Жаңалықтар

Мейрам мейiрiмi

Кеше Астана қаласындағы Балалар үйiнде Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамы тойланды. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бұл күнi ұлттық ас-ауқат толы дастарханнан дәм татып, наурыз көже iштi.
Жаңа туған сәбиден бастап, төрт жасқа дейiнгi 75 бала мекендейтiн мамандандырылған мекемеде Наурыз мерекесi жыл сайын тойланып келедi. Биылғы жылы да сәбилердi шаттыққа бөлеген тосын сыйлар аз болған жоқ. Балалар үйiнiң тәрбиешiлерi бiрi – Қожанасыр, бiрi – Тазша бала, бiрi – Қыдыр ата, ендi бiрi Домалақ ана болып интермедиалық көрiнiстер қойды. Әсiресе, Домалақ ана рөлiнде ойнап, балаларға мемлекеттiк тiлде мейiрлi сөзiн арнаған Ирина Верховет көптi риза қылды.
Кешке қонақ ретiнде Чехия, Ресей, Украина, Латвия, Эстония елдерiнiң Қазақстандағы елшiлерiнiң жұбайлары, министрлiк өкiлдерi, Балалар үйiндегi әрбiр қуанышты сәттi құр жiбермейтiн жомарт азаматтар қатысты. Балалар үйiнiң басшысы Гүлнәр Құлұшева қамқорсыз балаларға қайырымдылық көрсетiп жүрген азаматтарға арнайы алғысхаттар тапсырды.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button