Мәдениет

Муфаса мақалдап сөйлейді

1990-шы жылғылар үшін балалық шақтың символына айналған «Арыстан Патша» фильмнің ремейкі республикалық прокатка шықты. «Болашақ» корпоративтік қоры «Диснейдің» кезекті туындысын қазақша сөйлетті.


Әділет пен адалдық үшін күрескен саванна мекендеушілері туралы бұл анимациялық туындыда аңдар патшасы Муфасаның мұрагері Симбаның өмірі баяндалады. Бір қуанарлығы, дубляж режиссері фильмді қазақшалауда оқырманның құлағына барынша сіңісті қазақшаны қолдануға тырысқан екен. Мәселен, анимациялық туындыдағы негізгі кейіпкерлердің бірі Муфасаның інісінің есімін Ызғар деп атағаны – соның дәлелі.
– Кейіпкердің түпнұсқадағы аты – Scar, ол орысшаға «Шрам» деп аударылады. Ал қазақша баламасы «Тыртық» құлаққа түрпідей тиеді әрі контекске де келіңкіремейді. Ақыры режиссердің ұсынысымен «Ызғар» деп атағанды жөн көрдік. Бұл сөз кейіпкердің қатігез мінез-құлқын да дәл береді, оның үстіне оның дыбысталуында арыстанның ырылы да бар, – дейді Aray Media Group студиясының негізін қалаушы, продюсер Айгүл Қыдырғалиқызы.
Сонымен қоса, фильмнің басқа кейіпкерлерінің сөзі де өз қасиеттеріне лайықталып құрастырылған. Прайдтың иесі, күллі саваннаның әміршісі Муфаса арыстан бір қарағанда елге ақылын айтар абыз ақсақалды еске түсіреді. Оның фильм барысында мақалдап сөйлеуі сол сипатын әбден ашып тұр.
Көрерменнің ішек-сілесін қатырған қаһармандар Тимон мен Пумба жайлы да айтпай кетуге болмас. «Акуна Матата» деген ұрандарымен әрқашан көңілді жүретін қабан мен сурикаттың рөлдерін Жәнібек Мұсаев пен Дәурен Серғазин дыбыстаған.
– Пумбаның рөлін әуелде Сағадәлді Үсібәлі ағамызға берген екен. Оразаның кезі болса керек. Сонда Сағи ағамыз «Ораза кезінде халал рөл табылмады ма?» деген екен. Пумба қабан ғой. Сол айтпақшы, «харам» рөл ақыры маған бұйырыпты, – деп күледі актер Жәнібек Мұсаев.
Қос кейіпкер бір-бірін қазақы қалжыңдармен қағытады. Кей тұста қазақша мақал-мәтелдерді өз икемдеріне қарай түрлендіріп алғаны да сәтті шыққан. Әсіресе, семіз бунақденеліні «жәукемдеген» Тимон «Қуырдақтың көкесін құрт сойғанда көресің» дегенде, еріксіз езу тартасың.
Мың рет естігеннен бір рет көрген артық. Қазіргі таңда «Арыстан патша» фильмі отандық кинотеатрларда қазақ және орыс тілдерінде көрсетілуде.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button