмек) көрсетіледі. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді.

Аталған пакет шеңберіндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек тұрғындар тіркелген емханалар тарапынан көрсетіледі. Мұндай көмек түріне профилактикалық екпелер мен скринингтер, жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау, созылмалы аурулар мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық бақылау сынды медициналық қызмет түрлері кіреді.

Ал екінші пакет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Оған табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін жоғары технологиялық медициналық қызметтер, ауруханаға жатуға себеп болған, асқынған ауруларды (эстетикалық мақсатта жасалған пластикалық операцияларды қоспағанда) емдеу, МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ, қанмен және қан компоненттерімен қамтамасыз ету, медициналық оңалту және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шаралары, емдік тамақтану, т.с.с кіреді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар?» деген сауалды жиі естиміз. Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның шамамен 40 пайызын өз қалталарынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Бір сөзбен айтқанда, отбасының бір мүшесі ауыра қалса, көңіл-күйден бөлек, отбасы бюджетіне де едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы міне, осында.

Тағы бір айта кетерлігі, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұрсұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, биыл елордада мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 93 медицина ұйымының 58-і – жеке меншік. Былтырғы жылмен салыстырғанда жекеменшік клиникалар саны 9-ға көбейген. Бұл сан 2020 жылы бұдан да көбеюі мүмкін. Яғни, медицина ұйымдарының арасында бәсекелестік артып, медициналық қызмет сапасы артады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button